Ақмешіт бекінісі
Дархандықты,
Кеңдікті.
Серілікті,
Салқамдықты,
Елдікті.
Менің осал болуға түк жоқ қақым,
Бұл далада Ел тұрғанда ең құтты...
Иә, туған елдің тағдыры кімді де алаңдатады. Әлемде туған жеріне өлең арнамаған ақын, ән арнамаған музыкант, шығарма арнап жазбаған жазушы жоқ шығар, сірә да! Ол ел баласы кейінгі ел ағасы болса, әңгіменің жөні тіптен бөлек. Жақында ғана Арал ауданындағы Ескібөген елдімекенінің тумасы, бірнеше жинақтың авторы, Қазақстан Журналистер және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ж.Әбдірашев атындағы Республикалық әдеби сыйлықтың иегері, ақын Толыбай Абылаевтың ауданның 85 жылдық және Қызылорда қаласының 205 жылдық мерейтойына арнаған жаңа «Ақмешіт бекінісі» жыр кітабы қолыма тиді.
Айдында Арал мен қарт Қаратаудың арасын қадым заманнан жайлаған Сыр бойының өткені мен бүгіні туралы бұл кітапта өңіріміз туралы өлеңдермен қатар балладалар, тарихи тақырыптағы поэмалар бар. Өңір тарихынан сыр шертетін жырларды оқи отырып түрлі оқиғаларға, тарихи деректерге қанығамыз.
Оның ішінде кітаптың аты айтқан «Ақмешіт бекінісі» мен «Қарақұм құрылтайы» поэмаларының орны ерекше. Арал мен Қызылорданың көне тарихынан шынайы оқиға негізінде жазылған поэмалар көз алдыңа сол заманды еріксіз әкеледі.
Көркемдігі кестелі, тілі жатық ақын Толыбай Абылаевтың бұл шығармалары оқырман көңілінен шығары сөзсіз.
Гүлмарал САҚТАПОВА