Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызылордалық маман: Қызылша ересек адамдарда ауыр өтеді

Қызылордалық маман: Қызылша ересек адамдарда ауыр өтеді

Дәрігерлер қызылша ауруының қауіпті екенін айтады. Сондықтан оған байланысты сақтық шараларына назар аударуын сұрайды. Десе де бұл ауру тұрғындар арасында кездеседі. Одан сақтану жолы қандай? Осы орайда Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенованы әңгімеге тартқан едік.

- Қызылша қандай ауру түріне жатады? Оның салдары қандай болады?

- Ол қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталады. Жедел вирустық инфекциялық ауру адамнан адамға жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде ауа тамшылары арқылы жұғады. Сырқат адаммен қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда да екпе алмаған адамдардың оны жұқтыру қаупі өте жоғары.

Айта кетсек, ол пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымын орындау керек.

- Қызылша қандай жолмен тез тарайды?

- Қызылша ауа тамшылы жолмен тез тарайды. Қызылшаға екпе алмаған адам науқаспен қысқа уақытта байланыста болса да жұқтыру қаупі өте жоғары. Бұл вирус ауа арқылы тез таралуы салдарынан науқас адаммен тікелей байланыста болмасаңыз да, инфекцияны жұқтыру науқаспен бір бөлмеде аз уақытта болудың өзі жеткілікті.

Қызылша 5 жасқа дейінгі балаларда жиі кездеседі. Ересектерде қызылша ауруы балаларға қарағанда ауыр түрде өтеді. Көктемгі-қысқы кезеңде аурудың өршуі байқалады. Аурудан соң, қанда қызылшаға қарсы антиденелер түзіліп, иммунитет сақталады. Жаңа туған сәбилерде қызылшаға қарсы иммунитет қалыптасуы үшін аналардың да уақытылы вакцина алғандығы маңызды.

- Қызылша ауруының белгілері қандай? Оның алдын алу үшін не істеу керек?

- Ол бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан дәрігерге уақтылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгісі бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеу керек.

Ауру адаммен байланыста немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң суық тию белгілері сияқты басталады. Атап айтқанда, белгілері ретінде дене қызуы, тұмау, көздің қабынуы және жөтелді айтуға болады. Ауру уақыт өткен сайын асқына түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі мүмкін. Ал 2 немесе 3 күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұздың жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін 2 немесе 3 күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Ол 5 күннің ішінде шығып болады.

Вакцина алу қызылшаға қарсы егілу қорғаныш иммунитетін қалыптастырады. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес бірінші екпе баланың 12-15 айлығында салынса, екінші екпе бала 6 жаста болғанда жүргізіледі. Былтыр қызылшаны жұқтыру дерегінің көбейіп, өршуіне байланысты белгілі бір контингенттер арасында қосымша жаппай иммундау басталды.

- Қызылорда облысында вакцина қабылдаған тұрғындар саны қанша? Бұл бағытта түсініктеме жұмыстары қалай жүргізілді?

- 2023 жылдың 6 қарашасынан бастау алған иммундау барысында бүгінгі күні 67166 адам екпе алды. Осы вакциналаудың ықпалымен бүгінгі күні қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Атап айтқанда, соңғы үш ай көрсеткішін алатын болсақ, 2023 жылғы қарашада 500, желтоқсанда 474 дерек болса, қаңтарда 366 жағдайға дейін төмендеу тенденциясы қалыптасты. Ақпан айында 73 адамнан ауру анықталды.

Бүгінгі таңда аймақ емханаларында қызылшаға қарсы иммундау жалғасып жатыр. Егер балаңыз егілмеген болса, дәрігердің қарап-тексеруінен кейін тиісті екпелерді алуға кеңес береміз.

Дене шынықтыру, спорт, дұрыс тамақтану және т.б. иммунитетті көтеретіні анық. Бірақ кей инфекция қоздырғышынан қорғауға ол жеткіліксіз. Мысалы, қызылша ауруының қоздырғышымен кездескен кезде екпе салынбаған адамның 95%-ы сырқаттануы мүмкін. Бала кезінде алған екпелер өмір бойына кейбір инфекцияларға қарсы иммунитеттің негізін қалыптастыратынын ұмытпаған жөн.

Ақпарат көзі: inform.kz
Фото: inform.kz
12 ақпан 2024 ж. 3 336 0