Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айдана Махамбетова: Жаңа әліпбиді жатырқамай қабылдауымыз қажет

Айдана Махамбетова: Жаңа әліпбиді жатырқамай қабылдауымыз қажет

Мемлекет латын графикасы негізіндегі жаңа әліпби жасауды қолға алған болатын. Тіл танушы ғалымдар мен сарапшылардың пікірінде аталған әліпби қазақ тілінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, тілдік түрғыдан тазалығын қалыптастырады деген еді. Бүгінде жаңа әліпби егжей-тегжейлі зерттеліп, сүзгіден өтуде. Осыған орай облыс көлемінде жаңа әліпбиді ақпараттық насихаттау, жетілдіру жұмыстары қалай болып жатқандығы жөнінде Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің ғылыми-әдістемелік бөлім басшысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айдана Махамбетовамен сұхбаттасқан едік.

– Жаңа әліпбидің қазіргі жағдайы қалай?
– Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр екендігін айтқан Президент Қ.Тоқаев тиісті тапсырмалар берген болатын. Араға уақыт салып әліпбидің жетілдірілген нұсқасы ұсынылды. Алдынғы үш жобадан (диакритика, опостроп, акут) кейін Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өткізілді. Жаңа әліпби бастамасы – бұл күрделі әрі шетін мәселе екенін ұмытпаған жөн. Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса, тіпті бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кириллицадан латын графикасына ауыстыру емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз. Қаржы мәселесін де ескеруіміз керек. Латын әліпбиін енгізу жұмысы біртіндеп жүзеге асуы керек. Негізінде, бұл графика жас ұрпаққа арналған деп айтуға болады. Оның игілігін, ең алдымен, солар көруі керек. Сондықтан бұл үрдіс жоспарлы түрде, біртіндеп іске асырылуы қажет.
– Латын графикасы негізіндегі әліпбиді жасауда қандай тілдік ерекшеліктерге назар аударылуы керек?
– Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде А.Байтұрсынұлының айтқан мына сөздері ойға оралады: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуы тиіс. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы керек» деген болатын. Тауып айтылған. Жаңа әліппені жасауда осы ерекшеліктерге барынша назар аударылып отыр. Әрине ғалым тұтынып жүрген әліпді тастап, басқа әліпбиге өтудің өте қиын екенін, оны істеуге көп күш, көп қаржы қажет болатыны белгілі. Қазіргі күні ғалымдарды, сарапшылар мен зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, жаңа әліпбиді халыққа жан-жақты түсіндіруге бағытталған кешенді ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Белгілі ғалым Ә.Жүнісбектің «Жетілген әліпби – қолдағыны жеңіл қалыптастырудың, көзтанымды оңай жаттықтырудың, ең бастысы, ана тілінің айтылым үлгісін ұрпақтан-ұрпаққа бұзбай жеткізудің кепілі» деген сөзі дұрыс әліпби түзудің басты талаптарын аңғартады.
Бұған дейін сынға қалып, сүзгіден өткен латын әліпбиін «Ұлттық әліпби» деп атай аламыз ба?
– Жазу реформасын қазақ жазуын ұлттық үлгіге түсірудің амалы деп қабылдағанымыз жөн. Ол үшін әліпбидің дыбыс құрамы төл (кірме таңбаларсыз) болуы, емле-ережесі қазақ сөзінің үндесім әуенін бұзбайтын, морфем құрамы мен буын тұрқын дұрыс сақтайтын, тасымал ретін сетінетпейтін болуы тиіс. Демек, әліпби осы үш мәселенің шешімін тапса ғана, ұлттық әліпби деген статусты  иемдене алмақ.
– Жаңа әліпбиді ақпараттық насихаттау жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Биыл әліпби реформасын кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүргізуді көздейтін іс-шаралар жоспарына сәйкес жетілдірілген әліпбиді сынамалау, ақпараттық насихаттау, шетелдік тәжірибелермен бөлісу бағытында жұмыстар жүргізілді. Онлайн форматта Тіл саясаты комитеті «Тіл – Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірлерін қамтитын ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік семинарлар, конференциялар  ұйымдастырылды. Осы жұмыстарды атқаруда «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ де қалыс қалған жоқ. Жетілдірілген  әліпби жобасы бойынша үстіміздегі жылдың қазан айында көпшіліктен сынама сабақтары алынды. Сынама сабақтарға қала мектептерінің бастауыш, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты. Сонымен бірге колледж, жоғары оқу орны оқытушыларының соңғы әліпби жобасына қатысты пікірлері тыңдалды. Ашық талқылауда диакритикалық таңбалардың ерекшелігі, тәжірибедегі қолданысына баса мән берілді.
– Қалай ойлайсыз, жаңа әліпбиге көшуге дайынбыз ба?
– Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының кешеуілдеп қалғаны болмаса, жаңа  әліпбиге ауысуға көпшіліктің ынтасының  ерекше екені байқалады. Бүгінде  қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуін ақпараттық қолдау жөніндегі медиажоспарды басшылыққа ала отырып, тындырымды жұмыстар іске асуда. Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуін ұйымдастыру әдістемелік және ақпараттық іс-шараларды қамтиды. Дәл қазір  I ақпараттық толқынның жоспарына сәйкес латын әліпбиіне көшу қажеттілігін насихаттау бойынша ақпараттық жұмыстар жүруде. II толқын латын графикасының жаңа нұсқасын түсіндіру және талқылау бойынша белсенді ақпараттық жұмыспен өз жалғасын тауып (2021 жылғы 1 қаңтардан 28 ақпанға дейін), ары қарай III ақпараттық толқын – Қазақстан Республикасы Президентінің латын графикасы негізіндегі жетілдірілген әліпбиді қабылдау туралы Жарлығын және орфография ережелерін түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстармен өз жалғасын таппақ (1 наурыздан 2021 жылдың соңына дейін).
– Латын графикасы негізіндегі әліпбиді жатырқап жүргендерге не айтар едіңіз?
– Латынға көшудің бастапқы әрі соңғы тәжірибесі  бізде емес. Қазіргі кезде латын әліпбиіне Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан толық көшіп алды. Ешкім жаңылып, я шатасып қалған жоқ. Керісінше, бұны өркениетке ілесу формасы десек, жаңылыспаймыз. Міне, сол себепті біздің Қазақ қоғамы латын әліпбиін жатырқамай, дер кезінде қабылдау қажет. «Оның қажеті қанша?» деген сауал қазір қойылмайды. Біз ол кезеңді артқа тастадық. Әліпбиді бекітіп алсақ, емле-ережесіне де көз үйренеді, қол жаттығады, сосын қазіргі қорқыныш  лезде  басылады. Мойындауымыз керек, біз Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесіне» оралдық, енді ол көрсеткен ұстанымды әліпби түзуде де басшылыққа алсақ, қателеспейміз. Себебі ұлт ұстазының әліпбиі кезінде орыс ғалымдарынан «ең жетілген», «ең ықшам» деген өз лайықты бағасын алып үлгерген.
Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Н. Маратқызы
29 желтоқсан 2020 ж. 872 0