Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ас дастарханына тәртіп керек

Ас дастарханына тәртіп керек

Құдайы астың анықтамасы
Дүние салған кісіге сауабы тисін деген мақсатта берілетін асты «құдайы ас» деп атайды. «Құдайы ас» атауынан көрініп тұрғандай, бұл – Алла Тағаланың разылығын алу мақсатында қайтыс болған адамға бағышталып берілетін ас. Мұндай ас қайтыс болған кісінің Алланың рақымы мен кешіріміне бөленуін тілеу мақсатында өткізіледі.
Мұнымен қоса, қазақ халқының дәстүрінде құдайы астың өңірлерге қатысты басқа да атаулары бар. Атап айтқанда: садақа, жабдық, береке жинау, хатым өткізу сынды басқа да атауларға ие.
Біздің мақсатымыз Қазақстанның барлық аймағында шариғат шеңберінде, салт-дәстүрімізді ескере отырып, отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын және ысырапқа жол бермейтін құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру және насихаттау. Құдайы ас беру ата-бабамыздан келе жатқан халықтық дәстүр мен ұлттық мәдениетіміз болғандықтан, оның бүгінгі заман талабына сай кейбір тұстарын бірізге келтіріп, келешек ұрпаққа аманат етуді де міндет етіп отырмыз.
Өзектілігі
Әр халықтың өмір салтына қатысты қалыптасқан өз әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар. Қазақ халқының сан ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлері, соның ішінде діни-танымдық ғұрыптары да кеңінен қалыптасқан.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, болашақ ұрпаққа дұрыс бағдар беріп, жөн сілтеу мақсатында дәстүрлі діни жөн-жоралғыларымызды шариғи һәм ғылыми тұрғыдан саралап, жүзеге асыру – заман талабы.
Қоғамда көрініс тауып отырған, шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін, шындығынан жорамалы басым, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің ел арасында етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастархан жайылғанда, дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады.
Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп дастархан жайып, шектен тыс шығын жасап, ас та төк, ағын-төгін дастархан жайып, құдайы ас емес, құдды бір құда күткендей шапан жауып, шашылып жатады. Бұл орташа табысы бар көптеген отбасыларға ауыртпалық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесін шариғат заңдары мен салт-дәстүрге сәйкес реттеу қажет.
Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келіп, жұрттан қарыз алып, қауғаланып, «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес.
Ал шын мәнінде, шариғатта: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген қағида бар. Бүгінгі күні осы сынды әдет-ғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл қиындықтар күшейе түсуі мүмкін.
Мәні мен діндегі орны
Құдайы астың негізгі мәні – көпшіліктің басын қосып, марқұмға Құран бағыштап, дұға жасау, Алла Тағаланың мейірімін, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатын тілеу, пендешілікпен өткен қателіктері мен күнәлары үшін Жаратқаннан жарылқау сұрау.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда, жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде “міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер” деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда, ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс», – делінген.
Ел ішіндегі әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер бірте-бірте адамдар арасындағы қарым-қатынастан түзіліп шығады. Қоғамда қалыптасқан дәстүрлер мен әдеттер шариғатқа қайшы келмесе, орындаудың еш оғаштығы жоқ. Алайда діннің негізгі ережелерін бұрмалауға болмайды. Сол себепті мұсылмандардың қоғамдық істері туралы ақылдасу, ой елегінен өткізу шарасы жүргізілгенде, осы қағида естен шықпауы тиіс.
Құдайы астарды беру кезінде ислам дінінің осындай өзгермейтін, мәңгілік құндылықтарына нұқсан келтіріп алмау жағын назарда ұстау қажет. Бұл құжатта шариғатта көрсетілген «парыз, уәжіп, халал-харам» сынды діннің басқа да қатаң талаптары мен қағидалары ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ.
Құдайы ас берудің өз мәдениеті бар. Ол төмендегідей жеті тірекке негізделген.
Алғашқысы – шынайы ниет ету. Асыл дінімізде кез келген іске кіріспес бұрын әуелі шынайы ниет пен ықыласқа ерекше мән беріледі. Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы деген. Шариғатта жасалған жақсылықтардың сауабы жүректегі ниетпен өлшенеді. Атқарылатын әрбір іске әрдайым шынайы ықылас қажет. Сауапты істе көзбояушылық жасауға болмайды. Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір. Ол – Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет астың сауабын кемітеді. Ас беруші шаңырақ осы ниеттен арылмауы қажет.
Құдайы аста оқылған Құранның, жасалған дұғаның, берілген садақаның мақсаты – тірілердің не ойлайтыны емес, марқұмның мәңгілік өміріне пайдасын тигізетін ізгі амал жасап, сауабын бағыштау.
Одан кейін – құдайы асқа жиналу. Бұл марқұмдарға арналған құдайы ас артында қалған ұрпақтарының, жұбайының, ұл-қыздарының және ет жақын туыстарының атынан беріледі деген ұғымды білдіреді. Берілетін асқа, онда оқылатын Құранға, жасалатын дұғаға қайтыс болған кісінің ұрпақтары мен туыстарының қатысқаны абзал. Сондай-ақ құдайы асқа жасы үлкен кісілер, жақын туыстары, көршілері мен достары шақырылады. Қайтқан кісінің артынан үздіксіз жетіп тұратын ізгі үш істің бірі – артында қалған ұрпағының жасаған дұғасы. Сол себепті құдайы астарда марқұмның өз ұрпақтарының дұға жасағаны абзал. Басына қайғылы іс түскен жағдайда ағайын-туған, жақын-жуық тез арада жиналып, ынтымақтасып, отбасының жанынан табылып, бір-біріне қол ұшын бергені дұрыс. Қайғы-қасіретке ұшыраған отбасының материалдық жағдайы көтермейтін болса, туған-туыстары көмек көрсеткені жөн. Себебі ислам дінінде жеке жасалған іске қарағанда, көпшілікпен бірге атқарылған игі істердің сауабы көбірек болады. Құдайы асқа келгенде киім кию әдебіне де мән берген жөн. Елде төтенше жағдай орнаған кезде құдайы ас беруді кейінге қалдырған абзал немесе оны өз отбасымен ғана өткізген дұрыс. Ал індетке шалдыққан адамның мұндай жиындарға қатыспағаны жөн.
Құран оқу, бата беру және дұға жасау.Әрбір құдайы астың түпкі мақсаты – дүние салған адамдардың рухына Құран аяттарын бағыштау. Асқа Құран оқыту үшін жергілікті мешіттің имамын шақырған жөн. Егер марқұмның ет жақындарының арасында Құранды сауатты оқитындар болса, оларға оқыту артықтық етпейді. Құран аяттарының бәрі де бірдей қасиетті екендігі айқын. Сондықтан қай сүрені яки қай аятты оқыса да болады. Құдайы асқа жиналған жұрттың уақытын үнемдеу мақсатында тым ұзақ емес, орташа (5–7 минут) көлемдегі сүре-аяттарды оқу құптарлық іс. Оқылған аяттың дұғасын жасағанда марқұмның өз атымен қоса, оның әкесінің есімін қосып айтқан жөн. Дұға жасағанда оқылған Құранның сауабын пайғамбарлардың, қазақ даласынан өткен әулиелердің, батыр бабалардың және сол асқа қатысып отырған көпшіліктің де ата-баба, марқұмдарының рухтарына бағыштауға болады. Құран оқылып, дұға жасалғанда, жиналған көпшіліктің ниеттес болып отырғаны дұрыс. Құдайы аста Құран оқудан бұрын әулеттің үлкеніне немесе сол жерге келген қонақтардың ішінен жасы үлкен, сыйлы ақсақалға бата жасату – қазақы мәдениетіміздің көрінісі.
Тағы бір тірек – ысырапқа жол бермеу. Уақыт – адам баласына берілген ең ұлық нығметтердің бірі. Сондықтан құдайы астарды мезгілсіз уақытта бастап, ұзақ уақытқа созу, келген жұрттың уақытын алып, пайдасыз әңгімелер айту – орынсыз. Уақытпен санасу – мәдениеттіліктің нышаны. Шақырған жерге кешікпей, уақытында бару – қазіргі қоғамның талабы. Кешігу үй иесінің мазасыздығын тудырады. Кешіккен адамдардың салдарынан өзгелер уақыт жоғалтады. Асқа шақыру игілік болса, сол асқа дәл уақытында, кешікпей бару да – игілік. Кешігетін жағдайда үй иесіне алдын ала ескерту қажет. Бұл – басқаларға деген құрметтің белгісі. Құдайы астың тағы бір талабы – асты уақытында бастап, барынша уақытылы аяқтау. Ол үшін өтетін астың бағдарламасын жасау – заман талабы. Мысалы, асты сағат 12:00-де бастау, Құран оқу, әулет үлкендерінің келген кісілерге астың мәнісін түсіндіруі, үлкен кісілердің және құда-жекжаттың марқұмның әулетіне көңіл айтуы, жұбату сөздері, имамның насихат айтуы, дастархан иелерінің келген кісілерге алғыс айтуы, асқа бата жасап, дұға оқып, тарқау. Жалпы айтқанда, асты мүмкіндігінше қысқа уақытта тәмамдау қажет. Өйткені асқа жиналған көпшіліктің жұмысын, жауапты қызметтерін, өзге де маңызды шаруаларын ескерген абзал. Құдайы ас өткізу жұма намазының уақытымен тұспа-тұс келмеуі тиіс. Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят). Шариғаттағы көптеген міндеттер орта деңгейлі отбасының жағдайына қарай белгіленген. Мысалы, Рамазан айындағы пітір садақасы – жан садақасы бола тұра, барлық мұсылмандарға емес, тек дәулеттілерге ғана міндеттеледі. Сол үшін шығынның көптігімен емес, ниеттің тазалығымен таразыланады. Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, балабақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады. Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы – ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс. Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлдеқайда сауапты.
Құдайы аста уағыз-насихат айту – жеті тіректің ішіндегі ең негізгілерінің бірі. Көпшілік жиналған құдайы астарда Алланы еске алудың, шынайы сенім мен имандылықтың маңызы жайлы, сауапты істер туралы имамның қысқаша уағыз айтқаны жөн. Мұнда уағыздың ұзақтығы емес, оның түсінікті, жүйелі және пайдалы болуы маңызды. Уағыз-насихат барысында Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен, сонымен бірге халқымыздың даналары мен ғұламаларының, би-шешендерінің ғибратты өмірлерінен, өсиетті сөздерінен де үзінділер келтіру әдетке айналуы тиіс. Насихат айту барысында жиналған жұрттың уақытын алмау мәселесіне де ерекше назар аударған жөн. Асқа жиналған адамдар тойға емес, құдайы асқа келгенін терең сезініп, өзін-өзі соған орай барынша мәдениетті ұстағаны дұрыс. Қайғылы жағдай орын алып отырған шаңырақта, оған арналған аста әртүрлі пайдасыз, бос әңгімелер айтып, орынсыз күліп отыру – әдепке қайшы. Ол қаралы әулеттің қайырымды ісіне зиян келтіреді. Құдайы аста мейлінше жақсы сөз айтып, тілектес болып, әдеп сақтап отырған жөн.
Келесі міндет – марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату. Құдайы асқа жиналған қауым қаралы шаңырақтың қайғысын қозғауға емес, қиын сәтте қайратын қолдауға келеді. Біреудің құдайы асын жиналыс сипатына айналдыру мәдениеттілікке жатпайды. Асқа келген көпшіліктің арасынан нағашылары, құда-жекжаты, ағайыны сынды жақындары ниет білдіріп, көңіл айтып, марқұмның жақсылықтарын сөз етіп, артында қалғандардың көңілін жұбату мақсатында ғибратты әңгіме айтқаны жөн. Жұрттың көзіне көріну үшін құдайы аста көп сөйлеу жөнсіз. Шариғатта марқұмды жақсы жағынан еске алуға рұқсат етілген. Марқұмды жақсы танитын, онымен сырлас, сыйлас болған кісі оның көпшілік біле бермейтін жақсы мінез-құлықтары мен қасиеттері туралы қысқаша естелік айтуына болады. Сөз берілмесе, үндемей, іштей тілектестік білдіріп отыру – мәдениеттілікке жатады.
Құдайы аста қарапайымдылықты сақтауды да ұмытпаған абзал. Құдайы ас дастарханында қарапайымдылық таныту – әдептіліктің белгісі әрі мәдениеттіліктің көрінісі. Құдайы ас дастарханында дәулетті кісілер жоғары, жағдайы төмендер төменде отыруы тиіс деген теріс түсініктен аулақ болу қажет. Дастарханға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал. Оның сауабы молырақ болады. Қасиетті Құранда: «Олардың (ізгі жандардың) мал-мүлік дүниелерінде, көмек сұраушының да (жоқшылыққа сабыр етіп, алақан жаюды ар көретін) пақырдың да тиесілі ақысы (сыбағасы) бар» деп баяндалған («Зәрият» сүресі, 19-аят). Құдайы ас бергенде осы ережені назарда ұстау қажет. Құдайы астың дастархан мәзірінде барынша қарапайымдылық сақталғаны жөн. Құдайы ас дастарханында дәулетіне не мансабына қарай емес, асқа келген әрбір кісіге қарапайымдылықпен бірдей мәміле жасап, көңіл бөлінуі тиіс.
Ануар Мырзағазиев,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы
12 қыркүйек 2026 ж. 21 0