Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нұрпейісов шығармалары – әлем әдебиетінің бай мұрағаты

Нұрпейісов шығармалары – әлем әдебиетінің бай мұрағаты

«... Өсу жас кезде де, есейген шақта да үзілмейді екен. Шынын айтсам, кәсіби шеберлік жағынан бір ықпал, жүріс-тұрысы жағынан бір ықпал, ойымен, парқымен бір ықпал ететін адамдар өмірде көп болды. Бәрі алақанына салды, баладай әлдиледі»  дейді Әбдіжәміл Нұрпейісов өз естелігінде.
«Әдебиеттің жолы мен үшін сәтті жол болды»
...Солдат қапшығын иығына асып, оқушы дәптеріне қара қаламмен жазған шығармасын жан қалтасына салып Алматыға келгенде Жазушылар одағында алғаш жолыққан адамы Сәбит Мұқанов болды. Уақыт өте жазушы «Менің қазақ әдебиетінде жиырма жыл күткен адамым енді келді» деп көпті елең еткізді. Одан соң Мәскеудегі Әдебиет институтында білім алуына ықпал етті. Ал тұңғыш шығармасы қолынан өткен Ғабит Мүсірепов «қазақ қара сөзінің мықты тұлғасы болады деп сенемін» деп бағасын берген еді.  «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп бір топ қаламгерлердің ішінен өзінің есімін ерекше атап, батасын берген Мұхтар Әуезов жайында  «жазушылық ішкі сезіммен Мұхаңа іштей жақын болдым, тәнті едім» дейді. Қиын дүниені тарылтпай, тар дүниені кеңейтіп, шынайы ықылас пейілмен, адал көңілмен ара­ласқан Ғ.Мұстафин, І.Омаров, З.Қабдолов сынды жандарды үлкен ілтипатпен еске алады.
Осындай тұлғалардың  алдын көрген Әбдіжәміл Нұрпейісов – халқына қаламымен, сөзімен қызмет етудің үлгісін жан-жақты көрсете білген қаламгер. Мемлекет қайраткері, ғалым М.Жолдасбеков «Қандай жағдайда болмасын ол ағаларының алдын кесіп өтпеді. Тіл тигізбеді. Жөнсіз көсемсімеді, ретсіз кескестемеді. Аға сыйлауды Нұрпейісовтен үйренейікші дегің келеді. Жол беруді, қол беруді Нұрпейісовше біле жүрейік дегің келеді!» дейді. Қандай керемет! Жазушы «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған кезінде О.Сүлейменовтің өлеңдерін қазақ тілді оқырманға бірінші болып танытты. Сол кезде «Лениншіл жас» газетінде істейтін Ә.Кекілбаевтың аударма жасауына себепші болған еді. Тіпті жарияланатын суретіне дейін ерекше мән берген. Ал қатарласы Бердібек Соқпақбаевпен сыйластығы бөлекше болған. «Бердібек өзінің еңбегімен халықтың дара жазушысы атанды. Ол Тәңірінің тумасынан, жаратылыстың болмысынан, өзінің талантымен де нағыз халықтың шын жазушы ұлы болды» деген сөзі көптің есінде.
...1986 жылы, желтоқсан оқиғасынан дәл бір апта бұрын өткен жиында Нұрпейісов республикада жүріп жатқан ұлт саясатының астарын ашып сөйлесе, одан кейін КСРО Президенті М.Горбачев Алматыға келіп, партия жиынын өткізгенде «Саясат дегеніміздің өзі де кейде адам баласының жан шыдатпас қатты бір ауруға душар болғанда уақытша болса да соған саябыр таптыру үшін пайдаланатын анестезияның бір түрі болуы да мүмкін. Біз қазір адамдардың жан дүниесіндегі нағыз шынайылықтың тапшылығынан әлгіндей ауру­ға душар болған сәттегі бір-біріміздің жанай­қайымызға дер кезінде құлақ түруден, бір-бірімізді дұрыс түсінуден қалған заманда өмір сүрудеміз» деген де Нұрпейісов еді.
Ал орыс тілді қаламгерлерді ұлтымыздың игілігіне қызмет еткізудегі және әлемнің көрнекті ақын-жазушылары мен журналистерінің басын қосатын Қазақ ПЕН клубы аясында қазақ поэзиясы мен прозасын шетелдерге шығаруда атқарған еңбегін бір тарих дерсіз...
«Қан мен тер» театрдың бағын ашты
«М.Әуезов театрында «Қан мен тер» қойы­лымы қанша рет қойылса да, көрермен қарасы көп болатын. Актерлердің шығарманың шыра­й­ын, кейіпкерлер бейнесін шынайы аша біл­ген­­дері соншалық, көпшілік спектакль аяқталған­мен қозғала қоймайтын. Әсіресе сұлу да тәкап­пар Ақбала рөліндегі Фарида Шәріпованың ойыны қандай керемет еді. Нағыз Ақбала дерсің. Қален бейнесін сомдаған оның жары Ыдырыс Ноғайбаевтың шеберлігін айтуға сөз жетпейді. Көретін көз, сезінетін сезім керек» дейді қойылымды талай тамашалаған Қасым ағамыз.
Айтса айтқандай, бір спектакль қазақ театры­ның тарландарын жаңа бір қырға көтерді. Театр бұл спектакльді Мәскеуге апарып қойғанда, орыстың ұлы актері Иннокентий Смоктуновский Сүйеудің образына жоғары баға береді. Қазақ­тың өнерін бұрын-соңды мойындап көрмеген сахна шеберінің Сәбит Оразбаев туралы айтқаны Одақ көлемінде тарайтын басылымның бәрінде жарияланып, жас актердің атағы дүркіреп шыға келді.
Актер С.Оразбаев өз естелігінде «Жас жігітпін. Қарияны сомдау оңайға түскен жоқ, Бастапқыда бұл рөлді менің ойнағаным авторға – Әбдіжәміл Нұрпейісовке аса ұнай қоймаған. «Сен қисайып-мисайып, ақсаң-ақсаң етіп, қайдағы бір шалды сомдап жүрсің. Сүйеу ондай кейіпкер емес», – деп наразы болды. Дегенмен режиссер қойған міндетті жоғары деңгейде орындау үшін барымды салдым. Сүйеуге өз бойымдағы бар қабілетімді ғана емес, өмір бойы халқым туралы ойлаған, сезген, білгенімнің бәрін салдым. Кейіпкеріме қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Маған әсіресе, Ақбаланы ойнаған Фарида Шәріпова көп қолдау көрсетті. «Сүйеуді тапсырғанда тіземнің дірілдегенін көріп «Бұл да саған Құдайдың беріп тұрған мүмкіндігі шығар. Беліңді бу да, кіріс, өзіңді көрсет!» деп жігерімді қайрады» деп жазады.
1974 жылы Мұхтар Әуезов атындағы мем­лекеттік академиялық театр ұжымы әдебие­тіміздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» пьесасын сахналағаны үшін КСРО Мем­ле­кеттік сыйлығын алды. Сол жолғы лауреат­тар тізімінде жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, режис­сер Әзірбайжан Мәмбетов, суретші Алек­сандр Кривошеин, Еламан рөлін сомдаған Асан­әлі Әші­мов, Ақбала рөліндегі Фарида Шәріпова, Қален рөлін сомдаған Ыдырыс Ноғайбаев бар еді.
...«Қан мен тер» жазушының туған елінде сахналанса қандай керемет болар еді. Өнерге деген оң көзқарас болса, өлкенің өз Еламаны мен Тәңірбергені, Ақбаласы, Судыр Ахметі әрине бар.
Гүлжамал деп атымды ағам қойған
– Әбдіжәміл ағамның әкемізбен түскен жалғыз суреті бар. Сол суретке қарап, әкеммен іштей тілдесемін. Бар сырымды ақтарамын. Бүгінде өзім де сексенге жақындадым. Бірақ әкеме деген сағынышым бір басылмады, – деп әңгімесін бастаған ақсары өңді, жылы жүзді Гүлжамал әженің даусы дірілдеп, жанары жасқа толды. Жүзінен әкесіне, балалық шағына деген сағынышты байқамау мүмкін емес еді.
– Біздің ата-тегіміз ежелден Арал маңын қоныс еткен. Атамыз Нұрпейіс – екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың ортасында мешіт ұстаған кісі. Әкем Кәрім 1942 жылы қаңтар айында әскерге аттанған. Әкем кеткен соң үш айдан кейін өмірге мен келген екенмін. Әбдіжәміл ағам «Қарындасымның есімі Гүлжамал болады» деп атымды өзі қойыпты. Әкеміз 1944 жылы көктемде Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапты. Екі туған інісін, үш немере інісін де соғыс жалмады. Әлі есімде, ол кезде 5-6 жасар баламын. Аралдан 340 шақырым жерде Беларанда жер үй кепеде тұратын кезіміз. Алматыдан келген ағамның жүдеу түріміз бен тұрмысымызды көргенде көңілі босағанын бала болсам да сезген едім. Одан кейін келген кездерінде неше түрлі киімдер әкеліп беретін. «Ағамның әкеліп бергені» деп мақтанып киіп шығатын едім. Қиын кезде туыстарымыздың отбасыларына да көмектесіп, алдарына малға дейін салып бергені есімде. Ажар жеңгем қандай жағдай болса да қолдау-көмегін аямады.Құландының жетіжылдық мектебін бітіргеннен кейін, ағам ары қарай оқуымды қалады. Бірақ анамның  алысқа жібергісі келмеді. Сөйтіп екі жылдан кейін тұрмысқа шықтым. Қазір Ақбастыда тұрамыз. Он шақты ұл-қыздан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты  анамын. Дегенмен бауырдың жөні бөлек екен. Ағам жазушы болмағанда, суретші болатын еді. Батырлар жырының желісі бойынша салған суреттері біразға дейін сақталды. Қарасаң, көз алмай қалатынсың. Өмірден ертерек өткен Раушан қызы ауырыңқырап жүрген кезінде сурет салумен әуестенді. Табиғат көріністерін керемет қылып салған. Бүгінде ағамның үйінің бір бөлмесі сіңілімнің суреттеріне толып тұр. Тұқымда бар өнер ғой. Әбіш ағамыздың баласы Абай да республикаға белгілі суретші. Жыл сайын Алматыға ағама арнайы барып тұрамын. Раушаны мен Айжаны өмірден ертерек өтті. Ал Шұғаның мамандығы – филолог. Шүкір, майдан­да қаза болған әкеміздің есімін иелен­ген Кәрімі мен көз қуанышы Иманғалиын көрген­де бір жасап қаламын. Бүгін Алматыға жүргелі отыр­мыз. Елдің сәлемін ала барамыз, – дейді сек­сен­ге жақындаса да, тың қалыптағы жазушының қарындасы.
Ал Гүлжамал апаның жары, кезінде ауыл әкімі қызметін де атқарған Қорғанбек Едігеев ағамыз: «Әбекең мені күйеу баласы емес, туған бауырындай көріп, «інім» деп атайды. Бұл ағамыздың жүрегінің жылылығы мен бауырмалдығын білдіреді. Мінезге бай, көпті көрген  жанның  көңілі түскенінен бо­лар, қай жерде кездессек те әңгімесін айтып, «Сен­дердің өсіп-өнгендеріңді көріп қуана­мын, айна­лайын­дар» дейді риза пейілмен. Аманшылық біліп хабар­ласқан сайын елдің жағдайы мен шаруашылық жайын сұрап тұрады. Кезінде «Елден көшпеңдер» деп ақыл қосқан да осы кісі еді» дейді.
«Нағашымызбен мақтанамыз» деп сөзін бастаған жиені Шаттықгүл: «Анам– «Нұрпейісовтің қарындасы» деген атым бар ғой деп, өз-өзіне сын көзімен қарап, атасы мен қос
енесінің бабын тауып, баталарын алған жан. Сөзге тапқыр, әншілігі де бар. Нағашымыз келе жатыр деген хабарды естігеннен бізде де тыным болмай, той істегеннен кем болмайтын едік. Алматыға арман қуып барғанымда нағашымның  бірнеше қасиетін байқадым. Өте еңбекқор, сыпайы да мәдениетті адам. Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Г.Бельгер, С.Елубаев сынды қаламгерлерді де сол үйде көрдім. Келген адамның бәріне ілтипатпен қарап, сабырлы да салмақты қалпынан бір танбайды. Нағашымның қыздары, яғни әпкелерім де сондай бауырмал, қарапайым болатын. Үйде тек қазақша сөйлеуді талап ететін. Таңертең ерте тұрып, терезелерді ашып тастап  «Тазалық бар жерде ғана жақсы көңіл күй мен нәтижелі жұмыс болады» дейтін. Айнадай жарқырап тұратын жұмыс бөлмесінде тапжылмастан жазумен айналысқанда «Не деген еңбекқор жан» деп таңғалатын едім. Қарап отырсам, бұл қасиеттер қарындасында, яғни менің анамда да бар» дейді.

«Кейінгі отыз жылда бұл кітапқа балама жазылған жоқ»
«Соңғы парыз» жайлы 1953 жылдан «Ком­сомолкада» жұмыс істеп, 1965-1973 жылдары оның бас редакторы болып, газетті елдегі «Ли­тера­турная газетамен» қатар ең беделді басылым биігіне көтерген, Кеңес Одағының Сыртқы істер министрі болған Борис Панкин осылай деді.
Қолына алған шаруасын жеткізем деген межесіне жеткізбей тыныштық таппайтын Нұрпейісовтің  еңбекқорлығы «Дала психоло­гия­сының энциклопедиясы» аталған «Қан мен терді»  жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып берген «Соңғы парызбен» жалғады.
Туыстас елдер әдебиетін былай қойғанда Луи Арагон, Томас Тадео, Реми Дор, Андре Стил, Жан Монтальбетти, Тристан Рено, Лили Дени, Жорж Буйон, Лео Кошут, Нелли Стефан сияқты қаламгерлер қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық шеберлігі жөнін­де «Шығармалары әлем әдебиетінің үлкен бір мұрағаты» деп жоғары бағасын да берді. Ал Арал перзентінің қаламына күш берген не құдірет? Жазушы бұл жөнінде «Ол кезде көптен бері ауруы меңдеген адамдай азап шегіп жатқан туған Аралым өзіме шығармашылық шабыт беруге әлі де қабілетті екенін мен түсіндім бе, білмеймін. Бірақ мен алтын кебектей ақ құмақтың ортасындағы осы бір көкпеңбек көк теңіздің қасіреті туралы жаңа кітап жазып шықтым. Өнер дегеніңіз бақыт пен сордан қатар қорек алатын өте бір қатыгез нәрсе ғой»,  –деген болатын.
Әлемдік деңгейдегі қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармалары ғылыми-зерттеу еңбек­­терінің, фильмдер мен қойылымдардың ар­қауы­­на айналары сөзсіз.
Лаура Иманбайқызы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
19 қазан 2019 ж. 1 339 0