«Толқыным» – тынысым, жазу – жұмысым

Мектепте белсенді оқушылардың қатарынан болдым. Қоғамдық жұмыстардың ортасында жүретінмін. Іс-шаралар жүргізу, олардың сценарийін дайындау маған жүктелетін. Бірде теледидар көріп отырып «осы мен неге журналист болмаймын» деген ой келді. Иә, бұл мамандық маған келетіндей. Не керек, 11 сыныпқа аяқ басар шақта мен журналист боламын деген ойым бекіген үстіне беки түсті. Дайындықты күшейтіп, алдыма қалайда білім грантын аламын деген мақсат қойдым. Сынақтан сүрінбей өтіп, жоғары оқу орнына түстім. Бұл шақтар менің өмірлік жоспарларымның алғашқы бастамаларына қол жеткізген кезеңдер еді.
Біз көп елене бермейтін батпандай жүкті көтеріп жүрген жандармыз. Қоғамда орын алған түрлі оқиғалар мен елдің дамуындағы дәл ақпаратты халыққа жеткізіп, еңбегімен танылған жандарды насихаттауда еткен еңбегімізді төртінші биліктің өкілдері деп бағалап жатады.
Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бар. Расында 95 жылға жуық тарихы бар «Толқын» атын еншілеген аудандық газеттің тілшісі болу мен үшін зор мақтаныш.
Қазір заман ағымы дерміз, бәлкім «блогер» деген әлеуметтік желінің батырлары жаулап алған заманда халықтың санасы жылтырағы көп жеңіл, алып-қашпа әңгімеге алданып жатқаны тағы бар. Мұндайлар газеттің де статусын түсіргісі келеді. Дегенмен де қайсыбір дамыған елді алып қарасақ та газет оқу мәдениеті тұрмысынан алшақтамаған. Себеп неде? Өйткені ол шынайы ақпаратқа негізделіп жасалған құнды қағаз. Тасқа басылған тарих. Сол газет қаншама жанның көз майы мен маңдай терінің арқасында жарыққа шығады. Қаншама отбасы нәпақа табады.
Арманға жету жолы оңай емес. Шын сүйетін мамандық ешқашан адамды жалықтырмайды және шаршатпайды. Әрбір жазған мақала мен әңгіме сенің төл перзентің секілді. Жүрекке жылы, көзге ыстық. Мендегі мақсат – елге рухани тұрғыдан қолдау көрсетіп, шынайы ақпаратпен сусындау. Бүгін мен өмірлік мақсатын орындап, бала арманынан туған сүйікті мамандығын меңгеріп, ғасырға жуық тарихы бар басылымда еңбек етіп жүрген бақытты жанмын. Менің қалам ұшында өрілген өмірім мен бар болмысым, ой толғамым көпке үлгі болса екен деймін. Елдің алғысын алуды нәсіп еткен осы саланы таңдағанымды, журналистік мамандықты меңгергенімді өзіме зор мақтаныш санаймын.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ