Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша дегеніміз не және ол несімен қауіпті?

Қызылша дегеніміз не және ол несімен қауіпті?

Қызылша - бұл ауа тамшылары арқылы таралатын өте жұқпалы ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері дене қызуының көтерілуі мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелер пайда болады. Бұл 100% жұқпалы ауру, яғни бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланысқа түссе жұқтыру қаупі өте жоғары. Міне, сондықтан инфекция ошағында вакцина және эпидемияға қарсы шараларды жасауды қатаң сақтау өте маңызды.
Ауру себептері - инфекция ауа жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Инфекция көзі-ол айналадағыларға 2 күн инкубациялық кезеңнен 4-ші күнгі бөртпелер шығып ауырған адам. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды.
Қызылшаның белгілері - есте сақтайтын ең маңызды жайт ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі сияқты белгілер болады. Кейініректе конъюктивиттің (көздің шырышты қабығының қабынуы) пайда болуы байқалады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсап кететін дақтар пайда болады. Осы кезде дене қызуы қатты көтеріледі, тұмау белгілері күшейеді. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5°С-тан қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады.
Қызылшаның инкубациялық кезеңі - бұл аурудың бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн ішінде қауіпті болып табылады. Адамдардың табиғи сезімталдығы өте жоғары, ауырып сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Қызылшамен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі.
Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы (пневмония), орта құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда энцефалит (мидың қабынуы) тәрізді өте күрделі жағдайлар жатады.
Қызылшамен ауырып сауыққаннан кейін ұзақ уақыт бойы (2 айға дейін) иммунитеттің төмендеуі байқалатынын есте сақтау қажет, сондықтан бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін, сол себепті оны шамадан тыс жүктемеден, мүмкіндігінше-науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет.
Қызылшаның алдын алу - қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қазақстан Республикасында алдын-ала егу балаға екі рет 12 айда және 6 жасында жоспарлы түрде тегін жүргізіледі, екі рет алдын-ала егілгендердің иммунитеті 95% құрайды, сондықтан алдын-ала егу жұмыстарына немқұрайлы қарамай балаларыңызды уақтылы алдын-ала екпе ектіріңіздер. Шұғыл вакцинациялау науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.
Қызылша – қауіпті инфекция. Балаңызды қорғап үлгеріңіз!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

фото: ашық дереккөз 
23 қаңтар 2024 ж. 332 0