Әке туралы үнсіз ойлар
Әке туралы айтылғанда көпшілік оның қамқорлығын, ақылын, жанында жүрген сәттерін еске алады. Ал кейбір адамдар үшін әке – естелік, сағыныш немесе жауапсыз қалған сұрақтар...Мен үшін әке тақырыбы әрдайым оңай болған емес. Өйткені өмір кейде адамдарды әртүрлі жолға салады. Бір шаңырақта басталған тағдырлар кейін екі бөлек арнаға кетіп жатады. Сондай кезде бала жүрегі көп нәрсені түсінбесе де, бәрін сезеді.
Уақыт өте келе мен бір нәрсені түсіндім: әке тек күн сайын қасыңда жүретін адам ғана емес. Ол – сенің болмысыңның бір бөлігі. Қанша реніш болса да, қанша сұрақ жауапсыз қалса да, адам өз өмірінің тарихынан ешкімді өшіріп тастай алмайды.
Менің әкемнің есімі – Хамза. Өмір бізді әртүрлі жолға салғанымен, бұл есім мен үшін әрдайым қымбат болып қала береді. Біз әкемнің екі қызымыз. Көпшілік әулеттің жалғасы тек ұл бала деп ойлауы мүмкін, бірақ мен олай есептемеймін. Әкенің тәрбиесі, мінезі, тегі мен адамдық қасиеттері тек фамилия арқылы ғана емес, ұрпағының бойындағы құндылықтар арқылы жалғасады.
Біз де әкеміздің бір бөлшегіміз. Оның қаны, оның тарихы біздің бойымызда ағып жатыр. Сондықтан біз өмірде адал болып, өз орнымызды таба алсақ, бұл да әке есімінің жалғасқаны деп ойлаймын. Адамның артында қалған ең үлкен мұрасы – оның балаларының адам болып өсуі.
Бала кезде әке туралы көп ойланбайсың. Есейген сайын ғана оның орнын кей сәттерде анық сезіне бастайсың. Бір жетістікке жеткенде, маңызды шешім қабылдағанда немесе өмірдің қиындығына тап болғанда адамның ойына еріксіз ата-анасы оралады. Сондайда айтылмаған сөздер мен қойылмаған сұрақтар еске түседі.
Дегенмен өмір тек жетпей қалған дүниелерден тұрмайды. Мені өсірген, тәрбиелеген, әр күнімде жанымнан табылған адам – анам. Оның төзімі мен еңбегі маған үлкен сабақ болды. Сондықтан өткенге өкпемен қараудан гөрі, бүгінгі күннің қадірін түсіну маңыздырақ деп ойлаймын.
Әке туралы ойлар әркімнің жүрегінде әртүрлі. Біреу үшін ол мақтаныш, біреу үшін сағыныш, енді біреу үшін үнсіздік болуы мүмкін. Бірақ қандай жағдай болмасын, адам өз өмірін ренішпен емес, үмітпен жалғастырғаны дұрыс. Себебі болашақ өткеннің көлеңкесінде емес, бүгінгі таңда құрылады.
Мен болашақта әкемнің атын абыроймен алып жүруге тырысамын. Себебі әке есімі тек құжатта жазылған сөз емес, ол – ұрпаққа аманат болып қалатын тарих.
Әсел АҚҚАСИНОВА









