Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыныптас желтоқсаншылар

Сыныптас желтоқсаншылар

Биыл 1986 жылғы Желтоқсан көтер­ілісіне 40 жыл болып отыр. Халқымыздың азаттығы үшін күрескен ғасыр­лық жолдарының ең соңғысы еді. ХХ ғасырда болған ұлы оқиғалардың бірі десек те болады. Олай дейтініміз, бір­неше жылдан кейңн еліміз Тәуелсіздіктің көкбайрағын көтеріп, егемендікке қол жеткізді. Осы тәуелсіздікке ұмтылу жол­ындағы көтеріліс тоталитарлық жүйенің күйреуінің бастаушысы болды. Міне, осы үлкен дүмпуге қатысқан әр жас біздің мақтанышымызға айналуға тиісті.
Иә, 1986 жылдың қанға боялған Желтоқсан күндері қазақ жастары елдік­тің туын асқақтата көтеріп, өз наразы­лық­тарын білдіріп шеруге шықты. Қазір шеру деп айтуға оңай болғанымен де, темір құрсаулы КСРО империясының ешкімді аямағанын осы күні тарихи мәліметтерден біліп отырмыз. Милицияны қосып есептегенде 3618 әскерді алаң­дағы жастарға қарай жұмылдырды. Кейін қуғын-сүргін басталды. Милиция бөлім­шелеріне 2400 адам әкелінді. 99 адам сотталды, екеуі ату жасасына кесілді. 1700 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Партия, комсомолдан шығарылып, оқу мен жұмыстан қуылғандары қаншама.
Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде Орталық алаңға 40 мыңдай жаст­ар шықты деген дерек қалыптасқан. Осы­дан 5-6 жыл бұрын Жел­тоқсан көтері­лісіне қатысқан аралдық­тар қанша екен деген бір ой туған. Бүгінде 100-ден астам аралдық қыз-жігітердің сол бір дүмпулі күндері Орталық алаңда қарсылық акцияларына қатысып, әскерилермен болған тіке-тіресте болғандарын, одан кейінгі күндері қуғын-сүргінге ұшыра­ғандарын білдік.
Жақында Арал қаласына мектеп бітіргендеріне 45 жыл болған мерейтойын атап өтуге келе жатқан желтоқсаншы жігіттердің бірі, алматылық Аманкелді Есмұрзаев алдын ала хабарласып:
-Ереке, біздер сыныптастар болып Аралдағы салтанатты шарамызға келе жатырмыз. Өзіңіз желтоқсаншылар туралы жазып жүрсіз ғой. Біздің сыныптан 4 жігіт сол желтоқсан күндері алаңда болдық. Осының өзін мақтанышпен айтып отырмыз. Өзімізді тәуелсіздіктің тарихының бір парағына үлес қосқандай сезімдеміз,-дегені бар.
-Шынымен де мақтаныш тұтуларыңа болады ғой. Еліміздің Президенті Қ.Ж.То­қа­ев­тың өзі Желтоқсан көтерілісі - тәуел­сіздіктің алғашқы қарлығаштары дегені бар емес пе. Елдік, ұлттық ұран көтерілген кезде үн-түнсіз жатып қалмай, бастарыңа төнген қауіпке қарамай, алдарыңда кездесетін қиыншылықтарға қарамай тарихи шерудің ішінде болғандарыңыз шын мәнінде бақыттарыңыз. Ертеңгі ұрпақтар­ыңызға айтып отырар ұлы аманттарыңыз емес пе, – дедім мен.
Осы әңгімеден кейін Арал қаласындағы №199 мектептің 10-сыныбын белгілі педагог Балбибі апайдың жетекшілігімен бітірген 1981 жылғы түлектерінің арасы­нан шыққан төрт бірдей аралдық айбын­герлер - желтоқсаншы жігіттер туралы ма­қала жазу ойыма орала кетті. Жақсы нәрсенің кейде өзінен-өзі өріліп жүре бере­тіні бар ғой. Ертеңіне Жалаңтөс баһадүр ал­леясының маңында жаңа айтқан төрт желтоқсаншы Аманкелді Есмұрзаев, Ізба­сар Әліпов, Рақат Сахитжанов, Қуантай Пшайновпен сәтін салып кездесе кеттік. Қаумаласып-қауқылдасып, аман-саулық сұрасқан соң төрт жігітпен бірге қазақ халқының қаһарманы Жалаңтөс баһадүр­дің ескерткішінің алдына барып суретке түстік. Батыр жігіттер ұлы баһадүрдің рух­ынан әсерленгендей сол бір күндерді, сол бір қиын-қыстау сәттерді, қуғын-сүргін көрген уақыттарын еске алды. Қаншама әңгіме өрбіді. Осы бір қанды күн тарихымызда мәңгілік жазылып қалса, ұлттық рухты оятуға себепкер болса, соны жасаған осы азаматтар емес пе. Бұл жігіттердің біреуі Алматыда еңбек жолын бастап жүрсе, енді біреуі ҚазМУ-дың студенті, ал енді біреуі техникум студенті еді.
-Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, студент атанып жүрген кезім. Студент болған соң қаржы жағынан үнемі қиыншылық көріп жүреміз. Сондай кездерде жұмыс істейміз. Бірге істейтін жігіттермен бірге Алматы  теміржолына бар­ып, вагоннан көмір түсіріп жүргенбіз. Кешқұрым жұмыстан әбден шаршап шығып, болат жолдың бойын жағалап келе жатқанымызда қолында радио-телефоны бар теміржолшы кісі:
– Жігіттер, естідіңдер ме, қазақ сту­денттер алаңға шығып, Үкімет үйін басып алыпты,-деді бізге қарап. Мына тосын әңгімені естіген біз сам-соз болып қалдық. Көз алдымызға өзіміз талай тарихтан шұқшия оқыған революциялық жайлар елестеді. Студенттердің қаруланып шы­ғып, үкімет үйін басып алғанын көз ал­дымызға елесте алар емеспіз. Алайда тиісті жұмысты бітіріп,ақымызды алып есептес­кен бойда ештеңеге мойын бұрмастан тура Орталық алаңға қарай тарттық.
Алаңға келсек, мұнда толған қара­құр­ым жастар. Биліктегілерге өршелене қар­сылық білдіріп жатыр екен. Сол қара­құр­ым жастармен бірге түннің бір уағына дейін болдық. Ұрандатып, айқайлап, өз ойлары мен пікірлерін айтып жатқандар­мен қосыла ұрандатып бірге болдық. Қлттық намысымыздың тапталғанына қанымыз қызып, жанымыз жалындап тұрды.
Ертеңіне жатақханада кезекшілік ұйымдастырылған екен. Ал, университетте сабақта жоқтарды белгілеуді тапсырыпты. "Мені белгілеме" деп шымкенттік курстас жігітке тапсырдым, "белгілемеймін" деп ол қалды. Жігіттер болып ұйымдасып,  Ор­талық алаңға қайта шықтық. Алаңдағы сол кездегі болған барлық жайларды көзіміз­бен көріп, кеңестік биліктің қолшоқпар­ларына қарсы наразылығымызды тоқтау­сыз білдірдік. "Қазақстанды қазақ басшы билеуі керек" дегенді санамызға құйып ал­ғанбыз. Жасыратын жоқ қатты қорықтым. Сөйттім де Алматыдан тезірек кетуді ойлап бір таныс жігіттер арқылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы малды ауылға кетіп қалып, төрт айдан соң оралдым. Сөйтіп қуғын-сүргіннен аман қалдым,-дейді Аманкелді Есмұрзаев желтоқсан күндерін еске алып.
– Өзімнің болашағымды жасаймын деп жүрген 1986 жылы желтоқсанның 16-сында құрылыс мекемесіндегі жұмысымда тұрғанымда, біздің қасымызға бір топ жігіт­тер келіп, қалада болып жатқан жағ­дайды айтып, "Митингіге шығыңдар" деп кетті. Олардың бізге айтқанынан түсін­геніміз қазақтың намысына тиетінде жұм­ыс болған екен. Енді Қазақстанды сырттан келген бір орысқа басқартып, еліміздің болашағы күңгірт тартпақ. Жап-жас жігіт­піз. Жаңағы сөздер намысымызды қары­ғандай болды. Бір топ жігіт боп жасап жат­қан жұмысымызды тастай салып, орталық алаңға келдік.
Әуелде айқай-сүрең жоқ, жастар тәр­тіпті қозғалып, "Менің Қазақстаным" әнін айтып жатты. Бір мезгілде өрт сөндіру ма­шиналары пайда болып, жастарды ығыс­тыру үшін қатты қысымдағы суды шаша бас­тады. Лықсыған жастар ығысып шегіне бастаған. Сонда әлгі өрт сөндіру машина­сын­ың біреуі біздің көз алдымызда бір жас жігітті басып кетті. У-шу көбейіп, жастар дүрліге бастады. Сол басталған дүрбелең аяғында милиция жасақшыларымен, сол­даттардың араласуымен үлкен төбелеске, ұрысқа айналды. Қарауланған олардың әрбір ұрған соққыларынан қиралаңдап құлап жатқан жастарды көзіміз көрді,-деп Қуантай ініміз үлкен оқиғаны еске түсірді. Бір қызығы болашақ жары Ал­магүл Құбайқызымен сол күні танысқан екен.
Батыр тұлғалы, ірі кеуделі жігіт Рақат Сахитжанов та ортақ әңгімеге араласты:
– Сол бір қаһарлы күндері мен де алаңда болдым. 1986 жылы жатақхана маң­ына келген Алматы мақта-мата ком­бинатының қыздары: "Ей, жігіттер, сен­дердікі не жатыс? Намыс қайда? Алаңға барыңдар" деп айқайлап шақырған дау­ысын естіп, осындағы жігіттер дүр көт­еріліп, алаңға беттедік. Бізді қозғаған ұлттық намыс болатын. Күні бойы алаңда иін тірескен көппен бірге болдық. Ұрандар айтылды. "Қазақстанды қазақ басқарсын" деген ұран көтерілгенде, жас­тар бірауыздан қолдап тұрдық. Сол­даттар келіп бас салғанда, ұрыс- төбелес басталды да кетті. Қарулы әскерден ығыс­қан жастар шегіне қаштық. СХИ-дың жатаханасына жетіп үлгірдік. Мен өзім жататын "Юность" жатақханасына да бармадым. Өйткені ол жақта алаңға барғандарды ұстап жатқанын естігенмін. Солайша қашып-пысқан күндер баста­лып кетті,-деді ол бір күрсініп қойып.
Сырбаз болмысты азамат Ізбасар Әліпов достарының әңгімесіне басын изей отырып, бір сәтте өзі де әңгімеге араласа кетті:
– Желтоқсан көтерілісі басталғаннан-ақ сол пәтерлес жолдастарыммен алаңда бейбіт шерулетіп ұрандатқан құрбы-құрдастарымызбен бірге болдық. Тұрған жеріміз де, өзіміз оқитын құрылыс техни­кумының оқу корпусы жақын болғандық­тан, біздер алаңнан бір сәтке де кеткен жоқпыз. 17 желтоқсан күні кешқұрым жастарды қуа бастаған кезде алаңда өрт сөндіруші машиналар пайда болып шыр айналып жүре бастады. Сондай бір дүр­белеңде өрт сөндіретін машина бір жігіт­ті қағып кетті. Студент жастар бұны көр­іп, ашуға булығып, әлгі машинаны тоқ­татып, ішіндегілерді сүйрелеп түсіріп, көлікті өртеп жіберді. Бірақ, бұл кезде арнайы жасақшылар тіпті көбейіп кеткен еді. Қолдарында ешкімді де аямайтын, ұрғанын сұлатып түсіретін шағын сапер күректері болды. Қасымда жаңақорған­дық Ғабит Тұрапов деген жігіт екеуіміз сытылып қашып шықтық. Көшелерде сол­даттар онан кейін де бірнеше күн бойы тіміскілеп жүрді. Қарсы келе жатқан қазақ жігіттерін ұстап алатын.  Сондықтан да әуелгі кезде бірнеше күн оқу корпусын­дағы сабағымызға бара алмай, пәтеріміз­ден шыға алмай жаттық.
Бірнеше күндерден соң, техникумға оқуға келсек, студенттерді суреттерге қарап, шетінен барларын ұстап жатыр екен. Біздер ол суреттердің ішінде жоқ болып шықтық.
Жалаңтөс баһадүр ескерткішінің қасында бір-жар сағат аяңдап, осыдан қырық жыл бұрынғы оқиғаны бір сәт естеріне алған жігіттер үнсіз қалды. Әлде сол бір ауыр күндердің қиындығы көз алдарында тұрғандай. Ең бастысы олар­дың жүрегінде осы ел тәуелсіздігінің бастау­ында болғандарына мақтаныш сезімі де бар екендігі айдан анық.
Ерғали Абдулла.
24 шілде 2026 ж. 112 0