Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жазушылар Одағының жалғыз мүшесі

Жазушылар Одағының жалғыз мүшесі

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев естелік күнделігінде: «Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз – өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек» дейді. Расында, олар қарапайым ғана күнделікті өмірді өзгеше түсіне біледі. Басқаша көзқараспен қарап, оны сананың елегінен өткізіп, айналасындағыларға өзгеше жеткізе алады. Ақынды «халықтың жанашыры, ақиқаттың сарбазы» деп тануы да сондықтан болар. Ал жүректің толқынысы мен ішкі арпалысты үйлестіре отырып, жанынан бөлініп шыққан жырды жүрекке жеткізе білу жүздің қолынан келмейтін керемет қасиетке баланары ақиқат.
Бүгінде қазаққа белгілі журналист-жазушы, Журналистер одағының мүшесі және Аралдың Құрметті азаматы Толыбай Абылаев 2012 жылдан бері аудандағы жалғыз Жазушылар одағының мүшесі. Ақынның әр шығармасынан теңіздің ақбура толқыны, жағалаудағы майда самал мен тап-таза саф ауаны сезінгендей боламыз. Өйткені ол өмірін Аралмен байланыстырды, теңізден тамыр алды. Туған жерге деген құрметін, махаббатын жүрегінде сақтап келеді. Сонысымен өмірге өзгеріс алып келді.
Жетпістің желкенін керген ақынның қазірге дейін 13 авторлық-поэзиялық және бірнеше деректі кітаптары жарық көрген.
Ол 1974-1977 жылдары Шымкент, Алматы қалаларында өткен Қазақстан жас ақын-жазушыларының кеңестерінде, 2015 жылы Астана қаласында өткен Евразия ақын-жазушыларының Конференцияларына қатысқан. Сонымен қатар Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері және облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері.
Поэзия әлемінде ақын атын қалдырғанына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әскербек Рахымбекұлының: «...Ақын Толыбай Абылаевтың «Алтын бесік» атты топтама өлеңдері мені қатты қызықтырды. Әсіресе «Босағаңнан бақ пен дәулет бірге енсін, тойың бүгін, ойың-қырың түрленсін. Батпан дауға қалдырмаған жақсысын, шапқан жауға алдырмаған іргемсің» деп өрілетін өлең жолдары ғажап. Поэзия табиғатын дәл тапқан ақынның өлеңдерін жырқұмар қауымның үлкен олжасы дер едім» дегенінен бөлек талай тарлан ақынның пікірін тізбектей жаза берсек болатын шығар. Тіпті қазақ поэзиясының қадірлісіне айналған Қадыр Мырзалиевтің өзі «...Автордың айтып отырғаны өз ауылы, әрине. Бірақ сен оны өз ауылыңдай көресің. Ақынның жазып отырғаны өз сағынышы, әрине. Бірақ сен оны да өз сағынышыңдай қабылдайсың. Өлең-жырдағы жалқы сезімнің көркемдіктің арқасында жалпы халықтық сезімге айналуы – өнер бақыты...» деген еді.
Қос өнер қатар қонған Толыбай Абылаевтың жақында жарық көрген «Ақмешіт бекінісі» жыр кітабы көпшіліктің көңілінен шығып, оң бағасын алды. Әлі күнге қаламын жанынан алыстатпаған жанның шығармашылығы халық жүрегінде қашан да сақталып, өлеңі көкейде сайрап тұра бермек.

Гүлмарал САҚТАПОВА
27 тамыз 2024 ж. 157 0