Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмір, саған ғашықпын! (Әдеби эссе)

Өмір, саған ғашықпын! (Әдеби эссе)

Қазақтың биқисап аталы сөздерінің ішіндегі ең бір текті лепес – «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын». Осынау сөздің ойға оралуы әрине себепсіз емес. Әділіне келсек, ар жолы – әдебиет жолындағы ақындық жаратылысын, адамдық пейіл дегдарын артық мақтап жатпай-ақ, бойында барын ашып айтсақ та жетіп жатыр. Өлең – өмірді тану, өзіңді тану ғылымы. Өмірдің сан тарау соқпағы мен мың түрлі айшықтарын, бұралаң бұлтарысы мен қия жол қалтарысын өлеңмен өрнектеу – ол екінің біріне беріле бермейтін бақ. Біз сөз етпек болып отырған кейіпкер өлкеміздегі  әдеби-мәдени, ақпараттық-танымдық «Арал әлемі» газетінің бас редакторы, өңіріміздегі шығармашылық ортаның аға буынының бірі, маған алғаш болып батасын берген, жас қаламгерлердің жанашыры – Ерғали Абдулланың «Өмірімнің өлеңдері» атты кітабы.Әсілі, өлең жайлы ой түю – оңай шаруа емес. Олай дейтін себебіміз:Бір шумақты баптау үшін,
Он шумақты өшірдім.
Достың көбін сақтау үшін,
Сатқындығын кешірдім, – деп ақын Күләш Ахметова айтқандай, сол өлеңнің өзі де қағаз бетіне бейжай келе салатын шимай-шатпақ нәрсе болмағанында. «Өлеңді оқуға болады, жаттап жатқа айтуға болады, бірақ оны түсіндіруге болмайды» деген тәмсіл бар. Себебі ақын өлең жазып жатқан уақыттағы миллиондаған ваттық энергия сынды ойдың бұлқынысы, сезімнің сапырылысы, жүректің тебіренісі арқылы туған өлеңді бір оқып алып, пәлен-түген деу барып тұрған қиянат. Өлең – өнердің ішіндегі ең бір ерекше, әрі жұмбақ құбылыс. Әрине бұл жерде әңгіме нағыз өлең жайында болып жатқанын оқырманның есіне сала кеткім келеді.
Аталған кітаптың алғашқы бетіндегі «Тоба ету» өлеңіне назар салайықшы:
Бағлан ойларым – базарым,
Жанымның жарасы – жазарым.
Жұрт үшін табаным тозады,
Өзіме келгенде – аз әлім...
...Төзімім алдырмас – қорғаным,
Нәпсіге тәпсіршіл молдамын...
...Бейуақытта бейжай боп жатамын,
Өмірдің ұмытып жалғанын, –
дейді. Дүниенің жалғандығын ұмыту оһ, қандай шексіздіктің ғажап сәті! «Жалғандық» ұғымын ұмыту – «ақиқатқа» көз жеткендегі ішкі сезім болса керек. Осы жерде жапон ақы­ны Сайгенің «Өлең жазып отырғанда, оны жа­зып отырғаның туралы ойланба» дейтін сөзі бар. Рас, кейде тіпті өлең оқып отырғанда, оны оқып отырғаның туралы да ойлана алмай қалатын сәттерің болады. Міне, адам жанының инженериясы болған әдебиетке тірі мысал. Ойға қаласың. Келесі бетін парақтап, көзің тағы бір дүниеге «үшбұрыштана» қарайды:
Өлі арада Ай қараған адамдай,
елеңдеймін,
Алаң болған санамды-ай..!
...Түсінбейді деймін мені ел неғып,
Жүрегімді қойған неден кенде қып?!
Қол созамын періштелер бағына,
Тұсаулап тұр пенделік...
Егер осы бір өлеңнен рухтың шексіздікке ұмтылысын аңғаратын секілдіміз десек, мына бір өлең жолы осы ойды нақтылай түседі:
Көзім өткір,
Көрместерді көремін,
Жүрегімнің жыр бұлағын төгемін.
Сұрқай, шамшыл ойларымды серпимін,
Қайда менің нұрлы, аппақ әлемім?!
Поэзияның аспан әлемімен, шексіздік жүйе­сімен, жұлдызды әуемен байланысуы ерекше құбылыс. Ақын Ақберен Елгезектің «Біздің қазақ поэзиясында жұлдызды аспан суреткерлері Гогендік я Ван Гогтық тап-таза еркін сарын жақсы сипат алып келе жатыр» деген сөзі еске түседі.
Ерғали ағаның «Аквариумдағы балық» өлеңі – метафоралық параллелизм. Соңы «Өлең жазып мұңайып отыр ақын...» деп бітеді. Шы­ғыс шайырларын оқып таңдай қаққан Гете: «Дү­ниеге түскен жарықшақ әуелі ақынның жүрегінен өтеді» деуші еді ғой. Мұң – ақынның символы тәрізді. Қоғамның халін ең бірінші байқайтын және оны тамыршыдай дөп басатын да ақын. Сондай сәттерде ақын мұң артында мұнар қуып мұңайып отыра бермейді, қайта «улы сия, ащы тілмен» қан шығармай сойып сала­тын кекесін, зілді сықақпен қоғамның бет-бейнесін әшкерелейді. «Ағып тұрған МАИ екен», «Салауаттылық сабағы» сынды сатиралық өлең­дері мен «Портрет» ирониялық сарказм өлеңі осыған дәлел:
Маңғаз, мимырт майпаңы, миығында мысқылы,
Періште мен пенденің қоспасындай ысқыны.
Бал тамады тілінен, зар тамады ділінен,
Жағасы жүр белінде, мойнында жүр ышқыры.
Экспромт! Соңына зер салсаң:
Бауыры жоқ тас емен, көзі басыр көретін,
Шеміршікке айналған жұлдызқұрттай жүрегі, –дейді. Жалпы, ақын шығармашылығында мыс­қыл мен әжуаның орны бөлекше. Жасыратыны жоқ, өлеңді оқып отырып көз алдыңа «Дориан Грейдің портретіндей» боп хамелеон-бейне тірі кескін-келбеттер көлбеңдеп тұра қалады. Бұл ақынның поэтикалық шеберлігі. Ерғали Абдулланың осы тектес «Еркектер жиналысы», «Жеңгелер келіп қалыпты», «Күлеміз бе, қайтеміз?!» интермедия пародиялық сатира­ла­рынан да күнде сіз бен біз базарда, көшеде, жұмыста, мейлі қайда болса онда болсын көріп жүрген әпенділердің прототипін аңғарамыз. Шаншар тілдің шаншуы қатты-ақ! «Моншақтай әңгімелерінен» екі ауыз сөз келтіре кетейікші:
«Алғыс»
Мәртебелім, аса үлкен құрметіңізге мың рахмет! Алайда мен мұндай тым ерекше ықы­ласыңызға татымаймын-ау. Өйткені, менің шындықты айтып, ақиқатты жазып қоятын «жа­ман» әдетім бар.
Екі түрлі «бала»
Жасы біразға келсе де «мәңгілік бала» кейпінде қалатын кісілердің екі түрі бар:
Біріншілері – жүрегінің сәбидей пәктігін сақ­тап, аппақ, таза күйінде қалғандар; екіншілері – баяғы ақыл-ойы қылаудай да өспей, сол бала кезіндегідей қалпында қалғандар.
Бұлардың алғашқылары – ақындар да, соңғылары – ақымақтар...
Ерғали аға бірде маған: «Батыс, Шығысты білген жақсы, алайда, туған өлкеңе тамырыңды жібер!» деген еді. Рас, тамырсыз ақын қаң­бақ­қа ұқсайтынын енді-енді аңғарып келе жат­қан­даймын. Ол жайлы әңгіме өз алдына ұзақ. Біз бұл жерде ақынның өскен өңіріне байланысты өрімдерін айтқанымыз жөн. Арал тағдырына ақын жаны шын елжірейді. Оның Арал тағдырына арнап жазған өлеңдері классик жазушы Сакё Комацудың «жоғалып кеткен Жапониясын» ізде­ген зарына ұқсайды:
...Қара құйын қылғынды алас ұрған,
Ақ тозаңнан көк аспан аласарған.
Жалмауыздың шашындай дудырайды,
Ұшан теңіз орнында қара шалаң.
Тағы бардым теңізім бар ма екен деп,
Толқын соғар жағалау жар ма екен деп,
Құйын кезген сортаңда сарын інген мен
жатыр екен түйекеш шал мекендеп...
Поэзияның миссиясы – көңіл иірімдерін айшықтау. Дәуірлер поэзиясының антологиясын зерделей келе, бүгінгі заман поэзиясы – тұтас ұлттың массасындағы жырлардан гөрі, әрбір ақынның жеке субстанциялық ішкі түйсік тол­қыныстарын жырлауға бет алған секілді. Әри­не, адамзаттың, қоғамның, әлеуметтің проблемасына шынайы ақын ешуақытта бейжай қарамайды. Десек те, біз айтпақ болған ой, қара­пайым кішкене адамдардың жан-дүниесін бүгінгі күннің ақындары басты кейіпкері қып ала алғандығында. Ерғали Абдулланың «Өмірімнің өлеңдері» кітабын оқып отырған мен де сол кітаптың қарапайым бір кейіпкері екендігімді түйсіндім һәм сезіндім.
...Сойылыңнан солқылдайды қос шеке,
Сонда-дағы, өмір, саған ғашықпын!
...Сығып-сығып шымшықтайын жүректі,
Жыр жазамын шыпшып аққан қаныммен...
деген ақын жүрегі әдебиетке алғаусыз адал. Қай өнердің иесі де – әулие. Өлең өлкесінде жүрген қандай да қандай әдебиетші қауым ой-санасы мен сезім-түйсігін дақ түсірместен тап-таза ұстау керек. Осыдан келіп «Әдебиет – ардың ісі» екендігі ап-айқын дүние боп шыға келеді. «Өлең, шіркін, өсекші жұртқа жаяр, Сөзімді тоқтатайын айта бермей» деген Абай сөзімен тәмамдайтын болсақ, Ерғали Абдулла ақынның айтар шайыр ділі:
Тамшы мұңым серпілсін шемен сана,
Бастау алар ақ бұлақ – терең саға.
Түк бітірмей жалғаннан өте барсам,
Менен қалар бір белгі өлең ғана...
Дархан Аманжолұлы.
23 шілде 2019 ж. 2 601 0