Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарлығаштай қанатымен су сепкен

Қарлығаштай қанатымен су сепкен

Көктемнің шуақты күндерімен бірге көк жүзін қақ жарып жететін қарлығаш – қазақ танымындағы ең қастерлі құстардың бірі. Оның сыңғырлаған үні табиғаттың оянғанын, тіршіліктің қайта түлегенін сездіреді. Халқымыз қарлығашты береке мен бірліктің, мейірім мен адалдықтың, жанашырлықтың нышаны деп бағалаған. Сондықтан оның ұясын бұзбай, қанатына қиянат жасамауды ұрпақ санасына сіңіріп отырған.
Ертеде орманды алапат өрт шарпығанда жан-жануардың бәрі жан сауғалап қашыпты. Кіп-кішкентай қарлығаш өзеннен тұмсығына бір тамшы су алып келіп, жалынның үстіне қайта-қайта тамызады. Мұны көргендер: «Бір тамшы сумен өртті өшіре аламын деп ойлайсың ба?» деп күледі. Сонда қарлығаш: «Өшіре алмасам да, мен жақсылықтың жағында екенімді көрсетемін» деген екен. Осыдан кейін «қарлығаштай қанатымен су сепкен» деген қанатты сөз ел үшін титтей болса да еңбек еткен жанға арналған теңеуге айналды.
Киелі құс жайлы сөз қозғағанда отбасын құрып, шалғай ауылға келін болып түскендегі ерекше мезет есіме оралады. Мен төрт түлік малын тел өргізген, төскейінде тіршілігі қайнаған Арал өңіріндегі үлкен әулеттің қарашаңырағының босағасын аттадым. Сол шаңырақтың шаруа жайын үйреніп қалған кезім. Жаздың күні үйдің есігі үнемі ашық болады, күнде таң білінер сәтте сол үйдің маңдайындағы керілген сымға екі қарлығаш қонақтап алып тоқтамастан шықылықтайды. Дауыстары сондай құлаққа жағымды, бейне бір «тұр ұйқыңнан, тезірек күн түспей шаруаңды тындырып ал» деп маған ескерту айтқандай болады. Орнымнан тұрып қолыма шелегімді алып, сиыр саууға шығып кеткеннен кейін соны күтіп тұрғандай, шықылықтағандарын қоя салып өз жайларына ұшып кетеді. Қазақ осы бір құсты не үшін бұлай құрметтейтінін сол кезден түсінген едім.
Шын мәнінде адам баласының ұлылығы жасаған ісінің көлемімен емес, ниетінің тазалығымен өлшенеді. Бірауыз жылы сөз, дер кезінде көрсетілген көмек, ел игілігі үшін атқарылған адал еңбек – бәрі де қарлығаштың бір тамшы суындай көрінгенімен, үлкен өзгерістердің бастауы бола алады.
Сондықтан қарлығаш бізге тек табиғаттың көркі ғана емес, жанашырлықтың, еңбекқорлықтың және отансүйгіштіктің де үлгісі. Оның қанатының қалықтауы адамдарды ізгілікке үндеп тұрғандай әсер қалдырады. Әр адам жүрегінде қарлығаштай мейірім мен жауапкершілік болса, қоғамымыз да шуақты, еліміз де берекелі болары сөзсіз.
«Қарлығаштай қанатымен су сепкен» деген қанатты сөз – алып күшке емес, адал ниет пен тынымсыз еңбекке сүйеніп, елге титтей болса да пайдасын тигізген жанға берілетін ең үлкен баға. Қандай кезең болмасын, қоғамның дамуына үнсіз үлес қосып, өзгелердің бақыты үшін маңдай терін төгіп жүрген азаматтар аз емес. Өмірде де дәл осындай жандар бар. Олар үлкен марапат күтпейді, даңқ іздемейді. Өз ісін сүйіп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етеді.
Бір ауылдың гүлденуі, бір ұжымның табысы, бір әулеттің берекесі – осындай қарапайым адамдардың маңдай терімен қалыптасады. Олар айналасына мейірім шашып, қиын сәтте қолдау көрсетіп, қоғамға жанашырлық танытады. Олардың еңбегі елдің ертеңіне қаланған берік іргетас. Ендеше адамның қадірі атқарған қызметінің атағымен емес, елге жасаған игі ісімен өлшенеді. Сондықтан қарлығаштай қанатымен су сепкен әрбір жанның еңбегі құрметке лайық. Себебі үлкен өзгерістер дәл осындай кішкентай, бірақ шынайы ізгі істерден басталады.
Ләззат ЕСМАМБЕТОВА.
Байқоңыр қаласы.

Kiltmedia.kz
13 шілде 2026 ж. 108 0