Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дін-Мұхамедәли Шораев: «Әндерім «хит» болады деп ойламадым»

Дін-Мұхамедәли Шораев: «Әндерім «хит» болады деп ойламадым»

Қазақ даласы – қашаннан әншілік өнердің киесі қонған мекен. Өнердің ордасы саналған сайын далада өзіндік ізін қалдырған ән-жыр мектептерінің желісі әлі күнге үзілмей келеді. Оның ішінде ән өнері дәл қазіргі жинақталған қыруар айғақтың негізінде бес мектепке бөлінеді. Бірінші – Қазақстанның орталық және солтүстік өңіріне тән әншілік мектеп болса, екіншісі – Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңірін қамтитын әншілік мектеп. Батыс өңірі мен Сыр бойының әншілік-термешілік мектебі, шығыс және Баян Өлке, Шығыс Түркістанды қамтитын әншілік мектеп те осы қатарда. «Әу» демейтін қазақ жоқ екенін білсек те, ел аузында есімі мәлім, исі қазаққа танылған, атағы асқан әнші Әміре, Иса, Мәди, Әсеттің әншілік өнерін көпшілік бүгінге дейін ұмытқан жоқ. Кемпірбай, Біржан сал, Ақан сері мен үкілі Ыбырайдың әндері де әлі күнге қазақ даласында асқақтап тұр. Осы жолды таңдап, дәстүрлі өнер мен эстрада сахнасында әуелете ән шырқап, барша қазақтың сүйіктісіне айналған әншілер де жетерлік. Десе де, екінің біріне қонбайтын әншілік қабілетті бағалайтын сарапшы халық өнер жүйріктерін де сүйсіне тыңдайды. Солардың қатарында Абай Бегей мен жас та болса жалынды өнерімен жұртшылықты тәнті еткен Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Айгерім Мамырова мен Ерболат Төлегенов сынды эстраданың өкілдері бар. Әннің сөзін тыңдап емес, әуенін естігеннен танитын әншілердің танымал болуына өз еңбегімен қатар, ақын мен сазгердің шеберлігі де қажет. Осы орайда тыңдарманға тартымды туынды ұсыну үшін тынбай еңбек етіп жүрген жас сазгер, жоғарыда аталған эстрада әншілерінің барлығына дерлік әсем әуенін ұсынып келе жатқан жерлесіміз Дін-Мұхамедәли Шораевпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Дін-Мұхамедәли, өнер жолының қиындығын естіп-көріп жүрміз. Осы жолды таңдауыңа не себеп болды?
– Әрине, өнер жолы өте қиын екенін көпшілік айтып жүр. Бірақ өнер адамды өзі таңдап алатын сияқты көрінеді маған. Себебі өзіңде икем болмаса, қанша жерден талпынғанмен ұмтылысың нәтиже бере қоюы екіталай. Менің өнерге келуім тегін емес сияқты көрінеді өзіме. Жалпы, бауырларымның барлығы ұстаздық жолда қызмет етіп жүр. Әкем Бақыт Шораев қызметте болды. Десе де, қазақтың қара домбырасынан қол үзген кісі емес. Қай жерде болмасын, қолына домбыра түсе қалса, делебесі қозып, жыр-термелерді төкпелетіп отыратын еді. Ал анам Салиха Тәкібаева әнге жақын жан болды. Екеуі де өнер жолын қумағанымен, өнерге бүйрегі бұрып тұратын. Әкенің қаны мен ананың сүтінен дарыған қасиет болар. Мен де бала күнімнен домбырамды құшақтап алып, мектепте жүрген кезден-ақ қазақтың дәстүрлі әндерін орындап жүрдім. Десе де, осы қызығушылығым кәсібіме айналады деп ойламаған едім. Себебі, менің мамандығым – заңгерлік.
Өнер жолына түсуіме басты себепкер жандардың бірі ретінде ата-анамнан бөлек, баршаңызға таныс Шынберген Сүлейменов еді. Мен Шынбергенмен Қызылжарда таныстым. Домбырамен ән айтқанымды көріп, жанына жақын тартты. Бейімділігімді байқаған өнердегі ұстазым осы жолда жетістікке жететініме сенім білдіріп, мотивация берді десем болады.
– Қазірде Нұрболат Абдуллиннің «Вальс» әнін білмейтін қазақ жоқ. Бірақ сол әннің авторы өзің екенін көпшілік қауымның таныпбілгеніне көп уақыт бола қоймады. Бұл әннің шығу тарихын өзіңнен артық білетін ешкім жоқ. Осы ретте бір-екі ауыз сөз айта кетсең...
– Иә, рас айтасыз. Әр туындының өзіндік тарихы бар. Жоғарыда айтып кеткендей, Шынберген Сүлейменовпен таныстығым менің өнердегі, үлкен сахнадағы жолымның бастауы болды. Ол қай қалада концерт берсе де, мені жанынан тастамай, ертіп жүрді. Бірақ сазгер ретінде емес, дәстүрлі әнші ретінде сахнада орындаушылық қабілетімді көрсеттім. Алғаш ән жазуды 2015 жылдары бастадым. Бірде Шынберген Қазалыда өзінің концертін өткізетін болды. Ол 2016 жылдың күзі болатын. Сол сапарға шығарымда маған хабарласып: «Бір-екі әніңді ала шық. Ол жерде мықты әншілер болады. Соларға ұсынып көрейік. Бәлкім, көңілдерінен шығып, таңдап қалар» деді. Осылайша Нұрболатпен менің алғашқы таныстығым Қазалыда болды. Қазір эстрада сахнасында жүрген Әбдіжаппар Әлқожа, Айгерім Мамырова да сол концертке келді. Концерт аяқталғаннан кейін, мен өзімнің алып барған бір әнімді домбырамен орындап бердім. Сол жерде Айгерім Мамырованың көңілінен шығып, «Ақжүрек» әні жарық көрді. Сол жолы Нұрболат та «Вальс ырғағында тағы бір ән жазшы» деп қолқа салды.
Бірнеше күн өткен соң біз қайтадан жолықтық. Көршілес Қазалы ауданында өтетін тойға шақырды. Домбырамды құшақтап алып солай қарай жолға шықтым. Осы кезде Нұрболат та Аралға келе жатқан. Жолда кездестік. Жолда келе жатып көптен бері ойланып жүрген вальс ырғағындағы әуен ойыма орала кетті. Осылайша ұялымның дыбысжазғышына соны жазып алдым да, әншіге ұсындым. Шынымды айтсам, 15-20 минутта ғана жазылған әннің мұндай хит боларын тіпті ойламаппын. Сәтті туынды уақыт таңдамайды. Арада екі айдай уақыт өткен кезде алғаш рет сахнада орындалғанын естіп, қуанышымда шек болмады.

– Тыңдарман тез қабылдайтын «хит» әндердің жарыққа шығуы үшін не маңызды?
– Ең маңыздысы, не нәрсені болса да жүрекпен сезіне білу деп білемін. Сонымен қатар әннің әуенін жазатын сазгер мен сөзінің авторы бір-бірін ұғына алуы керек. Екі адамның ойы бір жерден шыққанда ғана, өміршең ән туады.
– Осы орайда сізге тағы бір сауал қойсам деп отырмын. Айналаңызда жүрген жандардың көбісі сізді ақындық қырыңыздан да таниды. Өзіңіз әнді де, сөзді де жазған кездер болды ма?
– Ақындық өнер көрінгеннің басына қона бермейтін дарын ғой. Менің өлең жазатыным анық. Бірақ өз әніме өлең жазып көрмеппін. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген ғой. Қазірде бірқатар танымал ақындармен бірге жұмыс істеп жатырмын. Әсем әуенді барынша жандандыру олардың қолынан келеді. Сондықтан көтере алмайтын жүкті арқаға арту артық болар деймін.
– Бүгінгі таңда қазақ ән өнеріндегі плагиат мәселесі, шет елдің әніне сөз жазу көпшіліктің көкейіндегі сауал болып отыр. Бұл сазгерлердің әлсіздігінен бе?
– Мен осы уақытқа дейін де талай бағдарламаларда, көптеген сайт беттерінде сұхбат беріп келемін. Көпшілігі «әніңізді қаншаға сатасыз?», «өзге елдің әнін өзіңізше бұрмалап көрдіңіз бе?» деген сауалдар қояды. Бірақ мен барлығына бірдей жауап беріп келемін. Мен ешқашан шет елдердің әніне қол сұққан емеспін. Және ол жолды таңдау ойымда да жоқ. Өздеріңіз естіп-көріп жүргендей, өзбек әндерінен өзгеше иірім байқасаңыздар, басқа елден енген әуендер тіпті бөлек болып келеді. Бірақ қырғыз сазгерлерінің әуені біздікіне өте жақын. «Қазақ-қырғыз бір туған» деген тәмсіл ән әлеміне байланысты секілді көрінеді кейде. Дегенмен сазгерлер үшін аз да болса айырмашылық байқалады. Мәселен, қырғыз сазгерлерінің эстрада бағытындағы әуендері жеңіл, ойнақы келеді. Әдетте той әндеріне өте икемді. Ал ұлттық сазы жағынан қазақтың дәстүрлі ән өнерімен салыстырсақ аражігі анық байқалып, арасы жер мен көктей болады. Бәлкім, сол той әндеріне бейім болғандықтан болар, көпшілік қырғыз композиторларының туындысына қазақша ән жаздырып, сахнаға орындап шығып жатады. Бірақ қазақ сахнасындағы орындалатын әрбір әннен қазақылық болмыс, ұлттық бояуды көруді қалаймын. Тек мен емес, барша халық, тіпті өнер жұлдыздарының өзі соны ұнататыны жасырын емес. Оған бір дәлелді өзімнің басымдағы жағдайдан келтіріп кетейін. Қай ортада болмасын, мені көре қалған адамдар, мейлі ол әнші болсын, басқа болсын, бір терме немесе халық әнін орындап беруімді сұрайды. Бұл қазақ әнінің болашағы бар екеніне айғақ. Бүгінгі сазгерлердің арасында шетел сазгерлерімен бәсекеге түсе алатын, тіпті асып түсетіндер көп.
Ал плагиат жайындағы әңгімеге үнсіз ғана жауап бергім келеді. Ақынның өлеңі, сазгердің әні – барлығы өзіңнің балаңдай болады. Ал біреудің баласы біреуге қанша жерден жақын тартқанмен, өзінікіндей болмасы анық. Сондықтан жас композиторларға жүрекпен ғана жазуға кеңес берер едім.
– Әдетте шалғайда жатып өнерін барша қазаққа мойындатқан Шәмшіні ғана білеміз. Аралда жүріп ән жазу әлеміңізді тарылтатындай көрінбейді ме? Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
– Шәмшінің уақыты бөлек қой. Қазір заман басқаша. Таныламын десең, ауылда да, қалада да теңдей жағдай жасалған. Шын талантқа қолдау білдіремін деушілер үшін бәрі бар. Әлеуметтік желінің әлеуеті бәріне жетеді. Алғашында менің әндерім хит болады деп ойламадым. Бірақ кейіннен мүмкіндіктің мол екеніне көзім жетті. Өнерде жүрген қолдаушы ағаларым жетерлік. Алдағы уақытта солармен бірігіп әлі талай қазақтың көңіл көгінен орын алатын әндер жазуды жоспарлап отырмын. Қазірде ол бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Жақында жаңа әндерімді тыңдайтын боласыздар. Сонымен қатар әншілік қабілетімді де үлкен сахнада сынап көрмекпін. Мұның барлығы уақыт еншісінде.
– Дін Шора... Сізді көпшілік қауым осылай таниды. Домбыраны жанындай сүйген әкеңіздің ізін жалғап, ән әлеміне келдің. Ал Діннің ізін жалғайтын жандар бар ма?
– Сазгер ретінде шәкірт тәрбиелеп үлгерген жоқпын. Жалпы, әуен жазу оқумен емес, адамның табиғатынан берілген жөндірек көрінеді маған. Бірақ Діннің ізін жалғайтын адам бар. Ол –Діннің ұлы Расул Бақытов. Қазірде баян сыныбын оқып, көпшілікке өзін танытып келеді. Жақында ғана өткен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Дарын» республикалық жас өнерпаздар байқауында «баян» бөлімі бойынша ІІ дәрежелі лауреат атанды. Болашақта кәсіби музыкант болуды армандайды
– Бізге биыл тоқсан жыл ғой. Аудан айнасына баланған «Толқынды» оқитын шығарсыз? Егер осы мерейтойымызға шашу ретінде бір ән шығарып беруге қалай қарайсыз?
– «Толқын» газеті – бала күнімнен бергі оқитын сүйікті басылымым. Шындығы керек, «жергілікті басылымның бетінен өз есімімді көрсем» деп армандайтынмын. Бүгін тағы бір арманым орындалып отыр. «Ерім демейтін елде, елім дейтін ер қайдан болсын» демейді ме?! Туған жердің, төл басылымымыздың мерейі үшін ән шашу жазуға әркез дайынмын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Оңталап Жолдасов
12 ақпан 2020 ж. 1 749 0