Қаламгерлер қарашаңырағы
Ұлт руханиятының айнасы – оның әдеби шығармашылығы. Ел мәдениеті мен тарихында ерекше орын алатын қазақ әдебиеті киелі орда. Қазақ әдебиеті – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы. Қазақтың сан қилы тарихын, бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын білгісі келген адам әуелі оның әдебиетіне үңілсін. Өз тәуелсіздігімен, егемендігімен қайта қауышқан қазақ елі-туған әдебиетінің кешегі тарихына, бүгінгі тағдырына деген көзқарастың астарында жатқан тарихи жауапкершілік пен елдік мұраттың айрықша салмағын саралай білді. Осы арқылы біз ұлттық құндылықтарымыздың бағасын таразылаған, мәңгілікке қызмет ететін ұлттық идеяның өміршеңдігін аңғартқан туындыларды қазақ прозасының аса құнды мұрасы ретінде қабылдауға тиіспіз.
1925 жылы 18 маусымда РК(б)П Орталық Комитетінің «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» деп аталатын арнаулы қаулысының қабылдануына орай, сол жылғы 12 шілдеде РК(б)П-ның Қазақ Өлкелік Комитетінің секретариаты Қазақстанның пролетариат жазушыларның ассоциациясын (ҚазАПП) ұйымдастыру жөнінде ұйғарым жасады.Құрамында С.Сейфуллин, Б.Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды. Бұл ұйымға республикадағы әдебиет күштерін біріктіру және пролетариат жазушыларының Бүкілқазақстандық 1-конференциясын әзірлеу тапсырылды.
Осылайша жазушылар одағының іргетасы 1934 жылы қаланған. Құрылтай кезінде Ілияс Жансүгіров төраға болып сайланды. Бірақ Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды белгілі тұлғалардың ерен еңбегі оның одақ болып қалыптасуына үлкен септігін тигізді. Қазақстан Кеңес Жазушыларының 1-съезі сол жылдың 12-18 маусым аралығында өтті.
Қазақстан тарихы мен шежіресін сақтауда сүбелі еңбек етіп келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағы бүгінде 90 жылдық тарихты өткеріп келеді. Құрамында проза, поэзия, драматургия, көркем аударма, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, публицистика мен очерк, сатира, орыс әдебиеті, неміс әдебиеті, корей әдебиеті, ұйғыр әдебиеті жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істейді.
Қазақстан Жазушылар одағы туысқан республикалардың жазушылары ұйымдарымен байланысты нығайтты және Азия, Африка жазушыларымен, мәдениет қайраткерлерімен де ынтымақтастықты күшейтті. Осының нәтижесінде 1973 жылы Азия мен Африка елдері жазушыларының 5-конференциясы Алматыда өтті.
1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағының он шақты мүшесі болса, қазіргі уақытта 810 мүшесі бар. Қазақстанның 11 облысы мен Астана қаласында бөлімшелері жұмыс істейді.
Бүгінде ауданымызға белгілі журналист-жазушы, Журналисттеродағыныңмүшесі және ауданның Құрметті азаматы Толыбай Абылаев 2012 жылдан бері Жазушылар одағының мүшесі. Ақынның әр шығармасынан теңіздің ақбура толқыны, жағалаудағы майда самал мен тап-таза саф ауаны сезінгендей боламыз. Өйткені ол өмірін Аралмен байланыстырды, теңізден тамыр алды. Туған жерге деген құрметін, махаббатын жүрегінде әлі сақтап келеді .Сонысымен өмірге өзгеріс алып келді. Жетпістің желкенін керген ақын Толыбай Абылаевтың қазірге дейін 12 авторлық-поэзиялық және бірнеше деректі кітаптары жарық көрген. Әрі әлі күнге қаламын жанынан алыстатқан емес.
Ол 1974-1977 жылдары Шымкент, Алматы қалаларында өткен Қазақстан жас ақын-жазушыларының кеңестерінде, 2015 жылы Астана қаласында өткен Евразия ақын-жазушыларының Конференцияларына қатысқан. Сонымен қатар Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.
Иә, қалай десек те қазақ болған жерде әдебиетіміз, әдебиет болған жерде оған деген халықтың ыстық ықыласы өшпек емес. 90 жылдық белесті өткерген Жазушылар одағының ғұмыры ұзақ болсын демекпіз.
Г. САҚТАПОВА