Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кіндігі Аралға байланған ақын

Кіндігі Аралға байланған ақын

Ақын – адамзаттың қатарынан. Адам болып өмірге келіп, жұрт қатарлы ғұмыр кешкенімен «ақын» деген атақты ерекшелеп беруі оның болмысының, рухани қазының тереңдігінен деп түсінген абзал. Әлбетте тілдің тазалығы мен ойдың ұшқырлығы да ақынның басты қаруының бірі саналатыны даусыз. Бірақ алмастай өткір тіл мен өздері барып көрмеген ғарышты санамен танып, сөзбен суреттейтін қанатты ой түйсікпен ұштаса келіп, тартымды өлең мен сәтті туындыны жарыққа шығарады.
Расында олар қарапайым ғана күнделікті өмірді өзгеше түсіне біледі. Басқаша көзқараспен қарап, оны сананың елегінен өткізіп, айналасындағыларға өзгеше жеткізе алады. Ақынды халықтың жанашыры, ақиқатты сарбазы деп тануы да сондықтан болар. Ал жүректің толқынысы мен ішкі арпалысты үйлестіре отырып, жанынан бөлініп шыққан жырды жүрекке жеткізе білу жүздің қолынан келмейтін керемет қасиетке баланары ақиқат.
Міне, Алладан берілген асыл қасиетті жанынан жырақтатпай, арына, қаламына серік ете білген болмыс иесінің бірі – Толыбай Абылаев. Көнебөгеннің топырағында туып, теңіздің асау толқынын сезініп өскен Төкеңнің тұлғасы біз үшін өлеңнің бейнесі іспетті көрінеді. Аралдай шалқар шабыттан туған тұма тамшыдай мөлдір өлеңінен махаббатты да, қоғамның бейнесін де, Аралдың жанайқайы мен әлемнің құдіретін де тануға болады. Себебі оның өміршең өлеңдері танытпасқа, өлеңді мойындатпасқа қоймайтын музарт секілді талай парақтарда сайрап жатыр.
Бірақ өмірге жырдың жалауын желбіреткен көп ақынның қатарындағы қаламгер болып келгенімен, өлеңге өзгеше леп алып келді. Әр шығармасынан теңіздің ақбура толқыны, жағалаудағы майда самал мен тап-таза саф ауаны сезінгендей боламыз. Өйткені ол өмірін Аралмен байланыстырды, теңізден тамыр алды. Туған жерге деген құрметін, махаббатын жүрегінде әлі сақтап келеді.
Сонысымен өмірге өзгеріс алып келді. Ақиқат жырларында Аралдың зары жатты, ұрпақтың қамы жатты. Мөлдір сезімге толы өлеңдерінен Хафиздің:
«Бір меңі үшін қияр едім,
Самарқан мен Бұқараны» деген жыр жолдарындағыдай суреттеуі емес, керісінше туған жерге деген құрметі көрініп тұрады. Бүгін жетпістің желкенін керген ақын Толыбай Абылаев әлі күнге қаламын жанынан алыстатқан емес.
Эколог-жазушы, «Парасат» орденінің иегері, Арал ауданы және Қызылорда облысының құрметті азаматы Сайлаубай Жұбатырұлының: «Толыбай – ақын мына дарқан дүниедегі қайталанбас бір сұлулық – сонау Көк теңіздің толғанысты айдынына шомылып, тарпаң толқындарын жара, жуасыта жүзу бақытына ие болған, теңізжанды бала еді кезінде. Алуан-түрлі сезімдер қанаттануының кең байтағы еді сол айдын. Теңіз-судың ой жетпес көңіл құбылулары – түрлі қиял шарықтауларына, мінезді толқындарының қаталдау тепкіндері мен қатқыл алақандары – қайтпас қайсарлыққа, өршіл ұмтылыстарға шақырып тұратындай бір қасиеттер еді. Біз сол жағалауларда өстік. Арамыз 3-4 жас шамасында ғана. Жайын ауыз сары бала Көнебөген ауылынан біздің Қамау ауылының жанымен Бөген «шаһардағы» мектептегі оқуына қатынап жүреді. Сонау ауылдардың табалдырығын күндіз-түні шуылдай дем тартып, Қалия-басаттың жалықпас толқындары жуып жатады. Әлгі «оқуға қатынау» жолдарында, балалар қисабына сай, қапелімде достасулар мен ауық-ауық шекіс-қақтығыс дегендер де болып тұрады. Солардың ешбірінде, кейін десант әскеріне барып, жалаң қолымен тас уататын жауынгер болған баланың көрсеткен бір оқшау мінезі немесе түр-түсі есімде қалмапты. Сірә, сол кезден сынық мінез, кеңқолтық көңіл – оның өзінің айнымас-бұлжымас табиғаты болса керек» деген сөзінен балалығынан бастап болмысын анық аңғарамыз.
Иә, ол толқынның жағасында өсті. Алақандай ауылда туып, әлемнің құндылықтарын жұдырықтай жүрегінде жырлата білген Төкеңнің табиғаты қай кезде де елден жырақтаған емес. Әлі күнге балалығын өскен ауылды даналығы толысқан шақта да балаша аңсап тұрады.
«...Ауылдың ақ пейілі болмаса егер,
Ақын боп өмір сүру қиын маған...» деп жырына қосқан Толыбайды ата топырағы ұмыт қалдырған емес. Оған уақыт куә. Биылғы құрмет жасына келген шақтағы елдің құрметі дәлел.
«Босағаңнан бақ пен дәулет бірге енсін,
Тойың бүгін, ойың-қырың түрленсін.
Батпан дауға қалдырмаған жақсысын,
Шапқан жауға алдырмаған іргемсің...» деп өлеңіне қосқан перзентін елге шақыртып, ақынның құрметіне тағылымды кеш өткізгені Төкең елін қалай сүйсе, елі оны одан да биік қоятынын анық көрсетіп тұр емес пе?! Мұнан бөлек жетпіске алқынбай жеткен ақынның атын асырған талай шара аудан көлемінде де өткізілді. Туған жер мен өскен елінің құрметіне бөленген марғасқа ақында арман бар ма?! Табалдырықтан биік тау жоғын жиі еске алып жүретін жырдың жампозы поэзия әлемінде ақын болып қалғанымен, Аралдың тарихында алтын перзентке айналғаны осы емес пе?!
Поэзия әлемінде ақын атын қалдырғанына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әскербек Рахымбекұлының«...Ақын Толыбай Абылаевтың «Алтын бесік» атты топтама өлеңдері мені қатты қызықтырды. Әсіресе, «Босағаңнан бақ пен дәулет бірге енсін, тойың бүгін, ойың-қырың түрленсін. Батпан дауға қалдырмаған жақсысын, шапқан жауға алдырмаған іргемсің» жолдары ғажап. Өлең табиғатын дәл тапқан ақынның өлеңдерін жырқұмар қауымның үлкен олжасы дер едім» дегенінен бөлек талай тарлан ақынның пікірін тізбектей жаза берсек болатын шығар. Тіпті қазақ поэзиясының қадірлісіне айналған Қадыр Мырзалиевтің өзі «...Автордың айтып отырғаны өз ауылы, әрине. Бірақ сен оны өз ауылыңдай көресің. Ақынның жазып отырғаны өз сағынышы, әрине. Бірақ сен оны да өз сағынышыңдай қабылдайсың. Өлең-жырдағы жалқы сезімнің көркемдіктің арқасында жалпы халықтық сезімге айналуы – өнер бақыты...» деген екен.
Қазірде Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы атанған Толыбай ақын 9 поэзиялық жинақтың, 12 деректі кітаптың авторы. 1974-1977 жылдары Шымкент, Алматы қалаларында өткен Қазақстан жас ақын-жазушыларының кеңестерінде, 2015 жылы Астана қаласында өткен Евразия ақын-жазушыларының Конференцияларына қатысқан. Сонымен қатар Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.
Жыр әлемінде өзіндік орны бар ақын халықтың жүрегінде де қашан да сақталып, өлеңі санада сайрап тұра бермек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
20 желтоқсан 2022 ж. 1 179 0