ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ - ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТАРИХИ ТҰЛҒА
Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдық мерейтойына орай «Әлихан Бөкейханов – тарихи тұлға» атты тағылымды танымдық кеш өткізілді.Тағылымды шарада алдымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Махатов сөз сөйлеп, Әлихан Бөкейханов болашағын білім мен ғылыммен байланыстырған кемеңгер тұлға екенін атап өтіп, ұлт мұрасын ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.
Кеш шымылдығы аңыз арыстың өмірі мен қайраткерлік болмысын бейнелейтін театрландырылған қойылыммен ашылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Танымдық кеш барысында сахна төрінде әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күй орындалып, ұлттық би ұсынылып, әдеби композициялар арқылы ұлы тұлғаның нақыл сөздері айтылды. Өнер мен руханият үйлесім тапқан бұл кеште көрермендер қазақ халқының бай мәдениеті мен Алаш арыстарының асыл мұрасын тағы бір мәрте терең сезінді.
Бұл тағылымды шара – тәуелсіздіктің қадірін ұғындырып, ұлт тарихына тағзым етуге бағытталған маңызды рухани кеш ретінде қатысушыларға әсер сыйлады.











