Вакцина – індетті жоюдың жалғыз жолы
Соңғы уақытта көпшілік арасында вакцинация, яғни екпе туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Бұл, әрине, бүкіл әлемді дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының адамзатқа тажал сеуіп, ауыр зардап шектіріп, айылын жимай отырғанына тікелей байланысты туындап отыр. Вакциналау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ кең қолданылып келеді.
Соның ішінде, коронавирусқа қарсы вакцина қазіргі қиын жағдайдан шығудың жалғыз жолы. Мұны дәрігерлер мен ғалымдар қайта-қайта айтып, «ұжымдық иммунитетті қалыптастыру» үшін жылдамдатып вакцина салу қажеттілігін ескертіп отыр.
Қазіргі таңда вакцина барлық ел азаматтарына тегін және ерікті түрде салынуда.
Елімізде 1 ақпаннан бастап Ресейден әкелінген препараттармен жаппай вакциналау жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін он миллион адамға вакцина егу көзделген, соның ішінде екі миллион адам бірінші жартыжылдықта вакцина алуы керек. Ақпан айында - 100 мың, наурызда - 150 мың және сәуірде 600 мың адамға екпе егіледі деп меже қойылды.
Алайда алғашқы екі айда халықтың 0,1 пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл басқа елдермен салыстырғанда өте баяу көрсеткіш болды. Сол себепті бұл мәселеге Мемлекет басшысы араласып, нақты тапсырмалар берді. Осыдан кейін ғана вакцина егу науқаны қарқынды жүре бастады.
Қазіргі таңда ауданымызда халықты «Спутник V» мен «Hayat-Vax» вакцинасымен жаппай егу жалғасып жатыр. Бүгінге дейін өңірімізде 6611 адам Covid-19 вакцинасымен егілген. Бұл әлі жалғасады.
Бүгінде вакцина мәселесіне қатысты оқырмандардан сұрақ көп. Күн сайын әртүрлі ақпарат тарап жатыр. Осы орайда індетке қарсы екпе жайлы аудандық ауруханасында 47 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан иммунолог-дәрігер Мұратбай Қожабаевпен тілдескен едік.
- Мұратбай Қожабайұлы, пандемия кезінде қызметін тоқтатпаған бір мекеме болса, ол өздеріңіздің сала. Ақ халатты абзал жандар күн-түн демей, кідіріссіз қызмет етіп келеді. Бүгінде осы денсаулық саласына түскен ауыртпалықтың жүгін жеңілдетудің тиімді жолы коронавирусқа қарсы егілу деп білеміз. Дегенмен, күделікті ақпарат айдынында желдей ескен түрлі дәлелсіз ақпараттар мен алып-қашпа әңгімелер халықтың вакцинаға қарсы ойын қалыптастыруға сепебші болып отыр. Осы орайда аудан жұртын қауіпті кеселден арашалу үшін екпе қабылдаудың қаншалықты маңызды екендігін түсіндіре отырып, екпеге қатысты маңызды деген бірнеше сауалға өз тарапыңыздан жауап берсеңіз...
-Жалпы вакцина аларда қандай да бір дайындық күтім қажет пе?
Ең алдымен асқынған ауруыңыз болмауы қажет. Өзге ешқандай дайындық керек емес. Вакцина алмас бұрын сізді дәрігер қарап, денсаулығыңызға қатысты бірнеше сұрақ қояды. Дене қызуыңызды, қан қысымыңызды өлшейді, жүрегіңізді, өкпеңізді, тамағыңызды тексеріп, еш жеріңіз ауырмайтынына көз жеткізеді.
-Вакцина алғаннан кейін қандай күтім қажет?
– Иә, вакцина алғаннан кейін күтіну маңызды. Екпеден кейін 3 күн ішінде инъекцияның орнын суламау қажет, моншаға түсуге болмайды, ішімдіктен аулақ болу керек, ауыр жұмыс істеуге де болмайды.
– Вакцина адам мен қауымды қалай қорғайды?
Вакциналар иммундық жүйені вирус пен бактерияларды тануға, онымен күресуге үйретуге бағытталған. Егер денеге кейінірек осы патогендік қоздырғыштар әсер етсе, оны тез жоюға дайын болады, бұл аурудың алдын алады. Егер адам ауруға қарсы вакцина алған болса, жұқтыру қаупі төмендейді, демек, ауруды басқаларға таратуы азаяды. Қоғамда неғұрлым көп адамға вакцина егілсе, соғұрлым ауру қоздырғыштың адамнан адамға беру мүмкіндігі төмендейді. Егер халықтың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі. Бұл жұқпалы аурулардың таралуын бәсеңдетеді. Бірақ ұжымдық иммунитет көп адам вакциналанғанда ғана тиімді.
– Вакцина қалай жұмыс істейді?
Екпе адам денесіне енгеннен кейін иммундық реакциясын тудырады, яғни антиденелер шығара бастайды. Антидене – бұл ағзаның иммундық жүйесі аурумен күресу үшін табиғи жолмен түзілетін ақуыздар. Олар болашақта аурумен күресу үшін қоздырғышты есте сақтайды. Егер сол қоздырғыш ағзаға қайта енсе, иммундық жүйе аурудың дамуына жол бермей, оның көзін жояды. Адам бойындағы иммундық жүйенің есте сақтау қасиеті жақсы дамыған. Сондықтан бір немесе бірнеше вакцина алғаннан кейін, белгілі бір аурудан ондаған жыл бойы, тіпті өмір бойына қорғаныш аламыз. Қазіргі кезде алдын ала егудің нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар жойылды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жылына 500 млн адам жұқпалы ауруға шалдықса, оның 400 млн-дайы егілмегендер екені анықталып отыр. Ендеше әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы күресте егудің маңызы зор екеніне еш күмән келтірмеген жөн.
Вакцинациядан кейін қысқа мерзімді тұмаудікіне ұқсас синдромдар, инъекция орнының ауырсынуы, гиперемия, ісіну болуы мүмкін. Бірақ 3 күн ішінде басылады.
– Екпеден кейін ауырып қалу мүмкін екені де айтылып жатыр...
Иә, себебі адам екпе салғызған күні вирус жұқтыруы мүмкін. Вакцинада антидене болмайды, оларды организм вакцинаға жауап ретінде түзеді. Антидене түзу үшін ағзаға уақыт керек. Әдетте ол 2-3 аптаға созылады. Спутник V-ің бірінші және екінші дозадан кейін 2-3 апта өткен соң ғана организмді қорғайтын антидененің жеткілікті дәрежесі түзіледі.
– Вакцинаның бірінші дозасынан кейін вирус жұқтырған жағдайда не істеу керек?
Ондай жағдайда адам коронавируспен ауырған болып саналады және вакцинаны 6 айдан кейін алады.
– Вакцина алғаннан кейін бетпердесіз жүруге бола ма?
Вакцинадан соң масканы шешкен дұрыс емес, өйткені вакцина иммунды жүйені ынталандырып, антидене түзеді. Еліміздегі ересек адамдардың 60 пайызы вакцина алып, ұжымдық иммунитет пайда болғанға дейін бетперде тағып жүруіміз керек.
– Вакцинаны кімдер салдырмайды?
Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі. Бұдан бөлек адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина алудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттар жоғары сезімталдығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға және көптеген созылмалы ауруға шалдыққандарға салынбайды. Дегенмен, бүгінгі күнге дейінгі тәжірибеме сүйене отырып жүректің, өкпенің созылмалы аурулары мен қант диабетіне шалдыққандарға екпе қабылдау маңызды деп ойлаймын. Себебі, вирусқа шалдығып, ауыр асқынуларға тап болып, өлім құшқандардың басым бөлігі атап өткен санаттағы аурумен ауыратындар екендігі анықталды. Сондықтан созылмалы ауруы бар адамдар үшін вакцина тікелей індетке шалдыққаннан жеңіл өтетіні заңдылық.
– Вакцинаның әсері қанша уақытқа жетеді?
Наурыз айының соңындағы мәлімет бойынша вакцинаның әсері 1 жылға жетеді деген болатын. Әсері 6 айға ғана жетеді деген де мәлімет те айтылып жүр. Бірақ қазіргі кезде екпенің әсері 2 жылға жететіні мәлім болды. Сондықтан жаһанды жүрісінен жаңылтқан індетті тоқтататын бірден-бір күш, ол – акцина. Адамзат тарихында қаншама алапат індет болған, соның бәрін осы вакцина тоқтатқан. Естеріңізде болсын, «Ойбай, халықты вакцинамен қырады екен, бетпердеде құрт бар екен» деген сияқты алып-қашпа әңгіме ешкімге араша болмайды, құтқарса тек вакцина мен сақтық шаралары ғана құтқарады. Сондықтан сенбестік пен күдікті қойып, вакцина алған дұрыс. Барша жерлестерімді өзінің және жақындарының амандығы үшін, алаңсыз күндерге жету үшін екпе қабылдауға шақырамын.