Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал аудандық қоғамдық кеңесінің, Арал аудандық орталық мешітінің және аудан ардагерлер кеңесінің бірлескен ҮНДЕУІ

Арал аудандық қоғамдық кеңесінің, Арал аудандық орталық мешітінің және аудан ардагерлер кеңесінің бірлескен ҮНДЕУІ

Құрметті жерлестер!
Біз, бүгінгі жиынның қатысушылары, барша аудан жұртшылығын ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдардың жөн-жоралғыға сәйкес жайлау мәдениеті жөніндегі төмендегі талап-өтініштерді орындауда ыждағаттылық танытуға үндейміз. Аталған үндеу ауданда құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыруды, ысырапқа жол бермеуді, көрсетілген талаптарды ескеруді көздейді.
Заманауи өмір әкеп тіреген тығырықтың бірі – ысыраптың шарықтау шегіне барып, орташа тұрмыс, қоңыр тірлік жайлы түсініктің толық жойылуына себеп болып отыр десек артық айтқандық болмас. Солардың ішінде, аста-төк жасалған құдайы астарға жайылған дастарқанның өзі ысырапшылдықтың шектен шыққанының бір көрінісі.
Кейінгі уақыттарда түрлі деңгейдегі жиындар мен құдайы астар, жаназа кезінде аста-төк ысырапшылдыққа орын беріліп жатады. Қазақ мақалында «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» деген сөз бар. Сондықтан да әр нәрсені өзіндік нормаларымен атқарған дұрыс болады.
     Осы күні құдайы ас беремін деп қарызға қаржы алып жасайтындар табылып қалады. Кейін оның қаржысын өтеу үшін қанша мехнат шегеді. Бұл әрине, үлкен қателік.
Жасыратыны жоқ, өлікті жө­нелтудің өзі бәсекеге айналып бара жатқаны рас. «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген нақыл бүгінгі күнге де дәл келіп тұр. Жақыны өмірден озған кейбір жағдайы төмен отбасылар елдің дәстүрінен қалып қоймайық, «ел не дейді» деп марқұмды ақтық сапарға жөнелтуде несие алып, қарызға батып, қиналып жататын жағдайлар кездеседі. Ас беруде той дастарқанынан кем қылмай тағамның түр-түрін толтырып, қымбат мейрамханаларға жасап, бәсекелестікке, мақтанға салынуға болмайды. Ысырап дегеннің өзі мақтан, мешкейлік, азға қанағаттанбау, рухани байлықтан ада болудан келіп шығады.
Осы ретте аралдықтарға садақа мен құдайы ас өткізу, жаназа шығару кезінде артық ысырапқа жол берілмесе деген ұсыныс-тілек білдіреміз. Сонымен қатар зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызбауға үндейміз. Аста-төк ас беру мен зәулім зират салуға кететін қаражатты жетім-жесірге көмектесу, ағайын-туысқа қарайласу сынды сауабы мол істерге жұмсауға шақырамыз. Шариғат заңдары мен ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүрлеріміз міндетті түрде құдайы ас өткізуде, бейіттер салуда ысырапшылдыққа баруды  талап етпейді.
Біз аудан тұрғындарын:
– марқұмдарды жөнелтуде аста-төк дастарқан жаймауға;
– қырқы, жүзі, жылдық садақасы сияқты рәсімдерді мейрамханада емес, жақындармен ғана үй жағдайында өткізуге; 
–  діни дәстүрде жоқ марқұмның шілдеханасын жасамауға және қырқына дейінгі апта сайын жасалатын иіс жасауды шектеуге;
– Тақырға ақша таратпауға, келген көліктерінің жанар-жағар майына ақша бермеуге;
–  аталыққа шапан, ақша бермеуге, ошаққа ақша таратпауға;
–  алыс жерден келген ағайындардан басқаларға, садақада үлкен тамақ берумен шектелуге;
–  жаназа намазын міндетті түрде мешіт имамдарының қатысуымен өткізуге;
– зәулім зираттар мен қымбат құлпытастар жасамауға;
– руға бөлініп, бейіттер тұрғызбауға;
– ас беру рәсімдерінде ақша таратпауға;
– діни салт-дәстүрлерлердегі рәсімдерде ысырапшылдыққа салынбауға  шақырамыз!
         Діни рәсімдерді тек мына жағдайларда:
– марқұмды оң жаққа қойғанда;
– марқұмның қабірін қазғанда;
– марқұмды жуындырғанда;
– марқұмның жаназасын шығарғандарға жасауға үндейміз.       
         Әр нәрсенің реті бар. Ас беруде болсын, жаназа шығаруда болсын, бай да, кедей де асып-таспайық, бауырлар! Ертеңгі күнімізді ойлайық!  "Жан бар жерде қаза бар" демекші, бұл әрбір отбасында болатынын естен шығармайық. Жауапкершілік жүгін сезінейік! Ысыраптан сақтанайық! Үнемшіл болайық! Мұның ең алдымен өзіміз үшін қажетті екендігін ұғынайық!
Осы үндеуді қала, кент, ауыл әкімдері, ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, мешіт имамдары, қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері жергілікті жерлердегі тұрғындармен талқылап, халық арасында насихат жұмыстарын жүргізіп, іске асыруды сұраймыз.
19 сәуір 2022 ж. 569 0