М.Бекпанов: Қадағалаушы орган қателіктерді кешірмейді
2017 жылғы 30 маусымдағы ҚР Прокуратура туралы Заңында ҚР Прокуратурасының мәртебесін, құзыретін, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібін айқындайтын бірқатар жалпы ережелер бекітілген. Аталған Заңның І-бабында Прокуратураның мақсаты көрсетілген. Яғни онда «Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады» делінген.
80 жыл бойы қалыптасу мен дамудың ұзақ жолынан өткен Қазақстан Прокуратурасы 1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі ретінде құрылды. Бұдан кейін де бірнеше қаулылар мен реформалық талдаудан өткен Прокуратура органы Республиканың мемлекеттік билік органдары жүйесінде өзінің конституциялық орнын еншіледі.
Сонау 1977 жылдан бастап 13 прокурор басшылық еткен аудан прокуратурасында да осы кезге дейін өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқару процесі жүзеге асып келді. Қазір де белгіленген жолмен жүріп келе жатқан аудан прокуратурасында үздіксіз жұмыстар атқарылып келеді. Газеттің өткен санында аудан прокурорының брифингі болғанын жазған едік. Сол кездесудің соңында осы саладағы еңбек өтілі 19 жылдай уақыт болған, ауданға жаңадан тағайындалған прокурор Мадияр Ертарғынұлымен аз-кем әңгімелескен едік.
– Мадияр Ертарғынұлы, жалпы ауданда қылмыстық ахуалдың салыстырмалы көрсеткіші төмендеп келе жатқанынан хабардармыз. Десе де көпшілікке нақты деректердің жеткіліксіздігі байқалады. Осы жөнінде ашып айтсаңыз...
– Өңірде өткен 2020 жылы барлығы 190 қылмыс тіркелді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 34,7 пайызға төмен. Тіркелген осы қылмыстық деректердің 64-і сотқа жолданса, 112-сі ақтау негізінде, 41-і ақталмайтын негізде тоқтатылған. Тіркелген 190 қылмыстың 75-і ашылған.
Мысалы, кісі өлтіру, адам денсаулығына қасақана орташа зиян келтіру, есірткі қылмыстары және автокөлікті ұрлау мақсатынсыз жымқыру оқиғалары аз да болса өсім алған. Бұл көрсеткіштер төңірегінде аудандық прокуратура тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды.
– Сол жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...
– Ауданда қылмыс жасауға бейім тұлғалардың әлеуметтік портреттері жасақталып, мүдделі органдармен бірлесіп, оларды қалыпты ортаға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ аудандық прокуратураның үйлестіруімен қылмыс жасауға бейім тұлғалар жұмыспен қамтылса, 148-не әртүрлі әлеуметтік көмектер көрсетілді. Ұдайы қоғамдық тәртіпті бұзып, ұсақ қылмыстарды жасайтын тұлғалар еріксіз емдеуге жолданды. Ұрлық қылмыстарының 30,4 проценті қалада болғанын ескерсек, бұған сәйкес 4 рет ведомствоаралық мәжіліс өткізіліп, ауданнан шыға беріс жерлерге бейнебақылау камераларын орнатуға қосымша қаржы бөлу жоспарланды. Есептен жасырудың 2 дерегі тіркеліп, оның біреуі сотқа жолданды. 5 процестік келісімдер жасалып, бұйрықтық іс жүргізу тәртібінде 8 іс сотқа жолданған. Қылмыстық істер бойынша 39 нұсқау беріліп, 7 процестік шығынды өтеу жөніндегі ұсыныспен 954 818 теңге өндірілді. Пробациялық бақылаудағы азаматтар қайта қылмыстық істерге барған жоқ.
– Заңдық тұрғыда әділдік пен айыптауларды қадағалап, үкімнің орындалуы сынды құқықтық заңнамаға өзіңіз басшылық ететін саланың негізгі міндеттерінің бірі десек болатын шығар. Осы тұрғыда аудандық прокуратурада қандай жұмыстар атқарылып келеді?
– Дұрыс айтасыз. Бұл тұрғыда мемлекеттік айыпты қолдау саласы бойынша сотта 50 тұлғаға қатысты 54 қылмыстық іс қаралып, айыптау үкімдері шыққан. Қабылданған сот актілері заңды болғандықтан аппеляциялық өтінішхат енгізілмеген.
Аппелляциялық сатыда 4 іс шағыммен қаралып, қанағаттандырудан бас тартылды. Ал үкімнің орындалуын қадағалау саласы бойынша 4 ұсыну енгізіліп, 7 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Пробациялық бақылауда аудан бойынша 74 сотталған азамат бар. Жұмыссыз ретінде тіркелген 52 сотталушының барлығы жұмыспен қамтылды.
– Қаржы нарығында көбіне заңсыздыққа тап болатын кәсіпкерлер мен қарапайым жұмысшылар. Салдарынан есепсіз шығынға батады. Тіпті айлап жалақыларын ала алмай, әділдік іздейтін жандар да жоқ емес. Осы тұрғыда заңды және жеке тұлғалардың құқығын қорғау бойынша және қоғамдық мүдделердің қорғалуы туралы не айтасыз?
– Арал аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен кәсіпкерлік субъектісіне бұзушылықты жою үшін заңда көзделмеген мерзімнің берілетіні және салдарынан заңсыз тексеріс жүргізілгендігі анықталған. Нәтижесінде 4 тексерудің күші жойылды. Аудандық аурухананың 301 жұмысшысының жалақылары төленіп, құқықтары қорғалды. Одан басқа «Аралтұз» АҚ-да жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақталуына және жалпы экологиялық жағдайына талдау жасалып, зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша төлемдер және жыл сайынғы қосымша ақы төленетін еңбек демалыстары белгіленбеген, сондай-ақ сүт өнімдерін және оған теңестірілген тамақ өнімдерінің берілуі қамтамасыз етілмей, заң талаптары бұзылғаны анықталған. Енгізілген ұсынудың қаралу қорытындысымен аталған бұзушылықтар жойылып, 1200 жұмысшының құқықтары қорғалды.
Ал қоғамдық мүдделерді қорғау саласы бойынша аудандағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты деуге болады. Жыл көлемінде заңсыз шерулер, митингілер орын алған жоқ. 13025 азаматың құқықтары қорғалды. Аудандық сотта прокурордың қатысуы міндетті санатта 41 азаматтық іс және 667 әкімшілік іс қаралған. Сондай-ақ аудандық прокуратураға барлығы 228 арыз-шағым түсіп, оның ішінде жеке тұлғалардан – 214, заңды тұлғалардан – 14.
Жеке тұлғалардың арыздары бойынша 22 заң түсіндіру берілсе, 169-ы басқа органдарға жолданған, 9-нан бас тартылды. Заңды тұлғалардың 17 арызы басқа мемлекеттік органдарға қарау үшін жолданды.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбат жүргізген Алтынбек БИСЕНОВ