Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Ұзақбай Қарамановтың есімі ұлықталды

Ұзақбай Қарамановтың есімі ұлықталды

Еліміздің құрылыс ісінің аса көрнекті майталман қайраткері, халық құрметіне бөленген азаматтарымыздың бірі, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болып қызмет атқарған Ұзақбай Қарамановтың Арал ауданы, Ұялы ауылында дүниеге келгені баршаға мәлім. 2017 жылы өмірден өткен Ұзақбай Қараманұлының биыл 85 жылдық мерейтойы. Бұл мерейтой аймағымызда кеңінен аталып өтті.
Иә, облыс орталығы Қызылорда қаласында тәуелсіз елдің тұңғыш Премьер-Министрі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановқа көше атауы берілді. Бұл шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламентінің Сенаторы, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Жұмағұлов, қоғам қайраткері, ардагер Самұрат Имандосов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және Ұ.Қарамановтың әулеті мен қала тұрғындары қатысты.
Игілікті шарада сөз сөйлеген облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов Ұ.Қарамановтың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі мен өнегелі жолын барша жұртшылыққа дәріптеу керектігін тілге тиек етіп:
– Елі мен жері үшін толағай қызмет атқарған ұлы адамдардың өмір жолы болашақ ұрпақ үшін әрқашан өнеге. Бүгін Сыр төрінде есімі алты алашқа танылған, нар тұлғалы азаматтардың бірі – Ұзақбай Қарамановтың есімін ұлықтауға жиналдық. Кеңес Одағы заманында өндірістердің жұмысы тоқтап, әлеуметтік мәселелердің күрделенген кезеңінде жауапты қызмет атқарып, аянбай еңбек етті. Қайраткер тұлғаның есімі елге ғана емес, алыс- жақын шет мемлекеттерге де белгілі. Ол құрылыс және сәулет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның Астана мен Алматы секілді алып шаһарлардағы теңдессіз ғимараттардың авторы екендігін барша жұрт жақсы біледі. Сол себепті Сырдың тумасын ұлықтау, оның еңбегін болашақ ұрпаққа насихаттау біздің парызымыз, – деді.
Сонымен қатар қоғам қайраткерлері мен ардагерлер сөз сөйлеп, Ұ.Қарамановтың өмір жолын, естеліктерін, ел үшін еткен елеулі еңбегін ұлықтап, жиналғандарға өнеге болатындай сөз айтып, құптарлық шараның бастамашысы болған жандарға алғысын білдірді. Ұзақбай Қараманұлының жұбайы Ұлдай Рахметоллаеваның да ерекше қасиеттерін сөз етті.
Мұнан бөлек облыс орталығында Ұзақбай Қараманұлының 85 жылдығына орай конференция өткізіліп, арнайы ас берілді.
"Толқын" ақпарат
---
30 қыркүйек 2022 ж. 428 0