ТҰЛҒАМЕН КЕЗДЕСУ – ТӘРБИЕНІҢ ТЕРЕҢ ТАМЫРЫ
Аудан орталығындағы №262 мектеп-гимназиясында ел мен жерге адал қызмет етудің өнегелі жолын көрсеткен, Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі Ұзақбай Қарамановтың досы, Арал өңірінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қадірлі тұлға – Құдайберген Саржановпен тағылымы терең, мәні бөлек рухани кездесу өтті.Шара Ұзақбай Қарамановтың қоғамдық музейін аралаудан бастау алды. Қонақтар мен қатысушылар мемлекет және қоғам қайраткерінің өмір жолына үңіліп, ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегімен танысты. Музей төріндегі құнды жәдігерлер жас ұрпақ үшін рухтың шамшырағына айналды.Кездесу аясында жаңадан жабдықталған заманауи география кабинеті салтанатты түрде ашылды. Интерактивті құралдармен толықтырылған кабинет оқушылардың ғылымға деген ынтасын арттырып, ой-өрісін кеңейтеріне сенім мол.
Кеш барысында ұстаздар ұжымының дайындауымен Құдайберген Саржановтың өмір жолына арналған әсерлі сахналық қойылым ұсынылды. Жан-тәнімен сомдалған бейнелер көрермен жүрегіне жол тауып, елге қызмет етудің асқақ рухын айшықтай түсті.
Кездесудің ең әсерлі сәті – қадірлі қонақпен өткен ашық әрі шынайы сұхбат болды. Өмірден түйген ойы, еңбек пен елдік туралы өнегелі сөздері жас буынға бағыт-бағдар беріп, жүректерге шуақ шаша түсті.
Шара соңында Құдайберген Саржанов өз авторлығындағы жаңа кітаптарын мектеп кітапханасына табыстап, жас ұрпаққа рухани қазына сыйлады. Бұл еңбектер – елін сүйген ер болуға үндейтін, сананы серпілтер құнды мұра.
Осындай мазмұны терең, мағынасы биік кездесулер – өскелең ұрпақтың рухын шыңдап, болашағына шамшырақ болмақ.
Н.МАРАТ









