Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Сценарийді өзім жазамын»

«Сценарийді өзім жазамын»

Бүгінгі буынның өнер атаулыға ықыласы мен талғамы бөтен. Әсіресе, кино саласындағы беталыс жас таланттардың ерекше мектеп қалыптастыруға деген ұмтылысынан хабар беретіндей. Сыр жастары да өзгеріске үлесін қосудан қалыс қалмай, кино әлемене жаңа леп әкелуде. Қызылордалық жас режиссёр Жаннұр Толағайқызы да солардың қатарында.
– Жаннұр, кино әлеміне келуіңізге не себеп болды?
– Ең алдымен сұхбат алып жатқан­дарыңызға рахмет. Кез келген нәрсе ұнатумен келеді ғой, көгілдір экраннан күнделікті көріп жүрген дүниеле­рімізді қызыға қараумен қатар оның артында кім тұратыны, олардың қалай жұмыс істейтіні мен үшін қашанда қызық болған. Сол дүниелерді жасау процессіне қатысу арманым болды. Әр адамның өз қөзқарасын жеткізуші құралы болады, нақтырақ айтсам, суретші суретпен, композитор музыкамен, ақын өлеңмен дегендей, ал менің құралым кино болғанын қаладым.
– Андрей Тарковский: «Сценарист деген мамандық жоқ, сценарист – ол киноны жақсы түсінетін жазушы, не сценарий жаза алатын режиссер» деген еді. Түсірген туындыларыңызда сценарийді өзіңіз жазасыз ба? Жалпы киноның мазмұны мен мәніне қаншалықты назар аударасыз?
– Менде дәл қазіргі сәтте ауыз толтырып айтатындай туынды әзірге жоқ, бұйырса бәрі алда, білім алу үстіндемін, ала беремін де, кино бітпейтін білім. Алайда кішігірім туындыларыма сценарийді өзім жазамын. Жалпы режиссер кішігірім продюссер, сценарист, оператор болуы тиіс. Мазмұнға келетін болсақ, әрине, кез келген адам мазмұнға қарайды, жайдан жай ештеңе жазылмайды, жайдан жай ештеңе түсірілмейді, әр туындының өз айтары болады.
 Елімізде комедия жанры көп түсіріледі. Сіздіңше бұл астарында зілі бар әзілге құмар немесе арзан дүниені алданыш ететін көрерменнің көптігінен бе? Әлде ол пайда түсірудің негізгі көзі ме?
– Рас, қарбалас тірлікте адамдар ең болмаса жұбанышты кинодан іздейді. Алайда қазірде комедия жанрының өзінде де шымши сөйлеп, шындықты айтып жатады, сондықтан оған ешқандай жаман көзқарасым жоқ, уақыт өте осылай өзіміз қалаған дәрежеге жетеміз бұйырса. Иә, көрермен деңгейіне түспей, керісінше көрерменді өз деңгейімізге жеткізу басты миссиямыз.
 Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Б.ШАҒЫР

syrboyi.kz
27 сәуір 2023 ж. 2 288 0