Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құлболды ишанның батасы

Құлболды ишанның батасы

Бірде Досан Қыпшақ Тілеубекұлы Әнуарбекпен дидарласудың сәті түсті. Онымен жөн сұрасып, әңгіме дүкен кұрдық. Сөз арасында Құлболды ишанның ұрпағы екендігімді білген соң ол көнекөз қариялардан естіген Құлболды ишан мен Тұрсынбай датқаның бір кездесуі туралы мына ғибратты оқиғаны айтып берген еді. Тағылымды әңгімеге сіз де құлақ түріңіз, қадірді оқырман!
Тұрсынбай датқа азанымен ақбоз атына қонды. Жанында бес жылғы ту байталды жетекке алған атқосшысы. Бұл көптен бері ойына алған бір шаруаны тындыруға алған беті еді. Осыдан екі айдай уақыт бұрын датқаның әкесі қайтыс болып, марқұмның жаназасын шығаруға Құлболды ишанға хабар жіберген-ді. Ишан ауылында болмай, намазға келе алмады. Бүгінгі сапарының мақсаты Хан ауылындағы өзі пірім деп қол берген Құлболды ишанға әкесіне Құран хатым етіп, құран аударту. Атқосшының жетегіндегі жылқыны хатым жасаған ишанның босағасына байлау. Осы мақсатты орындауға бет алған Тұрсынбай «Я, пірім» деп атқа қонған еді.
Датқаның астындағы есік пен төрдей ақбоз жорға ауыздығымен алысып келеді. Жорғаны еркіне жібермей, күміспен күмбезделген жүгеннің тізгінін тарта отырып, аттың арынын басып, аяң жорғаға салып келеді. Ақбоз жорғаны еркіне жіберсе, атқосшысы жетегіндегі ту биесімен бірге ілесе алатын түрі жоқ. Ат үстіндегі ер-тұрманның да сәні барынша келіскен. Құрыммен қаптап күмістен шытыра салған қазақы құранды ер, күміспен күмбезделген өмілдірік пен құйысқан, қара қозының жүнінен басқан киізден жасалып таза құрыммен қапталып, сары жібек жіппен сырып өрнек салған тоқым, сары жезден доғасы бар қайыстан жасалған қос айыл, жезден құйылған үзенгі. Қайыс таралғылы үзенгіге аяғын шірей тіреген датқа қолындағы тобылғы сапты сегіз өрім қамшымен ақбоз жорғаны сипай қамшылап, ойға шомып келеді.
Тұрсынбайдың Тәшкен әкімінің жарлығымен датқа болғанына да біраз жылдың жүзі болды. Бұған Тәшкен әмірі датқа міндетін тапсырар кезде:
– Датқаға артылар жүктің салмағы аз емес. Міндетің зор, қолыңда билік те болады. Датқа дегеніңіз менен кейінгі төртінші деңгейдегі билік жасайтын сенімді адам. Өзіңе қарасты рулардың әмірге айтатын мұң-мүддағаларын, беретін өтініш-арыздарын қабылдап, оларға менің берген жауабым мен жарлықтарымды жеткізіп отырасың. Ел тыныштығын, бірлігін сақта. Алым-салық дер кезінде алынсын. Қарамағыңдағы елден әскер жасақта, оған өзің әскербасы боласың, – деп, әмір бұған біраз міндет артты. Содан бері бірнеше жылдың бедері болды. Ел іші тыныштығы иншалла, бөтен емес. Ел-жұрт  бірлігін ала тайдай бүлдіріп жүрген басбұзарлар жоқ.
Тұрсынбай датқа сөйлер сөзге шешен, от ауызды, орақ тілді осы төңірекке беделі бар би адам болса да, ел ішіндегі рулар арасындағы кейбір келіспеушілікті реттеуге, ұрлық-қарлықты тиюға, дау-жанжалдарға бітім жасауға, ел іргесін бекемдеуге Құлболды ишанның беделін ұтымды пайдаланып келе жатқанын есіне алды. Осы жолғы сапарында да Құран хатым жасатумен қатар, елдегі атқарылатын біраз тіршіліктің жай-жапсары жайлы Құлболды ишанмен ақыл қоспақшы.
Намаздыгер шамасында жолаушылар Хан ауылына жақындағанда Құлболды ишанның үйінің алдындағы кермеде еріттеулі тұрған екі ат көрінді. Оның біреуі ишанның тор жорғасы, екіншісі жанында бірге жүретін мүриттерінің бірінің аты болса керек. Аттар тың көрінді, шамасы Құлболды ишан жолдан келген емес, жолаушылап шыққалы тұрғанға ұқсайды.
Тұрсынбай датқалар ауылға тақала бергенде ақ сәлделі Құлболды ишан ақ сұр шапанының етегі делеңдеп үйден шықты да, тор жорғаға қарай аяңдады. Соңын ала сапарға бірге баратын жолсерігі де көрінді.
Құлболды ишан кермеге келіп, тор жорғаның шылбырын шешіп алып, ердің басына ілді де сол қолындағы тізгінді аттың шоқтық жалымен қоса ұстап, сол аяқты үзеңгіге салуға ыңғайлана бергенде, тор жоға елең етіп, қос құлағын шүйдесіне тіктеп, мойынын солға бұра қарады. Құлболды да ат қараған жаққа қарай назар салып еді, түсуге ыңғайланып жатқан Тұрсынбай датқаны көрді. Соңындағы жылқыны жетекке алған серігі де ат басын іркіп жатыр екен.
  – Ассалаумағалейкум, – деп Тұрсынбай датқа сәлем берді.
  – Уағалейкумассалам тақсыр, келдің бе? – деп, датқаның жүзіне назар салды.
Екеуінің аз-кем сәлем сауқатынан соң, Тұрсынбай датқа:
 – Ойыма алған бір мүддағам орындалмай қалып еді, енді бір екінші ойға алғанымды орындағалы келіп едім, тақсыр.
– Е, жөн екен, іркілмей айта беріңіз.
– Марқұм әкеме сізге Құран хатым шығартқалы келіп едім, босағаңызға байлағалы жылқы жетектей келдім.
– Иншалла, ниетіңіз қабыл болсын, жылқыны байлата салыңыз.
Құлболды ишан сол қолы ат жалын ұстап тұрған күйі:
– Тақсыр, мен сапарға шығуға ниет етіп қойып едім, оны бұза алмаймын, баратын жағымда мені күтулі ел бар, айыпқа бұйырмаңыз, – деді де «Алһамду лиллаһ, алһамның берекесін берсін!» деп, оң қолымен ғана селдіреген сақалын жоғарыдан төмен қарай саумалап өтті. Сөйтті де:
– Тақсыр, ас-су ішіп аттанарсыз, Алла жазса сапардан оралған соң жолығысармыз.
Құлболды ишан үзеңгіге аяқ салып, «Биссимил-лаһи ир-рахмани-ир-рахим» деп, атқа қонды да тор жорғаны жолға салды.
Тұрсынбай датқа сол орнында тұрып қалды. «Апырмау мына қожекең мен келгенде аз-кем аял жасамай, тізе бүгіп қатым жасауға қарамай, жол жүріп кеткені қалай? Алты датқаның бірі мені шынымен менсінбегені ме? Әлде әкелген атымды қомсынып тұр ма? Олай болса, атты қайта алып кетсем бе екен?» деген оймен әрі-сәрі күйде бірауық тұрды. «Жоқ болмас, не де болса ниет етіп келдім ғой, атты қалдырып кетейін» деп, байлаулы атына қарай бұрыла бергенде, үйден қаз мойын жез құман мен шылапшынды алып шыққан бозбала:
– Тақсыр, қол шайып, үйге кіріңіз, ас-ауқат ішіңіз – деп еді, Тұрсынбай оған қарамастан байлаулы боз жорғаның шылбырын шешті.
Ту байталды Хан аулында қалдырып, Тұрсынбай датқа ауылына қайтты.
Ауылына келген соң да Құлболды ишанның жасаған әрекеті көңілінен кетпей, ой сорабы көкіректі түйреген осы түйткелекке қарай ойыса берді. Маған бұлай көңіл аудармауының реті жоқ еді ғой, әлде маған көңілі қалған жері бар ма екен? Алдына ат жетектеп барғанда мені менсінбегендей сыңай танытып, үйіне қайта кірместен жол жүріп кетті. Құран қатым жасамай, бір ауыз ғана бата беріп қана қоя салды. Бұның мәнісін қалай түсінуге болады? Бұны ұғындырар кім бар? Не жасамақ керек? Не де болса оның осы әрекетінің сырын ашқан жөн болар. Көңілімді күпті еткенше бұның шешімін табайын деп датқа өз ойын түйіндеді.
Содан соң Тұрсынбай датқа ишанның осы ісінің ақ-қарасына діни тұрғыдан баға беру жөнінде өтініш хат жазып, Бұхара мен Самарханға арнайы шабарман жіберді. Осы хаттарға әуелі Бұхарадан келген жауапта: «Егер,  Құлболды ишанға сіз өзіңіздің оған шаруамен баратындығыңыз жөнінде алдын ала хабар берсеңіз, ол кісі сізді күтуге тиісті болар еді, әрі сізді үйінде отырып қарсы алып, сапарға шықпаған болар еді. Ол кісінің «Алһамду лиллаһ, алһамның берекесін берсін!» деп берген батасы бір ту бие емес, жүздеген жылқының құнынан да артық. «Алла тағаланың жаратқан бүкіл ғаламының берекесін берсін!» деп берілген бұл батадан артық бата жоқ» деген мазмұнда жауап келеді. Ал Самарханнан келген жауапта: «Құран аяттары құнмен, малмен, ақшамен бағаланбайды, оған құн белгілеу мүмкін емес» деген тұрғыда түсіндірме беріледі.
Тұрсынбай датқа осы екі жауап хаттан кейін сабасына түсіп, өзінің пендешілікпен артық ой жетегінде кеткеніне өкінді. Діни сауатының аздығына налыды. Сап, сап көңілім, деп өзін-өзі сабырға шақырды. Өзінің қасиетті ислам дініне күпірлік келтіргенін түсінді. Осы төңіректегі ірі дін өкілі Құлболды ишанмен арадағы қалыптасқан сыйластыққа сызат түсе ме деп қауіптенді.
Бұл жіберген ағаттығыммен жұрт құлағдар болса, ел билігіндегі үлкен беделіме нұсқан келер. Сондықтан не де болса Құлболды ишанның алдынан өтіп, көңіл кірбіңін шаймаса болмас деген тоқтамға келді.
Араға біраз уақыт салып Тұрсынбай датқа Хан ауылына өзі арнайы барып, Құлболды ишанның қолын алып, оны өз үйіне құрметті қонақ болуға шақырды.
Қабдеш ШАҒЫРОВ.
Қызылорда қаласы,
Тасбөгет кенті.

kiltmedia.kz
18 қыркүйек 2026 ж. 37 0