Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ЕРЖАН НАҚЫЛОВ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕМІЗ

ЕРЖАН НАҚЫЛОВ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕМІЗ

Қала тұрғындарының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жұмысы. Соңғы жылдары қалада жолдарды жөндеу мен көшелерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы маусымда да бірнеше негізгі көше мен шағын ауданішілік жолдар толықтай жаңартылып, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынуда. Сонымен бірге көшені жарықтандыру жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Осы тұста Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының орынбасары Ержан Нақылұлы Нақыловпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 
– Ержан Нақылұлы, жалпы мекеменің жұмыс барысы туралы айтып өтсеңіз?
– аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі – тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігінқамтамасыз ететін маңызды құрылым. Саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы әрбір азаматтың өмір сүру деңгейіне тікелей ықпал ететіні анық. Сол үшін бұл бағыттағы бастамалардың жүйелі әрі сапалы жүзеге асуы – бізүшін маңызды. Жалпы мекемеде 16 қызметкер жұмыс істейді.
 
– Биылғы жылы қандай жаңа жобалар немесе бағдарламалар іске қосылды?
– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»атты мемлекеттік бағдарламасы аясында бұған дейін бастау алған, биылғы жылға өтпелі аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм»және «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автомобиль жолдарының құрылысына қажетті қаржылары қаралып, құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Аталған жобалар жыл соңына дейін толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілетін болады.  
Бұдан бөлек, Арал ауданы Хан елді мекенініңтұсындағы көпірді қайта жаңғырту жұмыстарытолық аяқталып пайдалануға берілді. 
Сондай-ақ, «Арал-Жалаңаш» автомобиль жолының 52-62,1 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге толық қаржысы қаралған болса, осы жолдың 39-52 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын бастауға қаржы бөлігі қаралып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Биыл аудан аудан және қала бойынша қанша шақырым жол жөнделді?
– Биыл аудан бойынша біршама жол жөндеу жұмыстары жүргізілді және әлі де жүргізіліп келеді. Жалпы аудан бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 783,383 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 421,1 шақырымы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда. Яғни, индикаторлық көрсеткішіміз жоспарлаған 52,3 пайызға қол жеткізілді. Жыл соңына дейін тиісті жұмыстар атқарылған жағдайда, индикаторлық көрсеткіш 55,5 пайызға жеткізіледі деп жоспарлап отырмыз. 
Осы тұста көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында өткен жылы басталған жұмыстарды жалғастыру мен жаңа жобаларды бастау үшін тиісті салалық басқармалар мен министрліктерге 21 жоба әзірленіп, ұсынылған болатын. Оның нәтижесімен ағымдағы жылы көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар қаржылары қаралып, нақтырақ айтқанда, «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында аудан бойынша ірі жобалардың бірі болатын Арал қаласындағы темір жол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілсе,
қаланың орталық көшесі болып саналатын Бақтыбай батыр көшесін қайта жаңғыртужұмыстарымен, одан бөлек 7 көшенің автомобиль жолының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы басталған Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің автожолдарының құрылысы жалғасын табуда. 
Сонымен бірге Сексеуіл кентіндегі 5 көшенің автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары жүруде. 
Бұдан бөлек, Жақсықылыш кентіндегі 3 көшенің, Қаратерең және Қосжар елді мекендеріндегі ішкі жолдары да орташа жөндеуден өткізілді. 
Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.
 – Коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлер және тұрғынжайға мұқтаж ретінде тұрғын үй кезектілігіне тіркелу жолдары туралы айтып өтсеңіз.
- 2024 жылғы 22 қарашада мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды.
2025 жылдың 24 мамырынан бастап Заң күшіне еніп, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алуды, есепке қоюды, жалға берілетін тұрғын үйлерді бөлуді жүзеге асыру қызметтері жергілікті атқарушы органнан «Отбасы банк» акционерлік қоғамына берілді. Алдағы уақытта «Отбасы банк»арқылы берілетін тұрғынжай иелерімен жалдау шартын жасасу жергілікті атқарушы органның, яғни аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырында қала береді.
Өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына 150 пәтер табысталса, тұрғын үй салу жұмыстары биылда жалғасын табуда. 
Тұрғын үй кезектілігіне тіркелу жолдарына келетін болсақ, соңғы бес жыл көлемінде атына тұрғын үй тіркелмеуі тиіс немесе жалғыз баспанасы апатты деп танылғандығы туралы арнайы сарапшылардың эксперттік қорытындысы болған жағдайда, электронды цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып orken.otbasybank.kz ақпараттық жүйесі немесе «Халыққа қызмет көрсету орталығы» (ЦОН) арқылы өтінім бере алады.
 
- Қаламыздағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары қалай жүргізіледі?
- Көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу туралы айтып өтсек, бұл жұмыстар ондағы тұратын пәтер иелерінің келісімдері арқылы жүргізіледі. Яғни, жөндеуге қажетті қаражат мемлекеттен несие (кредит) есебінде бөлінеді. Тұрғындар жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржыны бөліп төлеуге келіскен жағдайда жүзеге асырылады. 
Өткен жылы қаладағы С. Көбеков №8, №9, №20, Бақтыбай батыр № 77, Ә. Бисембаев № 13, У. Қосымов №25 мекенжайда орналасқан үйлер күрделі жөндеуден өткізілсе, алдағы уақытта осы бағытағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
 
– Жылу беру маусымына дайындық деңгейі қалай?
– Жылу маусымына дайындық барысында қазандықтар мен қазақы пештер тексеріліп, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2025-2026 жылы жылу беру маусымына аудан бойынша қажетті көмір көлемі 11,9 мың тонна керек. Оның ішінде тұрғындарға 8,7 мың тонна болса, әлеуметтік нысандарға 3,2 мың тонна. Нақтырақ айтып өтер болсақ, аудан көлемінде әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандардың жалпы саны 162 болса, оның 68-і білім бөліміне, 15-ы мәдениет бөліміне, 8-і спорт бөліміне, 44-і денсаулық бөліміне және 27-і қала, кент, ауылдық округі әкімі аппараттарына қарасты. Көмір бағасы маркаларына сай 22-25 мың теңге аралығында. Аудан көлемінде                 көмір тасымалдаумен айналысатын 3 өңірлік операторлар тіркелген. Қазіргі таңда, көмір қоймаларында отын қоры жеткілікті. Тұрғындар мен әлеуметтік нысандардың сұраныстарына сәйкес, көмір еркін босатылуда. 
 
– Тұрғындардан келіп түсетін өтініштер мен шағымдарды қарау жүйесі қалай жұмыс істейді?
– бөлімге келіп түсетін тұрғындардың өтініштері мен шағымдары электронды жүйе арқылы қабылданып, уақытылы қаралуда. Бұл халықпен кері байланысты нығайтып, мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
 
– Қоқыс шығару және қалдықтарды қайта өңдеу саласында қандай өзгерістер күтіледі?
– «Жасыл Даму» акционерлік қоғамынан қаржыландырылуға жергілікті кәсіпкер «Хан-Батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Арал қаласынан қатты қалдықтарды сұрыптау кешенінің құрылысын салу жобасы ұсынылды. 
Сәйкесінше акционерлік қоғам тарапынан жоба мақұлдануда. Қазіргі таңда, акционерлік қоғам және кәсіпкер арасында келісім шарт жасасу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін, сұрыптау кешенінің құрылыс жұмыстары бастау алады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылдың                  6 сәуірінен бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде аудан көлемінде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде өткізілуде. Жыл басынан бері бүгінге дейін түрлі акциялар ұйымдастырылып, барлығы 8830,2 тонна қатты қалдықтар полигонға тасталды. Сонымен бірге түрлі гүлдер мен биылғы жылға жоспарланған 17 700 түп ағаш толығымен отырғызылды. Аллеялардың саябақтардың және тарихи-мәдениетті ескерткіштердің аумақтары тазартылып, әрлеп-сырлау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғаспақ.
Өткен жылдың шілде айынан бастап «Таза Қазақстан» платформасы іске қосылды. Аталған платформаға жауапты тікелей біздің бөлімгебекітілген. Платформа жауапты орындаушылардың қатаң бақылауында.
 
– Әңгімеңізге рақмет, Ержан Нақылұлы!
 
Сұхбаттасқан Айсауле НҰРЛАНОВА
06 қыркүйек 2025 ж. 74 0