Ақшатауда өскен ақын
Айдынды Арал аузына Тәңір сөз тосқан ақындарымен, қарымды қаламгерлерден кенде емес. Олардың өнегелі өмірлері, ғибратты ғұмырлары жағалаудағы үлкен-кішіге зор мақтаныш. Тақырыпқа арқау еткендей, ақын өскен ауыл деп, Ақшатауды әңгіме өзегіне айналдырдық.Жарасқан Әбдірашевтай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Аманөткел ауылдық округі, Ақшатау елді мекенінде дүниеге келгенін дүйім ел жақсы біледі. Қайталау ойымызда жоқ. Айтпағымыз – аталмыш ауылдағы тыныс-тіршілік.
Ақын «Кірісу» деген өлеңінде:
«Кіріспе» демей,
«Кірісу» қойдым жыр атын.
Кірісу менің –
міндетім,
хақым,
мұратым!
Өмірде мынау бәріне,
бәрі, бәріне,
кірісу керек,
кірісу керек шын ақын! – деп жыр қаузайды...
Иә, ол кірісіп кетті. Жай кіріскен жоқ. Өмір деген ұлы жолды өлеңмен өріп, өшпестей қолтаңбасын қалдырды. Ас әзірлеу үшін тұз қалай қажет болса, мақала жазуға да тақырыпқа соншалықты тұздық керек-ақ. Жоғарыда тоқталғанымыздай, ақынның «Кірісу» өлеңін пайдаланғанымның сыры осында.
Шұрайлы мекен. Табиғаты да алыстан көз тартады. «Қара көл», «Жарық көл» сияқты айдындар бар топырақта өсіп-өнген перзент ақын болмай қайтеді? Жергілікті жұртшылық мемлекеттің оң саясатының жемісін сезінген. Ауылға сапалы ауыз су тартылған. Отызға тарта шаңыраққа бұл айрықша қолдау екені айтпаса да түсінікті. Тереңнен маржан сүзген балықшы қауымның бір қатары ата кәсіпке бет бұрған. Мал шаруашылығы да өз деңгейінде өркендеу үстінде.
№291 Ақшатау негізгі мектебінің директоры Мақсат Өмірзақовпен тілдескенімізде, осы жайтқа қанықтық. Сондай-ақ ол өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен заманауи мектеп ел игілігіне берілгенін мақтанышпен жеткізді.
Болашақ иелеріне сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында білім ұясының мұғалімдері аянбай еңбек етуде екен. Педагогтер шәкірттердің қабілетін дамытуға және белсенділігін арттыруға барлық күш-жігерін жұмсауда.
Туған дала,
таңдарыңа атпаған,
өмірі ұзақ өлең болып аттанам!
Ерте өлсем де,
өртенсем де отыма,
борышымды тірілерше атқарам, – деп тебіренгенінің түп төркіні тереңде екен-ау.
Мекке менен Мәдинеде,
түпқағазым – тірегім,
Түркі елінің қағбасындай,
Түркістанда жүрегім.
Ақ жолыңа мойынымды,
ұсынғанның бірі едім.
Жан-жағына қайырымды,
мұсылманның бірі едім!
Қолда мына шайырыңды!
Оңда, Құдай, тілегін!
Осылай сөз сабақтаған жүректен шыққан сөзі қабыл болғандай көрінеді маған.
...Қарап отырсақ, ақынның өшпес рухы ауылдастарын желеп-жебеп, қолдап-демеп жатқандай. Кемел келешекке көз тіккен оқушылар жаңа мектепте Жарасқан жырын жатқа оқып, ой-танымдарын кеңейтуі соның бір айғағы шығар.
А.Жайшылық










