Салтымызды сақтайық
Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай халық. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, өмірде іске асыру да артықтық етпейді.
Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл-аймағын шақырып, құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союы тиіс.
Құрсақ той, құрсақ шашу. Бұл өзінің келінінің аяғы ауыр екендігін білген ене достарын, туыстарын, көрші-қолаңдарын шақырып, мол дастарқан жаю дәстүрі. Бұл шараның мақсаты жүкті болған келіннің көңілін аулау. Үлкендер жағы болашақ анаға баталарын берсе, құрбылары, жеңгелері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.
Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып, Құдайдан перзент сұрап жалбарынған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.
Қапқағар. Қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Ол ет қапта болады. Сол кезде ет асылып, аздап адам шақырылады. Бұл дәстүр “ ет қайтар” деген ұғымды білдіреді, ал қаптың ең соңғысын асып, бөліп жейді.
Наурыз төлі. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға бермейді. Мұндай малды тек қызығына, тойына сойып, ырым еткен.
Өңір салу. Отқа шақырумен (кей жерлерде «үй көрсету» немесе «есік ашар» дейді) бірге болып жататын ендігі бір кәде – өңір салу. Мұнда ылғи бәйбішелер келеді. Ниеттері келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір киім, бұйым деп ең құрығанда терме бау немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар іледі. Бұлардың бәрі отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер.
Асату. Көпшілік аузы дуалы, елге сыйлы ақсақалдар өз қолымен табақтың түбінде қалған асты өзінің балаларына берген. Бұрынғы кезде балалар қонақ шақырған үйді айналшықтап жүрген, өйткені оларды кез келген уақытта асқа шақырып қалуы мүмкін.
Құйрық-бауыр. «Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе». Бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанмен ұлт салт-дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық-бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық-бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі болып бекітілген.
Енші беру. Ата-анасы баласы балалы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны енші беру деп атайды.
Сүт ақы. Қыз ұзату тойы мерзімін қалыңдық ауылы құдаларымен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады.
Әр халықтың өзінің кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын салт-дәстүрі болады. Ел тарихын білетін, Отанын сүйетін, заман талабына сай жас буынды тәрбиелеу– бүгінгі күн талабы. Сондықтан қазақтың асыл мұраларын көзіміздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жалғастырып отыруымыз қажет.
Жинақтаған К. МАХСҰТ