Сартай батыр
Сыр бойынан 17 жасында «Мың баланы» еліміздің тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атауымен айшықты ұлы жосынға бастап барған Сартай батыр туралы аңыздар мен әңгімелер көп. Алайда нақты деректер мен зерттеулер өте аз екені мәлім.Сартай батыр жайында Левшиннің «Описание киргиз-кайсаңких орд и степей» деп аталатын еңбегінде (Алматы, «Санат» баспасы, 270 бет) айтылып өтсе, атақты тарихшы А.Л.Вяткиннің «Сырым батыр» кітабында атамыздың аты аталады, сонымен қатар М.Бижановтың еңбектерінде, А.И.Тевкелевтің күнделіктерінде кездеседі.
1732 жылы 6 наурызда А.И.Тевкелевпен әңгімелескен Орынбор генерал-губернаторы Отто Игельстромның 1775 жылғы Кіші жүзді басқару жөніндегі реформасы бойынша Сартай батыр мен Қаракөбек би және Мұратбек би үшеуі Әлімұлы тайпасын басқарады. Мұнан басқа құжаттарда Сартай есімі кездеспейді.
Қайтыс болған және туған жылдары белгісіз. Ен жайлаған жері – ауданымыздағы Ақшатау өңірі. Қорымы – Қызылқұмда. Кейінгі ұрпақтары қойған белгі Ақшатау көлі маңныдағы Ақшатау атты шоқыда.
Қарашора Қоқым бидің асында ат шаптырып, Қырғыз Қоқым бидің немересі Қарашора Қармыс би аламанға 5000 жылқы, 1000 нар, 600 қой, 1000 сиыр, 600 нардың үстіне атлас кілем жабылатынын хабарлайды. Оны ақын Нұрмағанбет Қосжанұлы Әйтеке би атынан «Сартай батыр» дастанында былай толғады:
Ас иесі бес Шекті,
Атың келсе бәйгеден.
Мал басына бармаңдар,
Бір тұяқты алмаңдар.
Жауда қалған Орта жүзге.
Көрсетіп көмек беруге,
Сол жүлдені қамдаңдар.
Осы аста 60 ат бәйге алады. Қазыбектің Ақжелеңі бірінші, Сартайдың Шалқасқасы екінші келеді. Олжа мал түгелімен Орта жүзге айдалады («Сартай батыр» дастаны, Н.Қосжанұлы, 79 бет).
Міне, ел басына күн туғанда Үш жүздің ұлы билері Төле, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер ел басын қоса біледі, ауырды бірлесе көтереді, елге көмек ұйымдастырып пана болады, жаудың алдын алады.
Жоңғар жосынында жеңілістен көз ашпаған, алайда беті қайтпаған қазақтар есін жиып, тәубеге келіп, қайта шабуылды бастайды.
Осы соғыста Кіші жүз Жақайым руының төбе биі Байжанның 17 жасар ұлы Сартай бастаған мың бала жау шебіне кіріп, тұңғыш рет әскери тәжірибеден өтеді.
«Бұл елдің жігіттері жоқ па? Кілең сіресі кеппеген балаларын әкеліпті ғой» деген ағайынға Әйтеке бабамыз: «Бар ғой... Неге жоқ болсын... Әне Бақтыбай мен Пұсырман, Бүкіректер Шектінің туын жығар деймісің? Қашанғы қазақтардың әдеті ғой, ана ауылға тиер жау біздің ауылға да жетер деп ойлайды ма? Ал жігіттер болса үйде қалған келіншегі мен балаларын сағынып, түн жамылып тайып тұрады. Соғыс ұзаққа созылатын түр бар. Бүгінгі бала – ертеңгі жігіт, бір өзі он жетіге татитын қыранға айналады әлі» деп жауап береді.
Би бабамыз айтқандай-ақ бес жылдан кейін елге оралған Жылқайдар, Жылқаман, Толыбай мен Төркінбайлар атақты батырлар санатына қосылады. Ал Сартай батыр Үйсін Төле биден бата алып, кейін бір тайпа елдің ұранына айналады.
Жоңғарлар мен қазақтар Қарағайлы өзенінің Бұлантыға құяр сағасында кездеседі. Беттескен екі жау сап түзеп тұрып алады. Өмір мен өлім арпалысады. Сол кезде Сартай бастаған мың бала «Бес Шектілеп» ұрандап, жау шебіне лап қояды. Алғашқы қақтығыста-ақ бес жүз бала шейіт болады. Балалардың шабуыл көріп тұра алмаған кілең сәйгүлік мінген қазақтың сарбаздары жауды найзаға іліп, садақ оғын байлап, қылышпен жаудың зәре құтын алады.
***
Үш жүздің билері Ордабасыда кеңес құрып, әр жүздің әскерін басқаратын ержүрек бас сардарларды сайламақ болып 9 күн, 9 түн айтысады. Ақыры солардың арасында Қазыбек бидің сөзі үстем бола береді. Қай кезде де қызғаныштың қызыл иті алдан шыға беретін әдеті ғой. Қазыбек биге жала жабылып, еңсесін түсіру шаралары ұйымдастырылады.
Қазыбек бидің күміспен күптелген, алтынмен жақтауланған керемет әсем ері бар еді. Осы ерді Қырғауыл батыр «бұл ер – менікі, ауылымыз Алатаудың Құлкеткен деген бұлағы маңында. Осы бұлақты айнала қайың өседі. Сол қайыңнан ауылдың ұсталары ер соғады. Алтынбай деген ұста осы ерді маған соғып берген» деп ерге жармасады. Қалың көптің көзінше мына әдетті күтпеген Қазыбек би абыржиын дейді. Осы сәтті бағанадан байқап тұрған Сартай бала Әйтеке биден рұқсат алып, дауды шешпек болады. Осы ерге оның да көзі түскен. Біржаннан сұрап мәнісін білген болатын. Көптің алдына шығып Сартай былай төрелік айтады.
Қапталың – қайың, қасың – тал,
Қараменде соққан бір ерсің.
Таласып жатыр кіл көкжал,
Қайсысын мақұл көресің?
Әділдікке жүгінсем,
Қазыбекке тиерсің.
Әй, Қырғауыл, Қырғауыл,
Күншілдікке шеберсің.
Ағаға іні бола алмай,
Ініге аға бола алмай,
Нардай болып шөгерсің.
Халық айтса, қалып айтпас,
Ырқыма көнерсің, – деп ерді Қазыбек биге ұсынған екен. Сөзден жеңілген Қырғауыл сөзден жеңілген жөніне кетіпті. Мәселені шешкен бала Сартайға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би баталарын беріпті. Сөйтіп Сартай бабамыз әрі би, әрі шешен атанған екен.
***
Бірде қазалылық белгілі азамат Қожамжар Керімбекұлы қатты ауырады. Демала алмай, тынысы тарылып, өмірден күдер үзген сәттері де болады. Бірде түс көріп, аян беріледі. Түсінде аталары "Шығарым-ау, сен бекер қиналғанша Қызылқұмдағы Сартай атаңның басына барып бір түнесеңші" дейді. Айтқандай-ақ жаны қиналған Қожамжар аға Қызылқұм ішіндегі Сартай батырдың басына барып, мал шалып, Аллаға сыйынып, түнейді. Ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде Сартай батыр найзасын тамағына кезеп, сұққалы жатқанда шошып оянады. Содан бастап демікпесі кетіп, құлан таза айығады.
Осы кезден бастап Қызылқұмдағы Сартай әулие кесенесіне шырақшы Айнақожа ата ие болады, келгендерді түнетіп, көмек жасап, риза қылып шығарып салады.
Ауырып-сырқаған, қиналған, жәрдем күткен, денсаулығын күйттеген адамдар легі әлі күнге Сартай әулие басынан арылған емес.
Айкөрген ӘБІЛҰЛЫ,
Ақзер БАЙМҰРАТОВА









