Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қасиет қонған шаңырақ

Қасиет қонған шаңырақ

Қазір мемлекет отбасы институтын жандандырып, ұлттық тәрбие мен дәстүр сабақтастығын берік ұстану жайлы көп айтып жүр. Осыған байланысты әртүрлі жобаларды қолға алып, «Мерейлі отбасы» секілді республикалық байқауларға басымдық беріп келеді. Бір кездегі бабаларымыз қалыптастырған ұрпақ тәрбиелеу, әулет аражігін сақтау секілді ұғымдарды қайта қалпына келтіру үшін бұл керек-ақ үрдіс. Бүгінгідей ажырасу мен түрлі түсініспеушіліктер ушығып тұрған заманда осындай шаралардың көптеп ұйымдастырылуын қолдаймыз. Осы орайда құт қонған әулеттерді, қасиет дарыған шаңырақтарды көпшілікке насихаттаудың да рөлі орасан деп ойлаймын. Бұл ойды тақырыбымызға тұздық етіп алуымның жөні мынау. Талай адаммен дәм-тұздас болып жүрміз, осындайда көргенімізді, білгенімізді көппен бөліскіміз келеді. Шатпағымыз ойлы оқырманның санасында қала берсе дейміз.
Өнерімен елге танылған, еңбегімен көпті сүйсін­дір­ген әулеттер, қасиеті жеті атасынан жалғасатын династиялар аз емес қазақта. «Қанмен дарыған» деген қазекеңнің ұғымына салсақ, ерекше еп­тілік сол тамыр жалғастығымен таралса керек. Өзім жақсы көретін Күлмайрам жеңгемнің қолының мүсекері барын білетінмін. Тігіншілікті арнайы оқы­ма­ғаны да аян еді. «Сонда кестелеу қасиеті кез келген игеріп кететін іс пе еді?» деп ойланамын. Жоқ... Жеңгеммен тілдесіп отырып, қазаққа қолөнерді атаның қаны мен даланың заңы үйреткенін ұғындым....
Соғыс өрті басылып, ел көңілі жай­ланған тұста дүниеге келген екен жеңгем. Сыр бойындағы «Көк» көлінің жағасында туғанымен, не себеп бол­ғанын білмеймін, кейін қырдағы Сазды ауылына көшіп келіпті. Сол жерде 8 жылдық мектептен білім алады. Қолы­ның ептілігін сезген әкесі 12 жасында-ақ Семейден тігін машинасын алдыртып береді. Осылай қолөнерге деген қы­зығу­шылығы басталған. Тігіншілікке қан тартып тұруының да себебі бар. 96 жастағы әжесі Балшекер де он сау­са­ғымен өнер игерген жан екен. «Ана көрген тон пішер» деген ғой қазақ. Ши тоқу, текемет, киіз басудың әліппесін ең алғаш әжесінен үйреніпті. Міне, ұрпақты жақсылыққа баулудың басы қайда жатыр.
Күлмайрамның әкесі Шүйіншалының да есімі ел арасында жиі аталатын жан болған. Соғыс уақытында қолынан өнер келетінін білген оны майдан даласына жібермей, Орск қаласынан тігін цехын ашып, әскерге киім тіктірген екен. Оның көзін көрген Қалжан ақсақал ес­те­лігінде: «Жайлауға шығамыз, құ­дық қазу керек болады. Сол кезде Шүйін­шалы бір-екі ши шыққан немесе пішен өскен тұсты қаздыратын. Көп ұза­май-ақ астынан су шығады» дейді. Тіпті,  киіз үйдің керегесі мен уығын да қолдан дайындап «Үйші» атаныпты. Ал емшілігі, сынықшылығы мен ақындығы өз алдына бөлек әңгіме. Бір қызығы, оның жиені Бақыт та Алматыдағы зо­овет институтын бітіргенімен, көлік жөн­деумен айналысыпты. Бойда бар әдет қой. Саласы бөлек болса да, қолдың ептілігін қажет етер жерде жұмыс іс­тейді. Бірде оның алдына ол кезде жиі кездесе бермейтін бір шетелдік маркалы автокөлік келеді. Жөндеу қиындыққа түсіп, әрі-бері қозғап көр­генімен, машинаны оталдыру мүмкін бол­майды. Әбігерінен шаршаған Бақыт түнде түсінде Шүйіншалы нағашысын көріпті. «Машинаның бір тетігін қозға» деп аян берген көрінеді. Ұйқысынан ояна сала түсінде айтқанындай жасап, көлікті жөндеп шығыпты.
Күлмайрам жеңгеміздің анасы Қой­лықыз да өнерлі, құрақ құрау, тігін­шіліктің түр-түрін білген жан болғанға ұқсайды. Қызын жастайынан өзі білетін дүниелерге баулиды. Тіпті, оқтау, нан тақтай, ұршық, бес темір сияқты ұсақ-түйекке бола ер адамдарды мазаламай, өзі жасап ала берген. Міне, осындай тәрбие алған жеңгеміз келін болып шаңырақ аттағаннан дәстүрді берік ұс­танды. Қайныларын атымен атамай,  мені «Төрем» деп еркелетіп есім берді. Жиын-тойларда бойындағы өнерін көр­сетіп, түрлі мерекелерде «Әжелер» ансам­блінің қатарында аудандық мәде­ниет үйінде концерттерге қатысқан.
Бүгінде өмірден түйгенін отағасы Жарылқасынмен бірге немерелеріне үйретіп, саялы бәйтерекке ай­налған. «Батыр ана» атанып, кеудесіне алтын белгі тағып, шөбере сүйген шуақты ша­ңырақ. Сөз басында отбасы құндылығы жайлы айтқан шөкімдей ойдың қай­нарында осындай заты асыл қазақ әйелінің болмысы жатыр еді. Баланың болашағы ұяда көрген тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұрпақтың келешек адам болмағы да, надан болмағы да осыдан. Сондықтан «баламызды неге баулып жүрміз?» деген сұраққа да жауап іздеп көргеніміз жөн болар.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТҰЛЫ,
КСРО және ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
05 маусым 2019 ж. 1 083 0