Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ынсапты ісімен үлгілі ауыл

Ынсапты ісімен үлгілі ауыл

   Хакім Абай «Ынсап, ұят, терең ой – ақыл, зейнет біліп қой» деп осы асыл қасиеттің маңызын ұғындырса, дана халқымыз «Ынсапсызда ұят болмайды» деп бекер айтпаған. Қазақта «Зұлмат есіктен кірсе, ынсап түндіктен шығады» деген нақыл бар. Біле білгенге әрбір ізгілікті, иманды адамның адамгершілік қағидасының алтын діңгегі – ынсап. Салт-санаға бай бабаларымыздың ырысы шалқып тұрса да «ынсапты бол» деп отыратыны ата жолын жетік меңгергендігінен. Бүгінде ынсапқа кереғар ысырапшылдық көрінісі көбейіп кетті. Өткен сандардың бірінде «Бәсеке мен ысырап» тақырыбында мақала жазған едік. Осы тақырып аясында тағы бір материал ұсынбақпыз. Бұл жолы ынсапты ісімен үлгі болып отырған ауыл жайлы айтпақпыз.
    Салт-дәстүрімізді ғасырлар бойы тарихи негізде қалыптастырып, ұрпақтан-ұрпаққа беріп отыратын әдет-ғұрып, жалпыға бірдей тәртіп деп қарастырсақ, ал, шариғат – ғасырлар бойы адамзатты тәртіпке, мейірімділікке, Жаратушысына деген асыл құлшылыққа, ынтымақбірлікке үндейтін заңдылық. Қазақта қайғыға ортақтасып келген жұртқа қаралы ас беру ұғымы бар. Өмірден өткен адамның жетісін, қырқын, жүзін, жылын беру – жалпы діни ереже емес, бірақ бұл халықтың ертеден қалыптасқан ғұрпы. Мұны ысырапсыз, бәсекелестік пен мақтаныш ретінде емес, Құдай жолы ретінде өткізген жөн. Осыған қатысты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Кімде-кім яғни қаралы үйден үш күннің ішінде тамақ жесе, мен ол адамнан аулақпын, беземін» делінген. Бұл жөнінде діни ғалымдар «Үш күнге дейін тамақты мәйіт шыққан үйден жемей, өлген адамның ағайынтумалары немесе көрші-көлемі сол күндері тамағын көтеруі керек» деген қорытынды шығарған. Қазақтың бұрынғы ата жолын қайта бір ізге түсірген ауыл – Шижаға. Елді мекен ақсақалдары мен азаматтары астатөк дастарқанды тыйып, ізгі жолды қалыптастырған.
    Ысырапшылдық – елде ырыс пен берекенің тұрақтамауына әкелетін жол.
    Бұл турасында Шижаға ауылдық мешітінің имамы Серік Қазақбаев:
    – Қаралы үйден ас беруге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабында мәйітті бір тәуліктен аса уақыт ұстамау, ысырапшылдық, яғни қаралы үйден сол күні ас бермеу ұстанымы туралы айтылады. Осыған байланысты ауданда мәйітті үш тәулік бойы сақтау үрдісі белең алған еді. Бұған қатысты аудандағы діни қызметкерлердің жүйелі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мүрдені бір тәуліктен аса уақыт ұстамау үрдісі әдетке айналып келеді, – дейді.
     Қазіргі таңда бейітті көтеруде де ысырапшылдыққа жол беру көп. Зәулім етіп қымбат қыштармен салу, көктасқа марқұмның бейнесін қашау белең алуда. Бұл сол отбасының артық шығындалуына әкеліп соғады, яғни ысырап. Сондай-ақ қаралы ас беруде дастарқан мәзірі аста-төк жасалады. Мұндағы көңіл айтып келген кісілердің астан дәм татудың мақсаты – қарнын тойдыру емес, өмірден өткен кісіге дұға етіп, сауап жасау. Сондықтан ас бергенде қазы-қарта, жеміс-жидек, көптеген тағам түрлерін қоюдың еш қажеті жоқ. Жалпы, дастарқан мәзірі бойынша бауырсақ, нан, тоқаш, талқан, сөк, шекер, құрма, ыстық тамақтан артық астың қойылмағаны абзал.
    – Қаралы үйде қазан асылмауы тиіс. Алыстан келген қонақтар үшін ғана дастарқан жайылып, ас ішуіне рұқсат етіледі. Жаназа намазын оқып болғаннан кейін шапан тарату, тиын шашу, орамал тарату, бидай шашу және тағы басқа шариғатта күнә болып есептелетін ысырапшылдықты тоқтату. Жоқтау айтушыларды ақшаға жалдауға тыйым салынады. Сондай-ақ көңіл айтып келген адамдарға ақша таратуға болмайды. Түптеп келгенде, бұл – ысырапшылдыққа жол бермей, сауап алудың негізі. Қасиетті Құранда Алла тағала былай дейді: «Жақын туыстарыңа, міскіндерге, жолда қалғандарға хақтарын беріңдер. Әрі еш ысырап қылма! Шындығында, ысырапқорлар – шайтандардың ағайындары. Ал шайтан Раббысына анық қарсы келуші», – дейді ауыл имамы.
    – Тойдың жөні бөлек. Ал құдайы ас берудің өзіндік әдебі, тәртібі бөлек. Шектен тыс шығынға батып, ысырап жасауға болмайды. Мұны дініміз де құптамайды. Шижаға елді мекенінде баршаға тиімді болатын құдайы астың ортақ мәзірі әзірленіп жүр. Бұл ас мәзірі асқа кететін шығынды екі есеге азайтады. Осы бастаманы орындап жүргенімізге үш жылға жуық болып қалды. Бұл бастамаға ауыл ақсақалдары, мешіт жамағаты үлкен қолдау көрсетті. Алғашында ауыл адамдары келіспей, өз бетінше ысырапшылдыққа бой беріп жатты. Ал қазір дұрыс екенін білген соң барған жерлерінде біздегі ас мәзірінің тәртібін айтып, насихаттап жүр. Сонымен қатар 60 жасқа дейінгілерге ақша таратылмайды. Ауыл ардагерлері болып бір ізге қойылды. Қолға алған жұмысымыз өзге де ауылдарда жүзеге асса деген ойдамыз, – дейді Шижаға елді мекенінің ардагерлер төрағасы Бақытжан Сматуллаев.
      Жалпы, әрбір адам өз ісіне есеп беру керек. Сол есепте ысырап жасамаған кезіміз болды ма екен? «Болған жоқ» деп ешкім дөп басып айта алмас. Бізге ынсапты іске ұмтылу қажет. Бұл істе шижағалықтар үлгі болуға тұрарлық.  
Ақтоты Шынықұл
28 қаңтар 2020 ж. 729 0