Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Діни басқарма жаназа мен ас өткізуге қатысты мәлімдеме жасады

Діни басқарма жаназа мен ас өткізуге қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа намазы мен ас өткізу бойынша талаптарды жарияладыҚазақстан мұсылмандары діни басқармасы пандемия кезінде жаназа мен құдайы ас өткізуге қатысты мәлімдеме жасады.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маусым айының 18-і күні COVID-19 індеті кезінде жаназа және ас өткізуге қатысты өз мәлімдемесін жариялаған болатын. Бүгінде індеттің күшеюіне байланысты осы мәлімдемені қайтадан дайындап, жариялап отырмыз", - деді наиб мүфти Ершат Оңғаров бүгінгі онлайн брифингте.

Жаназа намазына қатысты талаптар:

  • Жаназа намазына бір ғана діни қызметкер қатысуы;
  • Жаназа намазында тек отбасы және жақын тумаларының ғана болуы;
  • Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауы;
  • Дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауы;
  • Жаназа намазына келуші адамның санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) міндетті түрде сақтауы;
  • Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;
  • Жаназа намазында қол алысып амандаспау;
  • Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;
  • Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;
  • Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалардың жаназа намаздарына қатыспауы;
  • Қонақ асын өткізбеу.

Құдайы асқа (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптар:

  • Астарды өткізбеу немесе жақын туған-туыспен ғана шектелу керек;
  • Бір ғана діни қызметкердің қатысуы;
  • Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтау.
"Шариғатта қандай да жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін міндет", - деп атап көрсетті Оңғаров.
03 шілде 2020 ж. 694 0