Ұлттық құндылық – ұлт болмысының өзегі
Партияның «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүр мен рухани мұраны дәріптеу мақсатында «Вокзал» бастауыш партия ұйымында мазмұнды дөңгелек үстел өтті.Шараға партия мүшелері, бастауыш ұйым белсенділері және сала өкілдері қатысып, ұлттық болмысты сақтаудың маңызы, рухани сабақтастық пен құндылықтарды жас ұрпақ санасына сіңіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында алғашқы сөз бастауыш партия ұйымының төрағасы Кенжебек Шарапатұлына берілді. Ол өз сөзінде ұлттық құндылықтардың ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды.
— Ұлттық құндылық – бұл өткеннің ғана мұрасы емес, болашаққа бағытталған рухани бағдар. Ана тілі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, отансүйгіштік пен үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттер ұлттың болмысын айқындайды. Осы құндылықтарды сақтау және дәріптеу – әр азаматтың, әр партия мүшесінің ортақ міндеті, – деді ол.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ұлттық тәрбиенің қоғамдағы орны, жаһандану жағдайында ұлттық ерекшелікті сақтаудың тетіктері, жастар арасында ұлттық сана мен патриоттық рухты күшейту жолдары жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, «Ұлттық мұра» партиялық жобасының негізгі бағыттары мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар таныстырылды.
Жиынға қатысушылар мұндай тағылымды кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді. Шара соңында ұсыныс-пікірлер айтылып, рухани мұраны сақтау жолындағы ортақ мақсат төңірегінде бірлесе жұмыс істеу керектігі баса айтылды.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтау – ұлттың рухын асқақтатып, ел болашағының берік негізін қалыптастыратыны сөзсіз. Осы бағыттағы партиялық жобалар қоғамда ұлттық сананы жаңғыртуға серпін беретіні анық.
#АМАНАТ












