Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарақұм мен бала күн

Қарақұм мен бала күн

Туған жердің тасы бір, мақта да бір,
Туған елдің үміті тақтан ауыр.
Аршып алған ақшаңқан жұмыртқадай,
Қарақұмның қойнында жатқан ауыл.
Кемесіне ақ арман туын іліп,
Көк теңіздей қиялы қуып үміт,
Бала ақынды жырлатқан Қарақұмның
Құрсағынан шыққан сыр суырылып.
Өмір - өмір емес-ау, түйіні - арман.
Қаршадайдан бейнетке иі қанған,
Ол телегей теңізді құшып тұрып,
Жүрегінің түбіне құйып алған.
Өлең - өлең емес-ау, хаққа наз ба?
Шағынатын шимайлап шақтар аз ба?
Бала күннің бейнесін көшіреді,
Ауылының аты бар ақ қағазға.
О, неге жиі өткенге оралады?
Көңілі жатырқай ма қаланы әлі...
Еріксіз толқиды ма еске түсіп,
Ерке шақтар Ерімбетжағадағы.
Сілкіп тастап бар уайым, бар әурені,
Қолдан келсе ауылда қалар ма еді!
Қаламгерлер ішінде тілшісі де,
Тілшілердің ішінде қаламгері.
Ол бірде он ғасырды артқа тастап,
Отызыншы ғасырға барам деді.
Күллі арманы күрмеліп тіл ұшында,
Төрт қабырға куә боп ұлы сырға,
Санасы сан ғасырды аралап кеп,
Отырады кабинет бұрышында.
Көк теңізге етегін малып алып,
Бір шөкім бұлт жылайды әрі барып,
Ұлын іздеп, ұйытқып, ішқұса боп,
Ақшағыл құм сыңсиды ауық-ауық.

Аружан ОРАЛБАЙ
03 қараша 2026 ж. 58 0