Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бауыржан Мұратбекұлы: "Аудандық ауруханада біршама жаңа оталар жасалып отыр"

Бауыржан Мұратбекұлы: "Аудандық ауруханада біршама жаңа оталар жасалып отыр"

Әр адам баласы үшін ең алдымен оның денсаулығы маңызды екені анық. Сонымен бірге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа жолдауында ұлт денсаулығына аса мән беріп, адам денсаулығын жақсарту туралы ерекше атап өтеді. Біздің халқымыз ертеден адам денсаулығына ерекше мән беріп, бірінші орынға қойған. "Бірінші байлық – денсаулық", "Дені саудың – жаны сау" деген дана сөздерді бекер айтпағаны белгілі. Осы тұста Арал аудандық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері – Бауыржан Мұратбекұлымен сұхбаттасқан едік.
         –Бауыржан Мұратбекұлы, сіздің басшылық қызметке келгеніңізге көп бола қоймады. Осы қызметке келгелі тікелей басшылығыңызбен қандай жұмыстар атқарылды? Сонымен бірге аурухана жұмысына да тоқталып өтсеңіз.
         –Теңізді өлкеміз облыс орталығынан біршама алыс орналасқанын білесіздер. Яғни, Қызылорда қаласынан 450 шақырымдай алыс орналасуына байланысты сапалы медициналық қызметті жергілікті жерде көрсетуімізге аса назар аударылып отыр. Сонымен бірге осы өзім басшылық ететін саладағы біршама мәселелер кезең кезеңімен өз шешімін тауып келеді. Өткен жылдың соңында аудан орталығынан шалғай орналасқан екі елді мекенге дәрігерлік амбулатория салынды. Атап айтар болсам, Бөген және Қызылжар елді мекендері тұрғындары бүгінде медициналық амбулаторияны өз игіліктеріне пайдалануда. Бұл амбулаториялар барлық дерлік медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тағы атап өтерлігі, Көктем елді мекенінде жаңадан облыстық бюджеттен жаңа әрі заманауи типтік жобада медициналық бекет салынып, табысталған болатын. Ендігі кезекте, осы жылы Тоқабай дәрігерлік амбулаториясын жаңадан салу жоспаралып, оны жыл соңына дайін бітіруді қолға алып отырмыз. Сонымен қатар " Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" Ұлттық жобасы аясында аудандық аурухана жанынан жапсаржай салып, Кардиология және Инсульт бөлімшесін ашу жоспарланған болатын. Дегенмен, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін аурухананың әкімшілік бөлімі қаладағы "А.Байтұрсынов" емханасының бір бөлігіне көшіп, әкімшілік орнына Кардиология және Нейроинсульттік бөлімшелері ашылды. Қазіргі уақытта атаулы екі бөлімше халыққа қолжетімді қызмет етіп, науқастарға ем жүргізуде. Атаулы екі бөлімшелерін жаңадан салуға қажетті жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Осы құрылыс нәтижесінде атап өткен екі бөлімшелермен бірге, ауданға қажетті, бүгінде халыққа қолжетімсіз болып отырған Ангиограф және Магнитті резонансты томорграфиясымен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Егер құралдар алынған жағдайда жүректің аз инвазивті коронарогрфия сынды манипуляциялар жергілікті аурухана көлемінде жасалатын болады.  Тағы  айта кетерлігі аудандық аурухананың эндоскопия бөлімшесінде "Олимпус эвис Х1" эндовидео құрылғысы алынып, ауданда алғаш рет видеоколоноскопиялық зерттеу жүргізіліп келеді. Соңғы үлгідегі видеоқұрылғының NBI режимі жай көзге білінбейтін ісіктерді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Анықталған түзілістен эндоскопиялық жолмен кесіп алынуда. Өткен жылдың соңғы тоқсанында асқазан ішек жолдарынан қан кету кезінде қолданатын клипсы, лигатор, инъектор алынған еді. Қазіргі уақытта асқазан ішек жолдарынан қан кетуді видеоэндоскопиялық жолмен тоқтатып отырмыз. Сонымен қатар ауданда медициналық мекеме ғимараттарының жылыту жүйесі табиғи газбен жылытуға реконструкциясы жасалып, ауыстырылуда. Осы жыл ішінде Жақсықылыш дәрігерлік амбулаториясы, Психоневрологиялық диспансер және "А.Байтұрсынов" ауылдық емханасы ғимараттарының бу қазандықтары табиғи газбен жылытуға ауыстырылды. Қыс мезгіліндегі орын алатын жылыту жүйесі бойынша мәселелер шешімін тапты. Ал Сексеуіл кенті және Шижаға ауылдық округінде табиғи газ жүйесін жүргізу жоспарына сай, сол жерлердегі бірқатар медициналық мекемелердің жылыту жүйесін газды жылытуға ауыстыру бойынша қажетті құжаттамалық жұмыстары басталды.
         –"Ел болашағы – балалар қолында" екені анық. Ендігі кезекте бала денсаулығының аудандағы ахуалы қалай?
         –Арал аудандық ауруханасының балалар бөлімшесінде өткен 2023 жылы барлығы – 1 264 бала емделіп шықса, ерте реабилитациялық емін 103 бала алып шықты. "А.Байтұрсынов" ауылдық емханасының жанынан "Қамқорлық" қоры арқылы Арал және Қазалы аудандарынла диспансерлік есепте тұратын 2-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді науқастарынан ерте оңалту мақсатында реабилитация орталығын ашу жоспарланды. Бүгінде жоба жұмыстарын жүргізуге аудан өз теңгеріміне қабылдап, құрылыс мердігерін анықтауға конкурс жариялануда. Атаулы емхананың осы құрылыспен бірге сыртқы келбетін де жаңғырту қарастырылып отыр.
         –Бүгінде заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтар мен цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып келеді?
         –Аудандық аурухана медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі төмен деңгейде емес. Осы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 2023 жылдың жыл қорытындысымен 88,5 пайыз болып отыр. Ал 2022 жылы 84,3 пайыз болған. Бізге бұл құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуілу Облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен жүргізіледі. Ауданға эксперт класстағы УДЗ, видеогастроскоп, нәрестелерге арналған тасымалдау инкубаторы және де нәрестелерге арналған инвазивті емге инкубатор сынды басқа да біршама құрылғылар келді.  Өткен жыл соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолдауымен ауданымызға 3 жаңа санитарлық автокөлік берілді. Сонымен бірге өткен айда медицина мекемелері 6 желед жәрдем көлігімен толықты. Ал 9 елді мекен емханаларына компьютермен қамтып, интернет желілерімен де қамтамасыз еттік. Бүгінде аудан бойынша емханалар 100 пайыз компьютермен жабдықталып отыр.
         –Бауыржан Мұратбекұлы, өзіңіз хигургия саласындағы білікті маман екенсіз. Өзіңіз Аралға келгелі өзгеріспен жасалған оталар жайында қысқаша сөз қозғасақ?!
         –Иә, хирургия маған таңсық дүние емес. Бұл қызметке келгенге дейін мен Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының жоспарлы хирургия бөлімі меңгерушісі, сонымен бірге облыстың штаттан тыс бас хирургі болып жұмыс істедім. Осылайша облыстық ауруханада жұмыс істегеннен кейін аудандағы барлық ауыр науқастардың көбісі бізге түсетін еді. Яғни, өте ауыр, түсініксіз жағдайдағы науқастар. Ал соңғы уақыттары аудандық ауруханада біршама жаңа оталар жасалды. Бір сөзбен айтқанда бұрын-соңды ауданда істемеген оталарды жасап жатырмыз. Атап өтер болсам, механикалық сарғаюмен түскен науқастарға тері, бауыр арқысы холангиостомия, шап жарығымен түскен науқастарға лапароскопиялық ТАРР герниопластикасы, сонымен қатар отадан кейінгі вентральді жарықтарға имплантты торларды қолданып кернеусіз және комбинирленген пластикалары, жатырдан тыс жүктілік және жатыр қосалқыларының айналуы кезіндегі лапароскопиялық тубэктомия оталары сынды  басқа да негізгі оталар жасалуда. Міне осылайша ауданда кіші инвазивті хирургия дамып, жаңаша серпін алуда. Тағы айта кетерлігі аталған ем шаралар науқастарға МӘМС шеңберінде тегін жүргізілді. Мұндай оталарды жасату үшін науқастар облыс орталығына бармай-ақ өз ауданымызда жасатуға қолжетімді болып отыр. Сонымен бірге травматологиялық сырқаттарға жедел оталар жергілікті жерден жасалып отыр, дегенмен кей күрделі деген оталарды жасатуға Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханаға жіберу қажеттілігі туындап отыр. Осы мәселе бойынша бүгінде дәрігерлеріміз Ақтөбе қаласындағы "М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті" базасында резидентура арқылы біліктілігін жетілдіруде. Осы орайда бұрын ауданда жасалмаған оталарға қажетті металлоконструкцияларды мемлекеттік сатып алумен алынып, жергілікті жерден ота саны артпақ. Сонымен қатар ауданнан облыс орталығына көзге операция жасату үшін 200-ге жуық науқас барады.  Осы мәселе бойынша офтальмологиялық сырқаттар үшін микрохирургиялық отаға қажетті құрал-саймандарға тапсырыс беріліп, ауруханаға жеткізілуі күтілуде. Микрохирургиялық ота жасауға маманымыз дайындалып, жыл соңына дейін көз көруі төмендеген сырқаттарға офтальмохирургия бейіні бойынша оталар қолға алынатын болады.
         –Сіздерді адам жанының арашасы деп жатамыз. Осы тұста Гиппократ антына адал  да білікті кадр мамандары қалай шешілуде?
         –Жалпы аудандағы өзекті мәселелердің бірі дәрігер мамандарының тапшылығы болып отыр. Қазіргі уақытта 20 дәрігер зейнет жасынан асса да жұмыс істеп жүр. Бұдан бөлек қосымша 19 дәрігер тапшылығы орын алып отыр.  Осы мәселе бойынша Ақтөбе қаласындағы "М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің" бітіретін түлектерімен жұмысқа шақыру жөнінде келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде 6 тәжірибелі дәрігер келетін болып шешілген болатын. Атап өтер болсам, Анестезиолог-реаниматолог, Офтальмолог, Оториноларинголог, Неонатолог, дәрігерлері резидентура бойынша бітіріп келетін болды. Сонымен бірге жергілікті жалпы тәжірибелі дәрігер нефрология бейіні бойынша маман сертификатымен қамтылып, білімін жетілдірді.  Мұнымен қоса аудан орталығының қала статусы болуына орай жас мамандарды "Дипломмен ауылға" бағдарламасы арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етуге заңға сәйкес мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ медициналық көмектің сапасын арттыру және жұмысқа жаңа серпін беру бойынша Арал қаласындағы 3 емхана меңгерушілері ротация тәртібімен ауыстырылған болатын.
         –Алдағы жұмыс жоспары  туралы айтып өтсеңіз...
         Аудандық орталық аурухананың ескі ғимаратымен бірге Жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимараты 1989 жылы салынып, қолданысқа берілген екен. Қазіргі кезде Жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимараты апаттық жағдайға жетіп, сараптама қорытындысы алынған болатын. Сонымен бірге аудандық аурухананың жаңа ғимараты 2018 жылы салынып, қолданысқа берілген. Сол кездегі құрылыс жобасына Жұқпалы аурулар бөлімшесі енгізілмей қалып, аурухана жанынан жаңадан салу жоспарланған еді. Кейін аудандық аурухананың негізгі бөлімі жаңадан салынған ғимаратқа ауысуына байланысты Жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимараты ескі орнында қалды. Қазіргі кезде жұқпалы аурулар бөлімшесіне емделушілер саны жыл сайын артып келеді. Соған байланысты атаулы бөлімшені қайтадан салу туралы ұсыныс тасталды. Бүгінде аудандық аурухананың жаңа ғимараты жанынан арнайы қосымша жер алынып, белгіленіп отыр. Ендігі кезекте жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимаратын жаңадан салуға жоба сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға жолданып, шешімі күтілуде. Сонымен бірге кәсіпорынға қарасты "Абай" ауылдық емханасы қаланың 19 681 халыққа алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Ал халықтың жартысы қаланың темір жол жүйесінің "арғы бетінде" тұрады. Осы "Абай" ауылдық емханасы 1960 жылы жатақхана есебінде салынған, қолайсыз ғимаратта медициналық көмек көрсетілуде.  Халық сұрауы бойынша "Шаңқай" мөлтек ауданынан "Абай" ауылдық емханасының жаңа әрі заманауи талаптарға сай ғимарат салынуы сұратылып, осы мөлтек ауданынан 250 орындық келушілерге арналған емхана құрылысы үшін арнайы жер учаскесі алынды. Ендігі кезекте қажетті қаражат көлемін нақтылау үшін Қызылорда облыстық құрылыс басқармасымен жоба сметалық құжаттамасын әзірлеуге конкурс жарияланып, жүйелі жұмыстар жүруде.

     
–Сұхбатыңызға рақмет, Бауыржан Мұратбекұлы! Аурухана қызметіне сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен, Айсәуле Нұрланова
07 шілде 2024 ж. 577 0