Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айнараш Наурызбаева: АЩЫ ЕҢБЕКТІҢ ТӘТТІ СЫЙЫ

Айнараш Наурызбаева: АЩЫ ЕҢБЕКТІҢ ТӘТТІ СЫЙЫ

Кәсіпкерлік – еліміздің даму бағытының өзегінде тұрған сала, ол күнтізбеден де, күн тәртібінен де ешқашан түскен емес. Мұның айқын дәлелі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі батыл бастамалары мен әр сөзінде айтылатын кәсіпкердің ел экономикасындағы рөліне берген жоғары бағасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевт «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз» деп баса айтты.
Дәл осындай Аралдың айдынында туған жас кәсіпкерлердің арасында өз іскерлігімен дараланып, тәтті дәмімен талайды тамсандырып жүрген жандар баршылық. Солардың алдыңғы сапында тұрғандардың бірі – Айнара Шынболатқызы. Оның «Ainaraw» кондитерлік дүкені бүгінде тек дәмді өнімдерімен ғана емес, сапасы мен сән-салтанаты жарасқан қызметімен де көптің жүрегінен орын алды. Жас та болса, қайсар мінезімен, табандылығымен кәсіптің биік белестерін бағындырған Айнара ханымның еңбегі – жас буынға үлгі, көпшілікке мақтаныш болғаны үшін біз осы табысты кәсіптің қыр-сыры жайында өзімен бәсең әңгіме өрбітуді қаладық.
– Сіздің бизнесіңіздің басты бағыты неде?
– Біз «тәтті» әлемінің қыр-сырына үңіліп, шыңдалған шеберлікпен кондитерлік өнімдер дайындаймыз. Қолымыздан шыққан әрбір тағам – дәмі бал дәмді бәліштер, жүрек жылытатын тәтті нан түрлері мен хош иісі аңқыған түрлі тоқаштар. Әрбір туындымыз қашанда сүйіспеншілік пен еңбектің жемісі, қуаныш пен шаттықтың дәмін сыйлайтын шағын өнер туындысы деп білемін.
– Кәсіп бастау идеясы қалай келді? Қашан және не себеп болды?
– Менің кәсіпкерлік жолым 2018 жылдан бастау алды. Алғашында отбасыма шайға арнап күнде тәтті бәліштер пісіріп беретінмін. Дастарқаннан шыққан сол қарапайым тәттіні көрген көршілерім: «Бізге де жасап берші, ақысын аласың» – деп қолқа салды. Ол кезде кондитерлік салада арнайы білімім де, тәжірибем де болмаған еді. Соған қарамастан, тапсырыс берушілер күн сайын көбейіп отырды. Уақыт өте келе әлеуметтік желінің, әсіресе Instagram-ның мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білудің арқасында ісім жанданып, арманым нақты кәсіпке айнала бастады.
2020 жылы тәтемнің қолдауымен алғаш рет шағын цех жалға алып, дүкен ашуға мүмкіндік туды. Содан бері, міне, бес жылдың жүзі өтті. Қазіргі таңда тәттілерімізді ұсынатын екі нүктеміз бар, ал үшіншісін ашу – алдағы жоспарымыздың бірі. Бүгінде ұжымымызда 16 білікті қыз еңбек етіп, әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бір үйдің баласындай ынтымақпен жұмыс істейді. Бұл – біздің ең үлкен байлығымыз әрі табысымыздың кілті.
– Кәсіп жолындағы алғашқы қадам – сенім мен қорқыныштың арпалысы. Осы тұрғыда сіз үшін бизнес бастауда ең үлкен қорқыныш не болды?
– Шынымды айтсам, бұл жолда менде ешқандай қорқыныш болған жоқ. Керісінше, жүрегімді нық сенімділік пен алға деген ұмтылыс биледі. Артқа шегіну, екі ойлы болу деген ұғым мүлде ойыма келген емес. Мінезім сондай – бір нәрсені мақсат етсем, оған жетпей тынбаймын. Ал менің ой-арманымда тек өсу, кеңею, биікке ұмтылу және өз ісінің шын мәніндегі іскер ханымына айналу ғана тұрды.
– Кәсіпкерлік жолында табысқа жету кездейсоқтық емес, күнделікті дағдылар мен тәртіптің жемісі екені анық. Сол себепті сіз «кәсіпкер» ретінде қандай әдеттерге мән бересіз?
– Иә, кәсіп бастау оңай іс емес. Барлығын бір мезгілде тең ұстап, толыққанды үйлестіру де мүмкін еместей көрінеді. Әсіресе алғашқы кезеңдерде қиындығы аз болған жоқ. Дегенмен уақыт өте келе мен де өз ырғағымды таптым, ал ұжымымды тәртіпке, бірізділікке үйреттім.
Бүгінде, Аллаға шүкір, әркім өз міндетін дер кезінде атқарып, әр кондитер өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Мен үшін басты қағидалардың бірі – жұмысқа кешікпеу, дүкеннің таңғы 9:00-де міндетті түрде ашылуы. Түнгі ұйқы бұзылса да, ертеңгі витрина толық әрі сәнді болуы тиіс. Өйткені біздің ең қымбат қонағымыз – клиент. Ал клиентке деген құрмет, онымен жақсы қарым-қатынас орнату – табыстың да, берекенің де кепілі.
– «Білгенің – бір атың, білімің – мың атың» дегеннің дәлеліне қаншалықты сүйеніп, біліміңізді жаңарту мен дамытуға көп уақыт бөлесіз?
– Шынында да, білімсіз іс бастау қиын. Мәселен, тегін YouTube-тан көрген рецептпен торт пісірсем, ол көбіне ойдағыдай шықпайды. Ал кәсіби кондитерлерден үйренгенімді жасаған кезде, торт бірден әдемі де дәмді болып шығады. Сол үшін де мен әрдайым өз саламда білім алуға мән беремін – онлайн да, офлайн да үздіксіз оқимын.
Мен үшін білімге жұмсалған қаржы ешқашан артық емес. Өйткені ол әрдайым болашақ табыстың кепілі. Жаңашылдыққа ұмтылып, әрдайым өз ісімде ізденісте болу маған ерекше қуаныш сыйлайды.
– «Сүрінгеннен сүрінбеуді үйрену» үшін жас кәсіпкер ретінде әрбір қателік – тәжірибеге апарар баспалдақ екендігін жақсы білесіз. Қандай қателікті қайта жасамас едіңіз?
– Қазір өзімді денсаулықпен аздап сыналып жатырмын десем де болады. Сол үшін өткенге көз жүгірткенде, ең алдымен денсаулықты күту керек еді-ау деп ойлаймын. Себебі соңғы бес жыл бойы демалыссыз, үзіліссіз жұмыс істеп келдім. Бар күшімді кәсіпке арнадым, бірақ қазір оның орнына дер кезінде жұмысшы санын арттырғанымда, бәлкім, өзімді де аялауға мүмкіндік болар ма еді деп ойлаймын.
– Еліміздегі кәсіпкерлік саласында «ақылсыз істі ақылмен ілгерілететін» буын қалыптастыру үшін не өзгерсе жақсы болар еді деп ойлайсыз?
– Ең алдымен елімізде әйел адамға кәсіпкерлік саласында көптеп қолдау білдірсе. Мемлекет тарапына жеңілдетілген несиелер мен салықтық және субсидиялық жеңілдіктер көптеп қарастырылса. Цифрландыру бойынша қолдау түрлері қолжетімді әрі тиімді болса екен.
– Кәсіпкер үшін әр тиынды тиімді басқару – табыстың кілті. Қаржы есебін жүргізуде сізге қандай қосымшалар немесе тәсілдер нақты көмек болды?
– Қаржы саласында да білімімді толықтырып жүрмін. Себебі кәсіпті тек жүрек қалауымен емес, есеппен де жүргізу қажет. Сол үшін әрдайым кіріс пен шығысты, өнімнің өзіндік құнын жіті қадағалап, үнемі есептеп отырамын.
Айтарлықтай ерекше тәсілдерім бар деп мақтана алмаймын, дегенмен бір әдетім бар. Ол – табысымның кем дегенде 10 пайызын жинақтауды дағдыға айналдырдым. Бұл дегеніміз болашаққа деген сенімім мен тұрақтылықтың нағыз кепілі бола алады.
– Нарықта «өзгеден озған – өз жолын тапқан» ретінде орныңды сақтау үшін бірегей болу аса маңызды. Сіз өз кәсібіңізде бәсекелестерден қандай ерекешелігіңізбен оза білдіңіз?
Бәсекелестік деген ұғымды әркім өзінше түсінеді. Ал мен үшін сыртқы бәсекелестен гөрі, ішкі бәсеке әлдеқайда маңызды. Менің нағыз қарсыласым – бір жыл бұрынғы өзім. Әрдайым өткеніме көз жүгіртіп, «Былтыр қандай едім, қазір қай деңгейдемін, биыл қандай жетістікке жеттім?» – деп өз-өзіме есеп беріп отырамын. Осылайша мен үшін ең басты бәсеке – өзімді үздіксіз жетілдіру, кешегімен салыстырғанда бүгінгі қадамымды арттыру.
Озып шығу үшін арнайы әрекет жасамаймын. Біздің бүгінгі басты байлығымыз – тұрақты әрі жаңадан қосылған клиенттеріміз. Ал клиентті ұстап қалудың ең негізгі шарты мен үшін өніміңнің сапасы. Сондықтан біз үшін басты назарда болатын дүние әрдайым әр тәттінің балғындығы, бағасының қолжетімділігі. Сондай-ақ, арасында түрлі жеңілдіктер ұсынып, қонақтарымызға қуаныш сыйлауды да әдетке айналдырдым.
– Алдағы уақытта кәсібіңізді қандай бағытта дамытуды көздеп отырсыз? Қай салаға бет бұрып, қандай жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асырғыңыз келеді?
– Бұл кәсіптен бөлек өзімді басқа салаларда да сынап көрдім. Алайда уақыт өте келе «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегенге шындығына көзім жетті. Сол себепті бар күш-жігерімді тек кондитерлік салаға арнап, осы бағытта өсіп-өркендеуді мақсат етіп отырмыз. Алдағы жоспарымыз – Арал қаласы мен оған жақын ауылдардан жаңа нүктелер ашып, тәттілерімізді халыққа қолжетімді ету.
– «Жол көрсетер ақылың болса, жас та болсаң дана боласың» дейді дана халқымыз. Өзіңіз секілді кәсіп жолына енді қадам басып жатқан «жас кәсіпкерлерге» қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
Алла ойға салған істі бастаған екенсіз, оны соңына дейін жеткізуге талпыныңыз. Сол саланы тереңірек зерттеп, үздіксіз оқып, тәжірибе алмасып, білімге инвестиция жасаудан тартынбау керек. Өйткені бір істен танылу үшін ең әуелі тұрақтылық қажет. Кәсіп бастағанда «біреуден озуым керек» деген ойдан гөрі, «өз кәсібімді қалай ерекшелендіремін?» деген сұрақ әрдайым алдыңғы орында тұруы тиіс. Сонда ғана табыс та, береке де ілесіп келеді.
– Жылы шырай сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Нұрай ӘМІРХАНОВА
20 қыркүйек 2025 ж. 52 0