Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сартайдың ашамайы: елге жеткен ер-тоқым

Сартайдың ашамайы: елге жеткен ер-тоқым

...Мың баланың алдында,
Жартасқа біткен жас талдай...
...Жасаған жаудан жасқанбай...
...Жан кешіп шапқан мен едім,
Қан кешіп шапқан мен едім.
Айналайын ұрпағым,
Жоқ па енді саған керегім?!

Сартай батырдың зары

Өткен аптаның сейсенбі күні аудандық тарихи-өлкетану музейіне жол түсті. Ондағы мақсат – Сартай батырдың ер-тоқымын көзбен көру және оны көпшілікке насихаттау еді. Музей алдынан сол мекеменің ғылыми қызметкері Гүлнар Каримолдақызы жылы қарсы алды. Келген жұмысымды айтып едім Гүлнар апай да қуана көрсететінін жеткізді. Алдымен тарихымызды таныстырып өткен ол Сартай батырдың ер-тоқымы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінен біздің өлкеге 2 ай мерзімге келгендігін жеткізді.
– Ашамай балаға арналған ер-тоқым, аңызда айтылғандай Есет батырдың немересі Сартай батырдың ер тоқымы. Беткі жағы үш жерден ақ металлдан шілтерлі пластинкамен әшекейленген. 15 шілтерлі гүл тәрізді шегемен қағылған. Ортасында күміс дөңгелек пластина орнатылған. Ер 5 ағаш бөліктен құрастырылған, бір-бірімен былғары жіппен байланған. Үзенгіге арналған екі жағында тесігі бар, – деді Гүлнар Каримолдақызы.
Жалпы халқымызда ашамайға мінгізу салты бар. Ашамай дегеніміз – баланы атқа мінуге үйрету барысында қолданылатын ер түрі. Яғни, бала үш жасқа толған кезде атқа ашамай салып, үйрете бастайды. Сартай – Кіші жүздің үлкені – Әлімнен тарайтын Жақайым аталығынан екені көпке мәлім. Сартай батырдың ашамайын  Есет батыр немересі үшін арнайы шаптырған екен. Сартай батырдың баласы Көкебай Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан. Көкебай қайтыс болған соң, жәдігер оның баласы Құлназарға берілген. Оралдағы музей қорына 1985 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аралқұм ауылында тұратын Құлназардың ұлы Матығұл есімді азамат тапсырған екен. Сартай Байжанұлы шамамен 1711-1785 жылдар арасында өмір сүрген десек, бұл құнды жәдігерге үш ғасырдан асып бара жатыр.
Сартай батырдың әкесі Байжан екі некелі болған. Бәйбішесі табын руынан, ал тоқалы тама руынан. Осы екінші әйелінен Сартай киелі киімімен туған. Сонда Әбілқайыр тұсында қол бастаған табын Бөкенбай мен атақты батыр, тама Есет нағашылары болып келеді.
Жасында сүйкімді, жұмыртқа уызындай сап-сары жүзді екен. Осы түріне қарап "Үкісары", "Сарыжан" деп еркелетіп, қолдан-қолға көтеріп алып, жерге түсірмепті. Бала болса да ширақ, буыны қатты, атқа үйірсек екен. Оған құйрық-жалы аппақ қасқа құлынды еншілеп, ырым етіп, жақсылыққа балапты. Сол келе-келе батырдың жауға мінер, сіңірлі тұлпары "Шалқасқа" атанып, тұрқы басқалардан ерекшеленіп тұрған. Осы баласынан түбінде бір жақсылық шығарын әкесі байқаған. Жанынан тастамаған екен. Өмірді көрсін, байқасын, өзінше шешім қабылдап, ой түйсін, сергек, байыпты, аңғарғыш болсын дегені шығар. Өмірге құштар, талапшыл жас сәби тілі шығып, аяғын тәй-тәй аттағаннан діни оқуға барып, біраз нәрсені төрт жасқа дейін-ақ игеріпті. Қабілеті күшті, көпшіліктің назарын аудартқан бала, әкесінің көз алдында жүріпті. Аңғарымпаз, ойлы, сезімтал болып өсіпті.
Әлім ішінде Жақайым руын аға баласы деп төбелеріне көтереді. Барлық Кіші жүз руы осы аға баласын сыйлап, ауызына қарап, жол беріп, құрметтеп, "алғашқы сөз өзіңнен болсын" деп қол қусырып, ілтипат көрсетеді.
Сартай батырдың бала кезінен атқа қызыққанын Бегімбай Ұзақбаевтың "Сартай батыр" атты тарихи романынан байқауға болады.
Атаулы тарихи романда:
"Тұлпарымен сүт пісірімдей мерзімде, әудем жерді шарлап келген Сартай атынан секіріп түсіпті. Қолындағы қамшысын екі бүктеп, қонышына тықты. Ширақ. Үстіндегі киімдері де, басындағы бөркі де өзіне құйып қойғандай жарасымды. Жүзі алаулап, қызара манаурайды. Самайындағы тер тамшылары кішкене моншақтай мөлдіреп, шып-шып шығып тұр. Көзі қаршығаның жанарындай өткір. Қарағанда кеудеңді тесіп, кеулеп кететіндей, найзағайдың жарқылындай ерекше ұшқын шашады.
Ақшатау мен Шөміш көлдерінің арасы бірталай жер. Көл жағалауы тұтасқан көк құрақты пішен. Онымен жарысып, қаулай шыққан. Ауасы тап-таза. Судан тепкен мұздай леп жанға жайлы, кеудеңді кере демаласың. Ат тізгінін босатқаннан, шалымды тұлпар бар құлашын сермеп, алға өңмеңдей ұмтылады. Мына шабысы әуелі де аздай, қоқиланып алған жас бала ат жамбасына қамшы ойнатады. Біраздан соң сор тері шығып, қолтығы сөгіле түсті. Жүрісі құмарынан енді шыққандай, алға өлермендене ұмтылады. Бұлардан бұрын межелі жеріне өзі жетердей, әбден қызынып алған. Делебесі қозды. Көз алды желдей ескен жүйріктің екпене қақталып, сулана берді. Айнала дөңгеленіп, зырлай өтіп, қалып барады."
Сартай батырдың ер-тоқымы жайында БҚО тарихи-өлкентану музейінің жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Ажар Берікқалиева былай дейді.
– 2000-2003 жылдары БҚО әкімі болып еңбек еткен Қырымбек Елеуұлы Көшербаев ағамыз айтқандай Сартай батырдың ертоқымының да  БҚО тарихи-өлкетану музейіне келіп-түсуінің өзі бір тарих. 1985 жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласынан Татарстанның республикалық музейінің директоры Люция Валиева сол кездегі БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Сара Есқайырқызына телефон шалып,  1987 жылы Ғ.Тоқайдың туғанына 100 жыл толуына орай оның жеке музейін ашуға шешім қабылдағанын айтады. Бұған дейінде  Қазан университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Рафик Нафиговпен Ғабдолла Тоқайға байланысты тығыз байланыста болатынбыз. Олар Қазанда оқыған, революцияға дейінгі қазақтардың құжаттарын, суреттерін мұрағаттан тауып беретін. Біз Ғабдолла Тоқайға байланысты деректерді (Оралдағы кезеңінен) біз көмектесетінбіз. Тоқайдың Қазан қаласына барғаннан кейінгі шығармашылық тарихынан олар көмектесетін-ді дейді өз сөзінде Сара апамыз. Ата-анасынан ерте айырылған Ғабдолла Тоқай – жасында апа-жездесін сағалап Оралға келген, Оралда 12 жыл тұрған. Ақын, азамат, қоғам қайраткері ретінде қалыптасуына қазақ қоғамы, қазақы ортаның ықпалы мықты болғанын татар халқының озық ойлы ұлдары, зиялылары о бастан-ақ мойындағанын. Қазан қаласындағы Тоқайға арналатын жаңа музейде сол кездегі қазақи қоғамдық ортаны, саяси-әлеуметтік жағдайды, ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетуге айрықша көңіл бөліп, киіз үй құрып қоюды жоспарлаған болып шықты. Соған байланыс Сара Есқайыр қызынан барлық жабдығымен қазақтың сайлы киіз үйін тауып беруін сұраған. Ресейге ерте қосылған завод-фабриканың мүлкіне ерте көшкен Орал жерінен оны табу мүмкін болмаған. Қалайда түбіміз бір туысқан түркі ағайындар ұлтымызды ұлықтайын деп жатқанда көмектесуіміз керек деп ұйғарады. Сол кездерде яғни 1985 жылдың қыс айларында Қызылорда облысынан Оралдың пединститутында сырттай оқитын студенттер облыстық музейге неше түрлі қолдан тоқылған керемет алашалар әкеліп сатады. "Неде болса Аралқұм станциясынан киіз үйді табуға болар" деп Қазанмен хабарласып, музейдің ғылыми қызметкері Ғұсман Қабибуллинді шақыртып еңбек демалысына шығып, жұмыстан босап, екеуі Қызылорда облысы Аралқұм станциясына аттанады.
Сартай Байжанұлы батыр ғана емес, Әлім тайпасының биі де болды, талай дауды басынан өткеріп, өз кесімін айтты. 1817 жылдың 16 тамызында Кіші және Орта орданың билері Шерғазы Айшуақұлын өздеріне хан етуді ұсынып хат жазғанда, олардың арасындағы: «Мен, би Сартай Байжанұлы, өзімнің мөрімді бастым» – деген белгі атамыздың 106 жасында да аман-есен, қуатты қалпында, ел тағдырына араласқанын көрсетеді.
Сырым бабамыз 1742 жылы туған, Сартай батыр оның замандасы, ер-тоқым олардан 15-20 жыл кіші болғанның өзінде ер-тоқымға 260-270 жылдай уақыт өткен екен. Сартай бабамыздан жеткен тәбәрік ер-тоқымның ғұмыры қазақпен бірге жасай берері анық.Сырым мен Сартай бабаларымыздың рухы  қолдасын баршаңызды, – дейді Ажар Берікқалиева.
А.НҰРЛАНОВА

Фото: автордан
22 шілде 2025 ж. 156 0