Арал дауысын алашқа танытқан ақын
...Жаңа кітап десе жамырай жармасамыз, тың дүние десе жабыла таласамыз. Бұл – руханият саласына деген, соның ішінде ақы сұрамайтын кітаптай құндылыққа деген құштарлықтың көрінісі болар бәлкім... Жуырда ауданға ғана емес, республикаға танымал ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының көрнекті өкілі, қаламы қарымды қаламгер Толыбай Абылаевтың жаңа кітабы «Арал дауысы» атты тақырыппен мемлекеттік тапсырыс арқылы жарыққа шықты. Қолға тиген сәттен-ақ парақтауға асықтым. Өйткені Бөгеннің бел баласының ойлы өлеңдері кім-кімді де ойландырмай қоймайтынын ол кісімен алғаш танысқан кезден-ақ білетінмін. Алла аузына сөз салған ақынның бұл жолғы сарыны тіптен бөлек. Кезекті жыр жинағына соңғы жылдары жазылған өлең жырлары мен балладалар, дастандар топтастырылған. Сондай-ақ туған жер төңірегіндегі ойлы өлеңдер Толыбай Абылаевтың елжанды болмысын, өскен өңірге деген шынайы махаббатын айна-қатесіз паш етеді. Белгілі ақынның шұрайлы тілі, шымыр шумақтары еріксіз көпшілікті өзіне тартады.
Аталмыш кітапта «Арал дауысы», «Теңіз жырлары», «Балықшы», «Теңіз түбіндегі кент», «Балықтар» сынды өлеңдер көпті толғандырып, ел мен жерді сүюге үндейді. Бұдан бөлек, ақын жетпістің желкенін керген ғұмыр жолын асқан шеберлікпен жеткізіп, қиындықтар мен қызықтарды өлеңмен өреді.
Толыбай ақынның шәкірті ретінде ізінде көп жүрдім. Кейде тарих төңірегінде сыр суыртпақтаймыз. Сонда тарихты тарқата түгендейді. "Ақын болмағанда білдей бір тарих ғылымдарының профессоры болар ма едіңіз" деп әзілдеймін. Шынында да қолға тиген кітапта Толыбай ағамыз «Жәңке батыр», «Теке Төлеш батыр», «Ақсауытты Айдарбек батыр», «Матығұл Нұрбай би», «Ақмешіт бекінісі» сияқты өткеннен сыр шертетін дастандарды да дестелейді.
Ақын «Арал дауысы» туралы жазған өлеңін былайша өрген екен:
Мен – Аралмын,
Аралмын...
Аңызбын мен,
Арым асқақ,
Намысым нағыз мүлдем.
Асыққанға Ана боп құшақ жайып,
Ашыққанға барымды бөліп беріп,
Таңдайына нәрімді тамыздым мен.
Кім біледі?
нәтімді – негізімді,
Кім ембеген телегей теңізімді?!
Қашырамын құтын мен қас дұшпанның,
Асырадым ордалы оғызыңды...
Заманның зіл батпан тарттым жүгін,
Қалжыраған,
қаусаған қартпын бүгін.
Мен – Аралмын,
жазғанның пешенеме,
Жаралғалы сан талай таттым түрін...
Дәл солай! Ол теңіз деп тебіренеді. Жағалаудың нағыз перзентіне тән сөзді сөйледі. Ол айтатын кезде нүктесін қойып айтты. Енді бірде:
Ақтарыл абыз көңілмен,
Болма ақын байғұс шерменде.
Дүрілдеп өтем өмірден,
Дүниеге бекер келгем бе?!
Парқына ненің жетіппіз,
Патшалар ішкен бұл шарап.
Артықтау кейде кетіппіз,
Ал ғұмыр болса – құм сағат, – деп көңіл пернесін шертеді. Бұдан бөлек, «Ақша туралы аңыз» деген өлеңінде:
Ақша! Ақша!
...боп кетіпті ой санамыз,
Ақша жайлы тарих айтады аңыз,
Құлы болып кеткен соң көк қағаздың,
Қайдан ғана, құдай-ау, жай табамыз?! – деп қоғамның бүгінгі бейнесін сомдайды.
Жалпы ақын өлеңінде өмір бар, шалқыған көңіл бар. Патша көңілді оқырман оны салғаннан ұғары анық. Зейнолладай ақынның ізін һәм жолын жалғаған Аралдың Толыбайының дауысына сізде құлақ түріңіз. Ол үшін оқыңыз, жүректен шыққан жырларды көңілге тоқыңыз.
АБАЙ ЕЛЕШ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі








