Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіршілігім барады өтіп тоналған...

Тіршілігім барады өтіп тоналған...

1966 жылы Қызылорда облысы, Арал қала­сында дүниеге келген. Қызылорда ауыл шаруашылық техникумын, Алматы үздіксіз білім беру университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, халықаралық М. Шолохов атындағы медальдің иегері, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының Құрмет белгісімен марапатталған. «Көңілсіз көктем», «Сарыкөл саздары», «Сыр самалы», «Мирамкүл», «Саз сарыны» атты өлең жинақтарымен қатар «Кресло» атты сатиралық жыр жинағы жарық көрген. «Профсоюзная жизнь Казахстана» журналының редакторы.
Туған үйді сағыну
Көзімді ілсем, көрем жиі түсімде,
Ауылымның жүрем ылғи ішінде...
Өң мен түсті өлеңменен өрнектеп,
Түртіп қойдым ұмытпауым үшін де.
Көрем ылғи әкеміздің ескі үйін,
Сағынамын, амал қайсы не істейін?
Алатаудан ойып орын алсам да,
Ақсарайдың құны мынау бес тиын.
Сол бір үйді өз қолымен соқты әкем,
Аман тұр ма, құлап қалған жоқ па екен?
Көргім келіп тұрады ылғи сол үйді,
Ішінде анам болмаса да, жоқ көкем.
Ұлдан қайыр болмағасын күй тайып,
Жерге шөгіп кетті ме екен қисайып?
Қайда жүрсің, бірге туған бауырлар –
Туған үйді – көріп бірге қайтайық!
Әкем шіркін пеш түбінде жататын,
Шақшасынан насыбайын ататын.
Жантайып кеп жата қалсаң қасына,
Едендері жамбасыңа бататын.
Сары далада қозы-лақты бағатын,
Жер ошаққа тезек қалап жағатын.
Сырық мінген сары ауыздар қай жақта,
Алға озып асығады сағатым.
Балалықтың жерге тимей табаны,
Қайда кеткен кекілді ұлдың жаманы.
Өрмек тоқып, жүн сабайтын шешеміз,
Қызыл шоққа көме салып табаны.
Киіз басып, жүннен шұлық тоқыған,
Қандай жылы анам берген тоқымам.
Уысында қара бақыр қалса да,
Бәрімізді қылды азамат оқыған.
Үзілмеген жалғап жүріп үмітті,
Соқталдай ғып өсірді әкем жігітті.
Анам байғұс тоңбасын деп біздерді,
Үстіне бір ілмей өтті түбітті.
Алқам-салқам жүгіретін мал қарап,
Қораларға қой кіргізген қалқалап.
Қараушы едік жұлдыздарға жайнаған,
Құм төбеге жата қалып шалқалап.
Ойын құмар едік, шіркін, бәріміз,
Алысушы ек келмесе де әліміз.
Суды кешіп жалаңаяқ жүгірген,
Сол күндерді сағынамыз әлі біз.
Жүгіретін өрге қарай биік тым,
Сілікпеңді шығаратын тұйық түн.
Терезенің әйнегінен төгіліп,
Оятатын бетімізді сүйіп күн.
Қауғаменен су ішкізген құдықтан,
Дастарқаннан үзіп жедік ыстық нан.
Тіршілікте теңдесі оның болмайды,
Қандай ғажап бауыр деген ыстық жан.
Күнде кәмпит бола бермес ол кезде,
Нан мен шекер жалғады өзек – жол кезбе.
Күрең шәйін күліп ішіп ананың,
Үміт артып жеттік аман мол кезге.
Үлкеніміз ақылшы боп өмірмен,
Жұмсай білді тілін тауып көңілмен.
Үй шығардық, ағаш жарып, қар күреп,
Күл шығарып, от та жақтық көмірмен.
Бір ошақта ойнап-күлдік онымыз,
Қалай, кәйтіп, ұмытайық оны біз?
Шаңырақтың уығы едік шаншылған,
Мақтан тұтып жүрміз енді соны біз.
Арагідік қалушы едік келіспей,
Өкпелескен өтті күндер теріскей.
Анам сонда бізге сөйлеп жүретін,
Қатыгез жан кетеді деп көріспей.
Бір жүру жоқ, бірге тумақ болғанмен,
Көзім жетті осы күні соған мен.
Тұрымтайдай тұс-тұсына тараған,
Қайран басым бауырларсыз болған кем.
Қанат бітіп, кеттік кезіп қиянды,
Түгесті ме сауытымнан сиямды.
Қасиетіңнен айналайын, құт мекен,
Жиі аңсаймын сол бір ыстық ұямды.
Туған үйдің көлеңкесі мекен ғой,
Бауыр бүтін, бас аманда бекем той.
Қайғы-мұңсыз қара суды ішкізген,
Ата-ананың берекеті екен ғой.
Соны ойлап, көзден ыстық жас тамды,
Ата-анасыз болар қайдан ас дәмді.
Туған үйсіз тіршілікте бауырлар,
Жапандағы жетімдейсің тастанды.
Өмір жолым жазылмаған дәптерім,
Тағдыр кермек татқызбаған тәтті ерін.
Өмірімнің ең бақытты кездері,
Бауырлармен бірге өткізген сәттерім.
Кең сарайым болса-дағы жайлы сол,
Билеп-төстеп бара жатыр бойды сор.
Жеті түнде шошып неге оянам,
Мазалаған қайтем осы ойды сол.
Тіршілігім барады өтіп тоналған,
Туған үйді қайдан табам жоғалған?
Кәрілікте керегені құшақтап,
Мәңгі-бақи мызғып кетсем жоқ арман.
Ауылға кел!
Ауылдан кетем дедің, кетіп қалдың,
Жалғыз ғана баласы ең кетік шалдың.
Қалаға қатынайтын автобусқа,
Отырдың да, қалаға жетіп алдың.
Жыл артынан жыл өтіп бара жатыр,
Сен ойнаған сарғайып дала жатыр.
Ат ізін бір салмадың ауылыңа,
Өмір өтіп кетпесін қара да тұр.
Қарияны қалдырып саман үйге,
Басыңды бір сұқпадың жаман үйге.
Отын-суын тасып жүр әрең зорға,
Қартайғанда салдың сен қандай күйге?
Арман-қиял ақылың айға бақты,
Ұзақ түнде көз ілмей ойға тәтті.
Ілуде бір болмаса алабөтен,
Жарылқады қала үлкен қай қазақты?
Қарт әкеңе қарамай кеткенің бе,
Төсек тартып қалып ед кеткеніңде.
Кемпірі де жоқ еді қасында оның,
Қауқылдасып отырар өткен күнге.
Сен іздеген бақыт пен байлығың да,
Қалды ауылда шаң басқан майлы құмда.
Қалмасын деп қарны ашып қайран әкең,
Пенсиясын аударды шайлығыңа.
Халін сұрап келмедің ауылға бір,
Әкең байғұс уайымдап ауылда жүр.
Сен келетін шығар деп жолға қарап,
Көлегейлеп көздерін дауылда тұр.
Байлығыңды білмедің қолыңдағы,
Жетесіз ой дегенін орындады.
Оқымадың бір аят тым құрыса,
Анам разы болсын қорымдағы.
Әкеңіздің үмітпен таңы атып,
Қыр басында барады күні батып.
Терезеге таңылған тағдырымен,
Көзін жұмды байғұс шал күліп жатып.
Қоюланып барады күрең кешкі,
Тіршілігін тоқтатты түр өң ескі.
Баласының қадалып суретіне,
Мызғып кеткен мәңгілік сүрең кешті.
Табытына төңкерді темір төсек,
Аз болды ма айтылған небір өсек.
Сыртындағы ауылдың қабірге сол,
Көрші-қолаң жерледі қойды кесек.
Тас бауыр боп кеттің бе тас қалада,
Әлде адасып жүрсің бе астанада?
Ертелі-кеш елеңдеп есікке әкең,
Алаңдаумен өтті ғой аш балаша.
Төбеңді бір көрсетпей ауыл-елге,
Табан тіреп алдың ба тәуір жерге?
Бұйырмады бір уыс топырақ та,
Марқұм әкең жатыр ғой қоңыр белде.
Өлі риза болмаса бекер бәрі,
Соқпадың ба, тау-тасқа шекеңді әлі…
Тозған жоқ па табаның тас қаладан,
Бекер аңсап жүрсің бе шетелді әлі.
Ер-жігіттің ыстық қой туған жері,
Құт болады иттерге тойған жері.
Қайтесің сол қаланы, ауылға кел,
Жанға жайлы келеді жайсаң белі.
Үдерісі қаланың келді ауылға,
Жоқ емес қой бәрі бар енді ауылда.
Ғаламтор ма керегі, ауылға кел,
Келсеңізші, қосылшы – кел, қауымға!
Болайықшы әрқашан бауырға жақ,
Бір шегені қақсаң да, ауылға қақ.
Босағасы ауылдың берік болсын,
Қалада емес қарағым – ауылда бақ!
Құшақ ашып қарайды қабақтан қыр,
Алмадың ба үлгі әлі сабақтан бір.
Қаңғырғанша қалада, қарағым-ай,
Ауылыңның ауласын абаттандыр.
Көлеңкесін көрмедің тал-қайыңның,
Хабарын бір алмадың шалғайыңның.
Туған жерге тамғасын кіндік қаның,
Таму керек тері де маңдайыңның.
Қайрат Сембіұлы Ағыберген,
ақын
10 шілде 2019 ж. 784 0