Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Құрылыс қайта қанаттанды»

«Құрылыс қайта қанаттанды»

«ПромСтройСервис-Е» серіктестігінің бас директоры, облыстық құрылысшылар ассоциациясының төрағасы Манарбек Еспенбетовпен шағын сұхбат.

− Манарбек Нағымұлы, Құрылысшылар күні құтты болсын!

− Көп рахмет!

− Құрылыста ендігі мүмкіндіктеріміз қандай?

− Соңғы екі жыл құрылыс баяулап қалды. Пандемия да, нарық та әсер етті. Қазір Қызылорда құрылысы қайта жандануда. Облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлы құрылысшылармен кездесуінде «жұмыс көп, барлықтарыңызға да жетеді. Қарқынды еңбек етуіміз керек» деді. Қазір аймақта «неке сарайы», Өнер орталығы, мектептерге қосымша ғимараттар салынуда. Он үйге тендер жарияланды. 40,50,60 пәтерлі үйлер бой көтереді. Сонымен қатар 7 қабатты тұрғын үй салынады. Жұмыс көбейіп, құрылысшылардың көңіл күйі көтеріліп қалды.

− Құрылыс материалдарының бағасына байланысты не айтасыз?

− Бір ғимарат салуға бөлінген қаржының бәрі құрылыс материалына жұмсалды. Себебі баға қымбаттады. Бұл құрылыс мекемелерін шығынға батырды. Жаңа басшы келгелі құрылысқа бөлінген қаржы да шикізаттың бағасы шарықтап тұрғаны ескерілген. Бағаны 30 пайызға көтерді. Бұл – бізге үлкен қолдау. Қарыздарымыздан шығып кетеміз деп үміттеніп отырмыз.

− Сіз басқаратын мекеме қандай ірі құрылыс нысандарын салды?

− Еліміз бойынша 50-ден аса ірі нысан құрылыстарын жүргіздік. Түркістан қаласында 900 орындықты мектеп, сонымен бірге тілінде мүкістігі бар балаларға арналған кешен салдық. Бүгінгі таңда қаламызда 50 пәтерлі екі үй салып жатырмыз. Шиелі кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастадық.

− Еңбек нарығында кәсіби жұмысшы мамандардың тапшы болып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Бұл оқылықтың орнын қалай толтырамыз?

− Құрылыс алаңына дәнекерлеуші де, электрик те, тас қалаушы да таптырмайды. Құрылыс саласында 70 пайыз мамандар тапшы. Аймақта жалпы орта білім алуға қомақты қаржы бөлінеді. Мамандар дайындап жатыр. Диплом алған соң олар қайда кетуде? Жастар неге құлшынып келмейді. Менің ойымша, жалқаулықты жеңу керек. Жұмыс көбейді. Төмен айлық ұсынбаймыз. Жұмысшылар жоқ. Алпыстан асқан азаматтар істеп жүр. Еңбек рыногы мен кәсіптік оқу жүйесі арасындағы байланыс үзілмеу керек. Жұмысшы мамандарын даярлаушылар мен жұмыс берушілер арасында бір мақсат жолындағы ортақ келісім болғаны жөн.

− Салада басқа қандай мәселе бар?

− Мемлекеттік нысанның құрылысын іске асырғанда аттестатталған сарапшылары бар арнайы аккредиттелген мекеме конкурс арқылы ақылы негізде анықталады. Ол құрылыс басталғаннан қабылданғанға дейін нысанның құрылыс нормаларына сәйкес жүргізілуін толықтай қадағалайды. Осы орайда қазір техникалық қадағалау жүргізетін сауатты инженер мамандар жоқ. Аккредиттелген мамандардың біліктілігі төмен. Технадзорлар кемі жиырма жыл кірпіш пен құмның арасында жүріп тәжірибе жинау керек. Бұрын құрылыс бөлімінде салынып жатқан үйлерді бақылап отыратын кураторлар болатын. Салада қанша жыл істеген тәжірибесі бар адамдарды куратор етіп қоятын. Бес нысанға бір адам бекітілетін. Солар барып тексеріп тұрады, айдың аяғында қол қойып беретін.

− Алдағы жоспарларыңыз қандай?

− Нарық шарықтап кетті деп қарап отырмай тіршілікті жандандыруымыз керек. Облыстық құрылысшылар ассоциациясында қазір он бес шақты құрылысшылар ғана қалды. Жұмыс көбейіп, басшылар қолдап тұрған кезде ауызбіршілік керек. Саланың кем-кетігін толтыруға бірге атсалысып, бірге еңбек етіп, аймақтың дамуына үлес қосуымыз қажет. Сол ымыралы тірлік алға өрлете береді.

− Аз-кем пікірлесуге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Кәсіби мерекелеріңіз тағы да құтты болсын.

Әңгімелескен

Гүлбану МАҚАЖАН

syrboyi.kz

16 тамыз 2022 ж. 5 823 0