Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » КІНДІГІ ТЕҢІЗГЕ БАЙЛАНҒАН КОРИФЕЙ

КІНДІГІ ТЕҢІЗГЕ БАЙЛАНҒАН КОРИФЕЙ

«Аралдың адамдары толқыннан жаратылған». Ақын Ақжол Түменбай осылай дейді. Расымен-ақ, теңізден түлеген текті көп. Соның бірі – қуатты қалам иесі Әбдіжәміл Нұрпейісов. Жаны теңізбен егіз. Тереңдігі де теңізбен тең. Аралдың ахуалын айтқанда алаң жұртты аузына қаратқан абыз. Биыл жазушының дүниеге келгеніне 100 жыл. Осы ретте, қаламгер жайындаХалықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Қуаныш Жиенбаймен әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
«Шығармашылық лабораториясы ешкімге ұқсамайды»
– Аға, «Қарапайым һәм тамаша тағдырлар» кітабыңызға енген «Әбе ағынан жарылған күн» атты жазбаңызды бір деммен оқыдым. Қаламгердің балақтан тартқандарға бақан ала жүгірмейтінін, бөлек болмысын баяндапсыз. Парасат-пайымын да мұқым ел біледі. Ал, жазушы көңілі толқып, ой иіріміне батқанда не істейтін еді?
– Әбдіжәміл Нұрпейісов жайында көп нәрсе айтуға болады. Таусылмайтын қазына дерсіз. Дара тұлға екенін әлемнің алдында мойындатқан жазушы. Әбекең «Курляндия», «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарына бүкіл өмірін арнады. Әр сөзін, сөйлемін мидың мың градустық домнасында балқытып, қорытып барып жазғаны анық. Қашан ойынан шыққанша, қағазға түсірмейтіні тағы бар. Шығармасын қысқарту мен түзетуден шаршамаған.
Өзінің салмақты да ұстамды мінезімен әр нәрсеге қызбалық таныта бермейтін. Ал, мәселе елге, Аралға, қазақ әдебиетінің тағдыры мен экологияға қатысты болғанда қарап отырмайтын. Бейпіл ауызды адамдардың баянсыз айтқан әңгімесіне тастүйін болып атылатындығын жақсы білемін. Сондай сәтте ұстамды мінезің сылып тастап, сөзің жұрттың құлағына сіңіріп айтатын. Даулы мәселеде Әбең жеңіп шығатын. Сонымен қатар, той, марапат дегенді есінен шығарып, оны ойламаған адам. Тіпті, кейбір атағын көзінің тірісінде архивке өткізіп тастады.
Әбекеңнің торыққан, күйзелген сәттерінің дәл үстінен түстім деп айта алмаймын. Бірақ, көңіл күйі болмағанда немересі Иманғалимен сырласып, онымен ойнағанды, бірге жүргенді жақсы көретін. Оны Имаш деп атады. Немересі кішкентайынан хоккей ойынымен айналысқан. Жақсы хоккейші. Бірде Әбекең Астанаға келіп, маған хабарласып, «Айналайын, бүгін Имаштың хоккейден жарысы өтеді. Соған жанкүйер болып келдім. Ешкіммен сөйлеспеймін, еш адаммен кездеспеймін, тек Имаштың жанында боламын» деді.
Тағы бір естелік. Бірде Әбекең ауруханаға жатып қалып, «Айналайын, келіп кетесің бе?» деп қоңырау шалды. Содан барсам, ол кісі жоқ, орны да бос тұр. Медбикеден сұрасам, бәрі күмілжиді. Сөйтіп, 3-4 сағат күтуге тура келді. Үлкен кісіге берген уәдемді қалай ұмытайын. Кеш бата шаршап-шалдығып келді. «Әбеке-ау, бұл не жүріс?» деп сұрадым. «Ертең ауруханадан шығып, Алматыға барғанымда екі немерем алдымнан шығады. «Атам бізге не әкелді?» дегенде жерге қарап қалмас үшін бәрін өзім таңдадым» деді. «Аға-ау, медбикеге ақшасын беріп, алдырмадыңыз ба?» деймін ғой мен де. «Жоқ, айналайын. Ондай ақылыңды артыңа қысып қой. Немереме сыйлықты өзім аламын» дегені бар. Бірбеткей, қайсар болатын.
Қаламгер ұзақ ғұмырында бірде-бір рет туған күнін тойлаған емес. Енді бір ғасырлық мерейтойын ел болып тойламақ ниеттеміз. Алдағы уақытта Республикалық ПЕН-клубтың Әбекеңе арналған ғылыми-теориялық конференциясы болады. Арал қаласында да үлкен жиын өтпекші.
– «Кейіпкерді отқа сал, суға сал, аяма. Әсіресе финалда!» депті Әбдіжәміл Нұрпейісов. Содан болар, жазушының өз кейіпкерлері осал емес, тағдыры да қилы. Еламанның, Жәдігердің, қай-қайсысының да Әбең таңып берген образы, мінезі қайталанбайтын құбылыс. Айтыңызшы, қай шығарманың финалы жүрегіңізді қозғап, әсер етті? Және көңіл түкпіріңізде қалған кейіпкер кім?
– Әбекеңнің шығармашылық лабораториясы ешкімге ұқсамайды. Әрқайсысы тұз гранитіндей қашап шыққан образдар. Маған «Күйреу» бөліміндегі Тәңірбергеннің ішкі монологі ұнады. Ондағы суреттеу бөлек. Көк аспанға көз тастаған Тәңірбергеннің күрсініс күйін бейнелейді. Көмекейден шыққан үні көкейде талай ойды қозғайды, ойды онға, сананы санға бөледі. Бір сәтте бүкіл өмірі көз алдынан өткендей. Әбекеңнің айтуынша, Тәңірбергеннің бұл образы «Күйреу» жазылмай тұрып, қағазға түскен. Ал, шығарманы соңынан бастап жазу жеңіл іс емес. Дұрыс айтасыз, осал кейіпкері жоқ. Мысалы, Қарақатын, Сүйеу қарттың образы қандай?! Судыр Ахмет ше? Бұл ешкімге ұқсамайтын жазу мәнерінің үлгісі.
Бұдан бөлек, «Соңғы парыздың» соңғы аккорды жүрегімді қозғады десем жаңылмаспын. Жантәсілім еткен Жәді­­гердің қойнындағы бүржік тор­ғайды Бәкизат үсік шалған сау­сақтары дірілдеп, «шырыл­да, шырылда, байғұс! деп көк­ке қарай ұшырып жібереді ғой. Осы бір эпизод қатты әсер етті. Өзім де қаламнан жатырқап, жаза алмай қалған, қағаздан алыстап кеткен сәтімде соңғы тарауын қайта оқимын. Сөйтіп өзімді қалыпқа түсіргендей боламын. Әбекеңнің Бәкизаттың бастан кешкен сол мезетін қалай жазды деп әлі күнге дейін таңғаламын. Тіпті, Давид Кугультинов те Бәкизаттың жан толғанысын оқыған кезде «соңғы тараудың әсерінен бір жеті ұйықтай алмай жүрдім» деп қаламгерге хабарласыпты.
Жалпы, кейбірі «Соңғы парыз» экологияға арналған шығарма деп айтып жатады. Ол дұрыс емес. Бұл – қоғамдық мәселе. Адамның жан-дүниесінің экологиялық апатқа ұшырауы. Теңіздің ғана емес, адамзаттың да тағдыры.
«Қазір оқырманды аяйтын уақыт»
– 1978 жылы «Қан мен тер» толық метражды көркем фильмі қалың көрерменге жол тартты. Тәңірбергеннің рөлін Тұңғышбай Жаманқұлов сомдады. «Сол Тәңірберген мені Абылай хан, Әбілқайыр және Жәнібек хан сынды сүйекті рөлдерге жеткізді. Тәңірберген рөліне басымды иемін» дейді актер. Иә, Тәңірберген жағымсыз тип болғанымен, жұрт жадында қалған кейіпкер. Осы ретте, қаламгердің жазу формасы мен шеберлігі жайында айтыңызшы...
– Роман әлемнің 35тіліне аударылды. Қазақ әдебиетінде мұндай биікке шыққан қаламгер некен саяқ. Жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы да берілген. Мұны қазақ әдебиетінде үш қаламгер ғана алды. Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісов. Иә, «Қан мен тер» романын режиссер Әзірбайжан Мәмбетов сахнаға бейімдеп, фильм ретінде шығарды. Киносыншы емеспін. Десек те, көпшілік тағы бір мәрте кейіпкерлермен танысып, қаныға түсті. Қарапайым халықтың образын, тұрмыс-тіршілігін қаз қалпында көрсеткені үшін бәйгеде бәсі жоғары болып, жүлде алғанын да білемін. Тәңірберген образы кітапта қалай бейнеленсе, көгілдір экранда да дәл солай айшықталды деп ойлаймын. Сәтті шыққан образ дер едім. Әрі бұл – Нәжім көкесінің прототипі. Тұңғышбай Жаманқұлов Тәңірбергеннің рөлін сомдайтын кезде толғаныста жүріп, қобалжығанын жасырмады. Десе де, оның жай ғана актер емес екені көпке мәлім. Иә, романда басты кейіпкер Еламан. Бірақ, біраз оқырман Тәңірбергеннің кейіпіне көбірек үңіледі. Демек, бұл жазушының кейіпкерді түгел қамтудағы, оған характер берудегі қарым-қабілетінің жоғары болуында.
Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылық әлеуетімен бірге денсаулығына да күтіммен қараған адам. Басы ауыра қалса да ауруханаға баратын. Сонда да ауруханада жатып, шығармасын қайта өңдеуден жалықпайтын. Ем алып жатқан уақытында, халің сұрап, ауруханаға бардым. Басыңа сүлгі орап, аурухана көрпесін жаңа босанған келіншектей беліңе таңып алып, «Қан мен тер» романын қып-қызыл етіп түзеп отыр екен. «Әбеке, бұныңыз қалай? Халықтың рухани байлығына алған дүниені қысқартқаныңыз қалай болады? Халыққа да, кітапқа да жасалған қиянат емес пе?» дедім. Сонда жүзің суытып, мойының жалт бұрып, «Әй, сендер не білесіңдер? Қазір оқырманды аяйтын уақыт. Мен түбі артыма қарамай өлуім керек ғой» деген еді. «Қан мен тер» романы жиырмасыншы ғасырдың аяғы, жиырма бірінші ғасырдың басында оқырмандарға қалай әсер етсе, бүгінгі күні де сол әсерден ажыраған емес. «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» дүниеге келді. «Дүниеге келді» деген менің сөзім. Әйтпесе, Әбекең 3 кітаптан тұратын романды өмір бойы түзеді. Қоғам құбылып, адам өзгеруі мүмкін. Бірақ, жаңа оқырманмен қауышатын сәтте Әбекең олардың таңдап оқитын жазушысына айналады.
Айта кетейін, әдебиеттегі кейіпкерге ескерткіш қою қалыпқа түспеген құбылыс. Мысалы, Ақтөбеде «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне қойылған ескерткіш бүгінге дейін қонақтарды да, өзіміз де олармен жақындастырып отырады.
– «Көңілсізбін. Ішім ит талағандай. Жағадан қашып, көз ұшынан асып кеткен теңізді көргім келмеді». Жазушының әңгімесіндегі осы сезім селт еткізді. Тынысы тарылған теңіздің азалы үнін есту, ақ сорға айналғанын көру сізге де оңай тимеген болар? Жалпы, «Аралды қалай құтқарамыз?» мәселесі әлі де өзекті. Оны қайта қалпына келтіру мүмкін бе? Егер әуелгі асау толқын қайта оралса сезім-күйіңіз қандай болады?
– Әбдіжәміл Нұрпейісов адамды көп іздемейтін. Өзі керек кісіні өзі іздеп тауып алатын еді. Оңашада ой бағып, шығармашылық лабораториясындағы уақытын ұтымды пайдаланғысы келген шығар. Десек те, Әбекең кездесе қалғанда барлық мәселені жиып қойып, Аралдың жайын сұрайтын. «Жақында Аралға барып келдім» десем бітті, бәрін қоя салады да «Айналайын, сен бала жаныма жақын отыршы. Қане, басынан баяндашы» деп Аралдың жайын менің айтуым бойынша ой елегінен өткізетін. Аралдың тағдыры Әбекеңнің шығармашылығынан тыс қалған емес. Өзі Аралдың трагедиясына қауқарсызбын деп айтқанымен, қаламы арқылы теңіздің тағдырын сөйлетті. Үлкен жиындарда халықтың сөзін сөйлеп, кесімді ойын айта білді. «Огонёк» журналы, «Известия» газетіне экологиялық тақырыпта мазмұнды мақала жариялады.
Өзім де Аралдың тумасымын, Бөген ауылында тұрдым. Теңіздің қалай қайтқанын да білемін. Оның асау толқыны үйіміздің іргесін шайып жататын. Сондықтан өзге елде болатын жойқын цунамиге аса қатты таңғалмаймын. Өйткені, табиғаттың тосын мінезі тұрып, долы дауыл мен толқын балықшылар кемесін ауланың артына әкеп тастайтын. Ертеңгі күні оны қайта теңізге түсіру керек болады. Сөйтіп теңіз бен аула арасында канал қазып, теңізге кемені трактормен сүйреп апаратын. Қазылған канал балалар үшін қызықты еді. Теңіз – нағыз терапия. Жалаңаяқ жағалауын кешіп, тербелген толқынын көру қиял қиылысына жетелейді. Оның мөлдірлігін көргенде артық ойдан арылмай көр, жан дүниеңді тазартады. Бұл балалық дәуренімнің ұмытылмас сәттері.
Иә, теңіздің тағдыры бәрімізге белгілі ғой. 1970-ші жылдары тартылып, екіге бөлінді. Су шаруашылығының маманы емеспін. Қайта қалпына келе ме, келмей ме Алланың құзыретінде. Бірақ, ең негізгі мәселе Кіші Аралды сақтап қалу. Халықаралық келісімдер бойынша қазір кіші Аралға су межеден көбірек құйылып жатыр. Оның үстіне биылдан бастап Қазақстан халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Кіші теңізді сақтап қалсақ, соның өзі біз үшін үлкен жетістік. Шығармамның басым бөлігі теңіз жайында. Оны оқыдым деп те айттыңыз. Теңіз тартылғанымен, бала күнгі әсерден ауытқығаным жоқ. Мәңгі есімде.
«Аралдықтар бақытты халық»
– Қаламгер алып шаһарда жүргенде де Аралын ұмытпай, биігің Беларан деп таныды. Қоғам, адам өзгерсе де Аралдың өзгермейтінін, төзімді әрі көнбіс екенін жазып, тұрғындары туралы да толғана сөйледі. Туған жерді сүю мен табиғатты аялаудың үлгісін көрсеткендей. Осы тұста, қоғамдағы, жастар арасындағы патриотизмге тоқталайықшы...
– Өзі оқыған Арал қаласындағы мектепке есімін беру жөнінде қаулы қабылдағанда, Әбекең қарсылық білдірді. Бәлкім, басқа біреу болғанда атының жарыққа шыққандығын құптар еді. Бірақ, мақсат-мүддесіне шаң жуытпай, өз ұстанымың ұсақтамай, шығармашылықтан басқа тірлікке мойын бұрмады. Атағың шығаруға құштар болмағаны аян. Патриотизм – үлкен ұғым. Сұрауына ештеңе дәметпей, шын пейіліңмен берілу, атамекенді сүю осылай болса керек-ті. Жанары жұмылғанша Аралды жүрегімен сүйіп, оның тағдырын қозғады. Аралдан азаматтар хабарласып, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай баяндама жасауымды сұрады. Егер жолым түсіп, бара қалсам тұрғындарға айтар едім. Аралдықтар шынымен бақытты халық. Иә, олар қаншама қиындық көрді. Бірақ, Әбекеңнің арқасында Арал адамдарының бейнесі, күрескерлігі әлем оқырмандарының алдында танылды және назарын аудартты. Туған жерге деген сүйіспеншілікті жай сөзбен емес, іспен көрсеткен қаламгердің бірі. Сондықтан, жастар арасында да елге жанашырлық, Жер-анаға қамқорлық осылай өрбісе деймін.
– Балықты умен аулауға налып, «У мен уылдырық» атты повесть жаздыңыз. Осы тұста, балықшылардың өмірі жайлы айтыңызшы...
– Повесть кіші Аралдың жайына байланысты. Ол алақандай ғана теңіз ғой. Соның іргесінде 6-7 балық зауытын ашып, браконьерлер қаптап, балықтың уылдырық шашуына жағдай жасама   й, табиғаттағы ырысты әркім жан-жақтан тартқылап, балықты у шашып аулау сынды жан төзгісіз оқиғаларды естігенде елең еттім. Бұл сұмдық ғой. «Аға, «у мен уылдырық» атты повесть жаздым. Ол «Жұлдыз» журналында жарияланды» деп Әбекеңе айтқаным бар. Сонда «Повесть жазғанын жақсы екен. Бірақ, повестен бұрын, өзің байқаған оқиғаларды қанын тамызып, ешкімнен қорықпай, проблемалық мақала жазып, маған әкел. Мен оқып шығайын. Оны қай жерге басу керегін де өзім айтамын» деген еді.
Меніңше, Әбекең мүмкіндігі болған сәттің бәрінде Аралдың топырағына қарай тартып кеткісі келетін. Беларан, Құланды, Үшкөңде де жатқан іздері бар. Әр уақытта жазушының әруағыңа бас июге тиістіміз.
– Қаламгерге деген құрметіңіз айрықша екенін байқадық. Ал, сіздегі сағыныш сарыны қандай?
– Жасымыз жетпіске келгенше Әбекең «бала, қалайсың?» деп амандасушы еді. Қазір олай айтатын адам жоқ. Әрине, сағынамын. Тіпті, Әбдіжәміл аға түсіме де кіреді.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Замира ҚОНЫСЖАН
05 қараша 2024 ж. 149 0