Шерхан Есжанов: «Аралда атқарылған әрбір жоба – елдің ертеңіне салынған инвестиция»
Арал ауданы аумағында жүзеге асырылып жатқан электр энергетикасы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары, аудан аумағындағы құрылыс жұмыстары, ауыз су мен газдандырудағы жаңалықтар, халықтың тұрғын үймен қамтылуы туралы Арал ауданы әкімінің орынбасары Есжанов Шерхан Жұбаханұлымен сұхбаттасқан едік. – Шерхан Жұбаханұлы, Арал ауданында соңғы жылдары құрылыс пен инфрақұрылым саласында қарқын байқалады. Әңгімемізді осы бағыттан бастасақ.
– Иә, бүгінгі таңда Арал ауданында құрылыс саласы айтарлықтай серпін алып отыр. Бұл – Мемлекет басшысының өңірлерді тең дамыту жөніндегі саясатының және облыс, аудан деңгейінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Жыл басынан бері аудан көлемінде 24,2 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мұның ішінде тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар, инженерлік инфрақұрылым және жол салу жұмыстары бар.
2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында 33 265 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім көрсеткіші 153,5 пайызды құрады. Бұл – тұрғын үй саласындағы нақты жетістік.
– Теміржол вокзалының құрылыс жұмыстары қашан аяқталады?
– Теміржол вокзалы ауданның айнасы. Ауданға келген қонақтардың ең алғаш аялдайтын орыны. Ауданның табалдырғы десек те болады. Сол себепті ескі ғимараттарды жаңалау бірінші кезекте тұр. Бастапқыда халық ашасында түсініспеушіліктер туындағаны да рас. Сол себепті құрылыс жұмыстары кешеуілдеп қалды. Сексеуіл кентіндегі вокзал мен «Арал теңізі» вокзалы жоспар бойынша алдымыздағы жылдың көктем айында пайдалануға берілмек.
– Халықты тұрғын үймен қамту мәселесіне жеке тоқталсақ. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Халықты баспанамен қамту – мемлекет үшін де, жергілікті билік үшін де басым бағыт. Жыл басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен 2,2 млрд теңгеге салынған 150 пәтер тұрғындардың игілігіне берілді.
Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей жуырда ғана аймақ басшысы 2 пәтерлі 30 тұрғын үйдің кілтін табыстады. Бұл үйлер әлеуметтік осал топтарға, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналды. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
– Ауыз су мәселесі – аудандағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Қазіргі жағдай қандай?
– Дұрыс айтасыз, ауыз су – халықтың өмір сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Биыл бұл салаға ерекше назар аударылып отыр.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 12,8 млрд теңгеге 4 жоба іске асырылуда. Жалпы алғанда 318 шақырым ауыз су желісі тартылуда.
Қазіргі таңда Ақбасты, Тоқабай және Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендері толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Аудандағы таза ауыз сумен қамту деңгейі 95,9 пайызға жетті.Сонымен қатар, «Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбырының бірінші желісінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Осыған байланысты биыл екінші желіні тарту жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны – 43,7 млрд теңге. Биыл 4 млрд 3,5 шақырым болатын су құбыр тартылды. Бұл – аудан тұрғындары үшін аса маңызды стратегиялық жобалардың бірі.
– Газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Нақты нәтижелерге тоқталсаңыз.
– Қазіргі таңда аудан халқының 71,2 пайызы газбен қамтылған. Биыл Арал қаласының №4 мөлтек ауданы, Сексеуіл кенті және Шижаға елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды.
Аудан үшін аса маңызды жобалардың бірі – Қамыстыбас елді мекеніндегі автоматты газ тарату стансасы. Құны 6,3 млрд теңге болатын бұл нысан құрылысы аяқталып, қамыстыбастық ағайындар көгілдір отынның игілігін көруде. Бұл автоматты газ тарату стансасы алдағы уақытта Сыр беткейіндегі бірқатар ауылдарды кезең-кезеңімен газбен қамтуға мүмкіндік береді. Қамыстыбас АГТС-тен алатын Қаратереңге дейінгі жеткізуші құбырдың жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұдан бөлек кезектілігімен Тоқабай, Ерінбетжаға, Абай елді мекендеріне де дәл осындай жоба әзірлену үстінде. Бұдан да бөлек елді мекендерді газбен қамту жобалары кезектілікпен іске асырлатын болады. Газдандыру – тек тұрмыстық қолайлылық емес, сонымен қатар экологиялық және экономикалық тиімді шешім.
– Арал ауданында электр желілерін жаңғырту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Арал ауданында электр инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Ұлттық қор қаржысы есебінен Арал қаласында 53 шақырым электр желісі жаңартылып, 12 жаңа қосалқы станса орнатылуда. Шижаға елді мекенінде 446 млн теңгеге, Сексеуіл кентінде 1,8 млрд теңгеге электр желілері мен қосалқы стансаларды қайта жаңғырту жұмыстары іске асырылуда. Сонымен қатар бірнеше елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, электр жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған.
– Мемлекет басшысының Жолдауында Аралға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Бұл аудан дамуына қалай әсер етеді?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауында Арал өңіріне қатысты екі маңызды мәселе көтерілді. Біріншісі – Кіші Арал теңізін сақтау, екіншісі – «Сексеуіл–Бейнеу» автомобиль жолы құрылысының қарқынын жеделдету. Бұл тапсырмалар Мемлекет басшысының Сыр өңіріне, соның ішінде Арал ауданына деген ерекше назарын көрсетеді. Аталған жол құрылысы Сексеуіл кенті мен Қосаман, Ақеспе, Ақбасты, Құланды елді мекендеріне жол қатынасын жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
– Жол инфрақұрылымы бойынша нақты сандар мен жобаларға тоқталсаңыз.
– Аудан бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 783,4 шақырым. Оның 443,4 шақырымы, яғни 56,6 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2025 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 4,24 млрд теңге бөлінді.Көп жылдан бері тұрғындар күткен ірі жобалардың бірі – темір жол өткелі. Құны 2,8 млрд теңге болатын бұл нысан биыл мамыр айында пайдалануға беріліп, қаланың шығыс пен батысын жалғап отыр.
Сонымен қатар, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – ел бесігі», «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламалары аясында аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар елді мекендерде жолдар асфальтталды.Соның ішінде Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен Қаратерең, Қосжар елді мекендерінде жолдар асфальталып ел иілігіне пайдалануға берілді. Дәл осындай жұмыстар басқа ауылдарда да жалғасын табатын болады.
– Алдағы 2026 жылға қандай жоспарлар бар?
– 2026 жылы газдандыру, электр желілерін жаңғырту, абаттандыру бағыттарына басымдық беріледі. Бірқатар мектептер мен мәдениет нысандарын газға қосу, тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, Арал қаласының орталық алаңы мен вокзал маңын абаттандыру жобалары іске асырылмақ.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Назерке БАҚЫРАН










