«Ұлт рухын ту еткен тау тұлға» атты тарихи-танымдық кеш өтті

Іс-шараға «Сыр медиа» ЖШС қызметкерлері, С. Лапин атындағы №261 мектептің ұстаздары, оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты. Шара барысында «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Жұмабекқызы Т. Жүргенов атындағы шығармашылық үйінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ал қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Батырбеков Әзиз Жұмаділдаұлы ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист, ұлттың кемел келешегі үшін аянбай қызмет еткен қайраткер тұлғаның ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолы жайлы ой өрбітті.
Сонымен қатар жас оқырмандар Н. Қанибек, Қ. Барысбай, Ә. Ізбасар, Н. Зейнулла қазақ өнері мен әдебиетінің кең қанат жаюына қыруар тер төккен Алаш ардақтысы Т. Жүргеновтің монологін, Ә. Рахымбекұлының, А. Рахметовтің, Ж. Әбдірейімұлының арнау өлеңдерін оқыды және С. Жаппасбай мен Н. Зейнулла халық әні «Ақ толғайды» нақышына келтіре орындап, кеш ажарын ашты.
Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік және қаламгерлік тұлғасы жайлы кең көлемді «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» атты кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу жасалды.





