Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Беларанда берекелі тірлік бар

Беларанда берекелі тірлік бар

Тынымсыз ауыл тіршілігінде қордаланған мәселелердің де көп екендігі анық. Ауылдарға іс-сапар барысында ондағы тұрғындардың көбі жарық, жол, ауызсу, сондай-ақ біршама саладағы жұмыс сапасының төмендігіне наразы болып жатады. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Беларан ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында атаулы ауыл әкімі Тұрғанбай Әбілқайырұлымен сұхбат жүргізген болатынбыз. Сұхбатымызды бастамас бұрын ауылдық округ жайында ақпарат беріп өтейік. Беларан ауылдық округі Арал ауданынан шалғай орналасқан ауыл. Яғни, аудан орталығы мен ауыл арақашықтығы 270 шақырым жерді құрайды. Атаулы округте 60 тұрғын үй, 372 адам бар. Халық қалап алған ауыл әкімі бүгінде ауылдың тынымсыз шаруасына кірісіп-ақ кеткен екен.

- Беларан ауылдық округінің әкімдік қызметіне қашан келдіңіз?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болатындығын айтқан еді. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау ең алдымен халық үшін маңызды екені белгілі. Жалпы ауыл әкімдерін жанама сайлау жүйесінен тікелей сайлау жүйесіне өзгертудің басты себебі –  жергілікті халықтың басқару жүйесіндегі белсенділігін арттыру және еліміздің демократиялық процестерді одан әрі дамыту болып табылады. Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып сол кездегі «Nur-Otan» (қазіргі «Amanat»)  партиясының атынан Арал ауданы, Беларан ауылдық округі әкімінің лауазымына сайлауға түсуге кандидат болып тіркелдім. Сайлау алды бағдарламамды жасадым. Содан 2021 жылдың 25 шілде күні ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізілді. Сол сайлауда ауыл халқының басым бөлігі мені қолдап, дауыс берді. Ауыл әкімі деген лауазымға ие балғаннан кейін аудан әкімі Серік Сағитжанұлы ауылға арнайы атбасын бұрып  халықпен кездесіп, мені жаңа қызметіммен құттықтады. Міне осыдан кейін тәуекел мен сенімнің жүгін арқалап қызметке кірісіп кеттім. Алғашқы отырысым ішкі қызметкерлер мен мекеме басшылары болды. Одан кейін ауыл тұрғындарымен кездесіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, соңынан өзімнің рақметімді айттым.

-Өткен жылғы қуаңшылық жағдайы әлі есімізде. Ауыл халқы бұл қиындықты қалай еңсерді?

-Менің қызметке келуім өте бір қиын кезең болды. Себебі өзіңіз айтып отырғандай, 2021 жылы қыста қардың, көктемде жауын-шашын мөлшерінің шамадан тыс аз мөлшерде түсуі, жайылымдық жерлердегі шөптің шығымына кері әсерін тигізбей қоймады. Осы қиындықтың салдарынан қуаңшылық жағдайы орын алып, жеке қожалықтар мен шаруа қожалық иелеріне қиындықтар туғызып, мал шығыны орын ала бастаған болатын. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі біршама малдарын Шалқар, Ырғыз аудандарына апарып бақса, енді бір бөлігі ағайын-туыстарына апарып уақытша бағуға жұмыс жасауға мәжбүр болды. Сонымен бірге малдарын оның ішінде жылқы малын төмен бағада сатқан еді. Осы ретте, облыс, аудан әкімдігі тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, төтенше жағдайдың салдарын жою бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының жайылымдық жерлерін суландыру мақсатында, ауылдың батыс беткейінен су ұңғымасы қазылды. Сонымен қатар, қолда бар ауыл шаруашылығы жануарларының басын аман алып қалу мақсатында Б. Өтемұратов қорынан 22 тонна бидай кебегі және 16 тонна шөп тұрғындарға тегін таратылды. Бұдан бөлек мал азығына қол жетімді болу үшін шөп тасымалдаған автокөліктердің жанар-жағар май шығындарына төтенше жағдайлар есебінен 3500 тонна жанар-май қаржысы жұмсалып, 176,5 тонна шөп тасымалданды. Биыл қысқы қардың, көктемгі жауын-шашынның мол болуынан жайылымдық алқаптарға шөп шығып, ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әр қиындықтың артында бір қайыры бар деген осы болар.

- Рухани мұраларымызды насихаттау мақсатында қандай шараларды қолға алдыңыздар?

-Осы жылдың ақпан айының 5 жұлдызында Құланды поселкасы, Үшкөң ауылында туған Әлем әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 98 жасында дүниеден озды. Әбдіжәміл ағамыздың көзі тірісінде Беларан төбенің басындағы «Қан мен Тер» мен «Соңғы парыз» кітабынан үзінді алынған мрамордан жасалған екі ескерткіш тақтасы орнатылған. Жанында Ұлы теңізге қарай бет алған қабірі қазылған. Аудан әкімі Серік Сағитжанұлының тапсырмасына сәйкес осы төбенің басында көркейту-көгалдандыру және аббаттандыру жұмыстарын жүргізу басталып кетті. Демеушілік жасаған Тлеуов Нұрбек Алдоңғарұлы алғашқы жұмысын қоршаудан бастады. Жалпы алаңы 99 шаршы метр жер темірден қоршалып, ішкі жұмыстары жалғасты. Өзім ауылдың жас жігіттерін ұйымдастырып қоршалған алаңның ішкі ауласына Ақбауырдың баурайындағы ақ топырағын төседік. Әрі қарай су апарып жерін тегістеп брусчатка төсеудің алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде Ақбауырдың баурайында тұрған сәтте жусанның қылтиып шығып тұрғанын байқадым. Жігіттерге жусанның тамыры бар екен биыл жусан шығып кетсе жақсы болар еді деп қуандым. Бұны айтып отырғаным өткен жылы қуаңшылықта қиындық көрген тұрғындар шөптің тамыры жоқ шығар деп түрлі ойларға кеткен. Аудан әкімінің тапсырмасымен 2022 жылдың 1 сәуірінде Беларан төбенің басында Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке арнап іс-шара өткізу жоспарланды. Шараға Ақбастының әкімі Заманбек екеуміз дайындық жұмыстарын бастадық. Алдын ала іс-шараға сәйкес ауданнан түрлі саладағы қызметкерлер келіп өз салаларына қатысты жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп 1 сәуір күні Беларан төбенің басында шара басталды. Шараға Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Байқадамов Наурызбай, Қоғам және мемлекет қайраткері-министр, Қызылорда облысы  мен Арал ауданының Құрметті азаматы Құдайберген Саржанов ағамыз, аудан әкімі Серік Сағитжанұлы Сермағамбетов, Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің тумалары және алыс жақыннан келген құрметті қонақтар барлығы 200 адамдай қатысты. Шараның барысында Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовті еске алу сөздері айтылып, құран бағышталды. Содан кейін марқұмның Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жанбасы тиген жерден топырақ әкелініп екінші мекені Беларан төбенің басындағы көзі тірісінде жасаған қабіріне топырақ салынды. Шараның жалғасы тал егу жұмыстарымен жалғасты.  Мұнан кейін сол күні Әбдіжәміл ағамызға арнап Құландыда садақа берген едік, – деді ауыл әкімі.

-Ауылды көркейту-көгалдандыру мақсатында қандай шаралар жүзеге асуда?

-Көркейту-көгалдандыру мақсатында елді мекендегі мемлекеттік мекемелердің аулаларына арнайы тал көшеттері отырғызылып, күтімге алынды. Атап айтсақ, № 77 білім ордасында 210 түп сыр талы мен қара тал, ауылдық клубқа 40 түп, ауыл әкімшілігі мен балалар ойын алаңына 100 түп тал көшеттері отырғызылды,–деді.

-Ауылдың мал шаруашылығы жайы қалай?

- Ауыл халықының негізгі тіршілігі – мал шаруашылығы. Округ бойынша 7 шаруа қожалығы мен 6 дара кәсіпкер тіркеліп жұмыс жасауда. Мал басы осы жылдың 1 шілдесіне түйе-1994 бас, жылқы- 1419 бас, мүйізді ірі қара-524 бас, уақ мал-521 басты құрап отыр.
Былтыр екі дара кәсіпкер түйе малын өсіру үшін 10 миллион 200 мың теңге несие алса, бір  шаруа қожалығы жылқы малын өсіруге10 миллион теңге несие алып кәсібін жандандыруда. Биылғы жылы бір дара кәсіпкер түйе малын өсіру үшін 3 миллион 500 мың теңге несие алып жұмысын жасауда.

Құланды мен аудан орталығы жол қатынасының қиын екенін білеміз. Осы кезге дейін күрмеуі шешілмеген бұл мәселенің қандай амалын қарастырып жатырсыздар? 

Құланды елді мекенінен Бейнеу-Шымкент газ құбыры жанындағы автожолға дейінгі 35 шақырым автожолға тас төсеп жол салу жұмыстарын жүргізу керек болған. Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, «Қаз Транс Газ Өнімдері» ЖШС-не  жолды тегістеу жұмыстарын жүргізуге ықпал жасау жөнінде ұсыныс жолданған. Жолданған ұсынысқа сәйкес бүгінде Құланды елді мекенінен Бейнеу-Шымкент газ құбыры жанындағы автожолға дейінгі 35 шақырымды «Қаз Транс Газ Өнімдері» ЖШС арқылы ескі жолдың жанынан жаңадан жол тегістеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Сонымен бірге демеушілердің есебінен ауыл көшелерінің түнгі жарық шамдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

-  Тұрғанбай Әбілқайырұлы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Айсауле НҰРЛАНОВА
23 қараша 2022 ж. 4 516 0