Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ономастика – мемлекеттік мүдденің мәселесі

Ономастика – мемлекеттік мүдденің мәселесі

Ономастика – қазақ тілінің ажырамас бөлігіне айналғандықтан, ерекше жүйе ретінде қаралып, қолданысқа енді. Осы саладағы жұмыстардың жүргізілу бағыты басты назарда болуы тиіс. Өйткені бұл сала елімізде үлкен қоғамдық-саяси және мәдени-әлеуметтік маңызға ие. Сондықтан осы бағыт бойынша Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев  редакцияға сұхбат берді.
– Нұрмұхамет Омарұлы, Ұлттық құрылтайда тілге тиек болған бұл мәселе қай уақытта да өзекті. Атасына ат беріп, бабасына балбал тас орнатқысы келетіндер көп. Осы түйткілді тартқату бойынша идеолог ретінде қандай шешімдер қабылдап жатсыздар?
– Бүгінде аудан бойынша аудан әкімі жанынан құрылған ономастика мәселелері жөніндегі жұмысшы тобына жыл басынан бері 50-ге жуық өтініш түссе, оның 32-сі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қатысты сауалдар.
Иә Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналды. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді» – деп, осы салаға қатысты сын-ескертпе жасаған болатын.
Сондай-ақ, Президент құрылтайда: «бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика – ата-бабаларымызға байланысты немесе белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек» деген болатын. Осыған сәйкес, қазір құрамдас бөліктерге, елді мекендер мен мемлекеттік қатысуы бар объектілерге атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстар алдымен Республикалық ономастика комиссиясына ұсынылып, келісім алғаннан кейін ғана тиісті жұмыстар ары қарай жүргізілетін болады.
– Өзіңізге белгілі, биыл ІІ Дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы. Жалпы ономастика саласында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің  ұлықталуы бойынша не айтасыз?
– ІІ Дүниежүзілік соғысқа ауданымыздан жалпы 12 мыңға жуық адам аттанса олардың 6 мыңға жуығы ғана оралды. Бұған дейін аудан бойынша 45 ҰОС ардагерлеріне көше атауы беріліп ұлықталды. Биылдың өзінде ҰОС ардагерлерінің есіміне көше атауын сұраған 32 өтініш түсті. Айта кететін жайт, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің есімін көше атауын берерде ескеретін өзіндік критерийлер бар. Тиісті жұмыстарды жүргізу үшін алдымен Ұлы Отан соғысы ардагерінің ордені (орден құжаты болуы тиіс) немесе орден алғандығын растайтын қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен анықтама және архивтерден алынған анықтама болуы тиіс. Мұнымен қоса, тұлғалар туралыөмірбаяндық деректердің, нақтырақ айтсақ компьютерде терілген өмірбаяны, марапаттары, өмірбаянда көрсетілген барлық мемлекеттік наградаларын дәлелдейтін құжат көшірмелері: медаль, ордендерінің құжаттары, кітапша көшірмелері, баспасөзде жарияланған материалдар, еңбек кітапшасы, қайтыс болғаны туралы анықтама және өзге де құжаттардыңкөшірмелері толық болған жағдайда ғана, аудан әкімі жанындағы ономастика мәселелері жөніндегі жұмысшы тобы отырысының күн тәртібіне енгізілетін болады. Көбіне өтініш берушілер бұл жағдайды ескермей жатады.
– Демек көшеге атау беру бұрынғыдан да күрделене түскен екен ғой...
– Солай десек те болады. Себебі биыл, Қазақстан республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» №317-НҚ бұйрығымен Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдары бекітілді. Әдістемелік ұсынымда «үлкен көшелер мен даңғылдарға мемлекет тәуелсіздігінің нығаюына ерекше үлес қосқан ұлы тарихи тұлғалардың, белгілі қайраткерлердің есімдерін беру, сондай-ақ құрамдас бөліктерге тарихи тұлғалардың есімдерін беру кезінде көшенің ұзындығына, үй санына, орналасқан жеріне, абаттандырылуына және басқа да ерекше назар аудару» қажеттігі көрсетілген. Яғни, кез келген көшеге атау беруге,өзгертуге немесе қайта атау беруге ұсына алмаймыз.
Мемлекет басшысы Түркістан және Атырау қалаларында өткен Ұлттық құрылтайларда ономастика саласы бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Соған сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бірнеше заңнамалық актілер мен ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері өзектендірілді.
Заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер жөнінен өткен жылғы 27 қараша күні облыс әкімдігінде өткен «Ұлттық ономастика: басым бағыттар мен алдағы міндеттер» атты республикалық семинарда ономастика саласына жауапты министрлік өкілі кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, атау беру барысында қабылданған нормативтік-актілер мен құжаттарды қатаң басшылыққа алу керектігін баса айтты.
– Осы семинар төңірегінде қабылданған нақты шаралар мен шешімдерге тоқталып өтсеңіз...
– Осыған байланысты, өзектендірілген әдістемелік ұсынымдар мен «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізбесі көшеге атау беру кезінде қатаң басшылыққа алынуы тиіс. Егерде ұсынылған тұлғаның есімі «Тарихи тұлғалар» тізімінде болмаған жағдайда оны 2 жылда бір рет өзектендірілетін (келесі ұсыным 2025 жылдың қарашасында жолданады) тізімге қосылып, нәтижесімен тұлғаның есімі тізімге енгізілгеннен кейін келесі жылға жоспарланып, жоғарғы орган тарапынан бекітілгеннен кейін ғана аталмыш ұсыныс облыстық ономастика комиссиясының қарауына жолдануы тиіс.
– «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіру барысында басшылыққа алынатын қандай критерийлер бар?
– Бірінші көне дәуірлерден – XIV ғасырға дейін өмір сүрген тарихи тұлғалар, екінші XIV-XX ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалар. Оның ішінде: Қазақ хандары, қазақ тарихындағы төре-билер, қазақ батырлары, жырау-шешендер, ұлттық танымда қалыптасқан әйгілі әулие, абыз, діни өкілдер, сал-серілер, күйші, әнші, ақындар, Алаш қайраткерлері бар.
Мұнан бөлек, Социалистік Еңбек Ері, Кеңес Одағының батыры марапаттарының иегерлері, Мемлекеттік, Ленин және халықаралық сыйлықтарының лауреаттары, Қазақ ССР-інің, Қазақстан Республикасының құрылып, дамуына үлес қосқан қайраткерлердің есімдері ұсынысқа енеді.
Ал ғылым және білім саласы бойынша Қазақ Ғылым академиясының академиктері, әр ғылым саласының негізін салушы – ғылым докторы, профессорлары, Ғылым академиясының Президенттері, ғылым-білім салаларына еңбегі сіңірген деген атақ иегерлері ескеріледі.
Өнер саласы бойынша Қазақстан халық әртістері, Қазақ ССР-нің және бұрынғы КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР-інің халық суретшісі сияқты басқа өнер салаларына еңбегі сіңірген деген атақ иегерлері қабылданады.
Әдебиет саласы бойынша белгілі ақын-жазушылар, Қазақстанның халық жазушысы бар атақ иегерлері және тағы да басқалар ұсыныста бар.
– Түсінікті. Ал өңірлік «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу критерийлері қандай?
– Ескерте кету керек қазіргі таңда, елді мекендер мен мемлекеттік қатысуы бар объектілерге атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстардың қаралуын уақытша тоқтату ұсынылған.
Дегенмен сауалдың жауабын оқырмандарға айта кетейін. Алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы Заңның 11- бабына сай Қазақстан Республикасының ордендерiнің иегерлері, аймақтың дамуына үлес қосқан қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар, сондай-ақ ерекше еңбегі бар тұлғалар, тұлғаны растайтын архивтік құжаттарға, жазбаша тарихи мәліметтерге негізделу, архивтік құжаттар, жазбаша тарихи мәліметтер болмаған жағдайда, көнекөз қариялардың, ғалымдардың және ақпараттың шынайылығын растайтын басқа да дереккөздердің пікіріне сүйену, «Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының және салалық институттардың сараптама қортындысын басшылыққа алу, сондай-ақ, талапқа сай болған жағдайда облыс, қала, аудандардың «Құрметті азаматы» атағының иегерлерін ұсынуға болады.
Сонымен, ономастика – мемлекеттік мүдденің мәселесі екенін қаперге салғым келеді. «Жер-су атауы ұрпақтан-ұрпаққа жететін мұра ғана емес, тарихи-танымдық мәні бар ұлттық салт-сана мен дәстүрдің жалғасы ретінде қызмет ететін ғылыми санат. Өркениетті елдің мәдени деңгейін көрсететін, ғылымы мен білімін насихаттайтын атаулар – ұлттық жадының ұстыны. Олай болса, қабылданатын заңдар сол ұлы міндеттің, жауапты патриоттық істің үдесінен шығуға септігін тигізуі керек деп сенеміз», – деген тарихшы Д.Қамзабекұлының сөзімен қорытындылаймын.
Қазақтығымыз мәңгі сақталсын!
– Әңгіміңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айдар САЙЛАУОВ

Фото: автордан 
10 тамыз 2025 ж. 101 0