Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алмат ҚОЙБАҒАРОВ: Ақын – халықтың адамы

Алмат ҚОЙБАҒАРОВ: Ақын – халықтың адамы

Ел іші – өнер кеніші. Бұл сөзді біз емес, бізге дейін қаншама ұрпақ ұран етіп кеткен. Оған тарихы тасқа, бертін келе түрлі басылым беттерінде жарияланған талай тарлан өнер иелерінің, сұлу сөзден кестелі жыр қалдыра білген жыраулардың, адырна ауыз ақындардың бүгінгі күнге дейін жеткен мұралары анық дәлел. Оқып, жаттап, тәлім-тәрбие алып, түйсініп жүрген біз қандай бақытты едік.
Міне, кейінгі ұрпаққа өлеңі өсиет болатын осындай жандар әлі де бар. Солардың бірі, Сырдың ұлы, біздің бүгінгі сұқбатымыздың кейіпкері – Алмат Қойбағаров. Қазірде талай додада дуалы ауызды жастардың көшін бастап жүрген Алматпен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Алмат, журналистер қауымын жатсынбай, әңгімелесуге келіскегіңізге көп рақмет. Сөздің басын сіздей перзент тапқан, топырағынан туған әр баланың аяғынан бұрын тілі шығатын Сыр топырағының сиқыры жайлы бастасақ. Осынау өнерлілер ордасында талай сүлейдің жолын жалғап келе жатқан Алмат ақын екенін жақсы білеміз. Алайда ақындық – мамандық емес. Ол – Алланың берген сыйы, адамның бойындағы ерекше дарыны. Халыққа "Алмат ақын" деп танылған өзіңіздің мамандығыңыз жайлы айта кетсеңіз. Өмердерегіңізге бір көз жүгіртсек...
– Көп рақмет. Руханият жанашыры ретінде елдің рухын көтеріп келе жатқан тарихы терең басылымға сұқбат беру әр азаматтың бақыты шығар. Жалпы мен өзіңіз айтқандай осы жердің тумасымын. Топырағында туып, табанында өстім. Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жетес би ауылдық округіне қарасты, құстың ұясындай ғана  Ескіұра ауылында 1988 жылы 2 қарашада дүниеге келдім. 1995 жылы Ескіұра бастауыш мектебіне қабылдандым. Осы жерден 4 жылдық мектепті тәмамдап, №72 негізгі мектебінде 5-9 сыныптарда оқыдым. 10-11 сыныпты Қызылжар ауылындағы №81 орта мектебінде жалғастырдым. 2009-2012 жылдары Мәншүк Мәметова атындағы колледжде білім алдым.
Одан кейін Қызылорда қаласындағы Болашақ университетінен "Дене шынықтыру және спорт пәнін оқыту" мамандығы бойынша жоғары білім алып шықтым.
2012 жылы  №72 орта мектебінде алғаш еңбек жолымды бастадым. 2017 жылы Ескіұра ауылындағы №281 негізгі мектебінің ашылуына байланысты сол жерде қызметтік жолымды жалғастырып келемін.
Мұнан бөлек осы мектепте Кәсіподақ төрағасы, Аманат партиясы Арал ауданы филиалының Жетес би бастауыш партиясының төрағасы болып жүрмін. Аллаға шүкір, жар сүйіп, 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырмыз.
– Жаңа да айтып өттік. "Сыр елі – жыр елі" атанғалы қашан. Солардың ізін жалғап, өлең өлкесіне аяқ басуыңа не себеп болды? Жалпы ақындық қайдан дарыды?
– Жалпы жас шыбықты қандай қалыпқа алып барып байласаң, оның өсуі де соған байланысты ғой. "Алма алма ағашынан алысқа түспейді" дегендей өнер жолына келуіме де алдыңғы буын әке-ағаларымыздың еңбегі орасан болды. Берекет Омаров, Сәбит Омаров, Шынберген Сүлейменов, Темірхан Ерғалиев, бергісі Ескіұра ауылының мақтанышы, жыршы-термеші Бердібай Өмірзақов, одан қалды Дархан Оразымбетов, Мырзабай Оразымбетов, Қуаныш Әбілдаев, қазіргі Райым ауылдық мәдениет үйінің басшысы Артықбай Садықбаев ағаларымыздың тәрбиесін көріп өстік. Шаңырағымыздан да қара домбыра үзілген жоқ. Әкем де жыр-термеге құштар азамат болды.
2000 жылдары телеарналардан "Жүрсіннің жүйректері", одан кейін Қазақстан ұлттық арнасынан аламан айтыстар берілді. Ол жерде де талай жүйріктер топқа түсті. Жерлестеріміз Шынберген Сүлейменов, Айдос Рахметов, Мамыр Байдәулетовтер қатысты. Солардың жырын жаттап өстік.
Ақындық жалпы қаннан да беріледі. Қызылжар ауылында түп нағашым Қарасай Дінахметов, оның балалары Еркін мен Серік Дінахметовтердің мықтылығын ел біледі.
Анам жақта да жыршылар аз емес. Нағашым Нағымет, оның әкесі Сейтмағамбет, Сейтмағамбеттің інісі Ізмағамбет те өз уақытында көпті аузына қаратқан сұлу сөздің сүлейлері атанған. Ал анамның туған нағашысы Құдайберген Есекеев те ұзақ жыл нотариус болып жұмыс істеді. Қазалыға сыйлы жазушы.
Міне, ақындық әкенің қанымен, ананың сүтімен даритынын осыдан-ақ аңғаруға болады.
– Өзің ұстаз екеніңді айтып өттің. Ал осы өлең өлкесінде ұстаз санайтын, өлеңдерінен шабыт алатын тұлға бар ма?
– Жоғарыда да айтып кеткенімдей өлеңдегі, өнердегі ұстазым Шынберген аға дер едім. Бала күнімнен той-томалақта, беташар рәсімінде кез келген адамға табан астында ұйқас тауып, әзіл құрап айтуы, Дархан Оразымбетов ағамыздың шаппа-шапқа ширақтығы, ұтымды жауап айта алған сәттері әлі күнге дейін құлағымда. Кейіннен теледидар келгесін Мұхтар Ниязов пен Ержеңіс Әбді ағаларымыздың қазақ шықты сақтай отырып орынды сөз қолдануы үлкен сабақ болды. Қазірге дейін солардың ақыл-кеңесін тыңдап келемін.
– Жалпы ақын деген ұғымды қалай түсінесің? Ақынның ақыннан артықшылығы немен өлшену керек? Жалпы ауылда тұрып-ақ Алашты мойындатқан өнер иелерінің бұл бақытқа жетуіне не себеп болды деп ойлайсың?
– Ақын – халықтың адамы. Бұл тек халықтың қошеметіне бөлену емес. Солардың сөзін сөйлеуді де жүктейді. Жалпы ақыннан ақынның артықшылығы да сол аманатқа адалдығында дер едім. Сондай-ақ тынымсыз еңбек шыңға жетелейді. Елдің көз алдында жүрген адам қашанда абыройлы болады.
Тағы бір айтарым, өнерде шекара жоқ. Рас, қала өнер адамдары үшін ашулы тұрған алтын қақпа іспетті. Бірақ бізге белгілі көп жағдай бар. Қазақ қыздары арасында ақындығы аңызға айналған Фариза Оңғарсынованың Арал мәдениеті мен руханиятының бет-бейнесіне баланған Мұрат Сыдықов ағамызға арнайы барып сәлем беруі осының дәлелі. Аралдан табан аудармай-ақ күллі қазаққа танылғанын осыдан-ақ көреміз.
Бұл – қиын кезеңдерде орын алған жағдай. Ал қазір әлеуметтік желі дамыған. Демек шын жүйрікке тұсау жоқ.
– Қара өлеңнен бөлек қара домбыра ұстап айтыс аламанынан да бой көрсетіп үлгердің? Суырып салмалықтың артықшылығы қандай?
– Жалпы маған қара домбыраны қолға алу оңайлықпен келмеді. Домбыра тартуды 21 жасымда бір күнде үйреніп шықтым. Бірақ жыр-термеге түсу оңай болмады. Сол уақытта Райым ауылдық клубының басшысы Артықбай Садықбаев ағаларымның көмегі көп болды. Әкемнен де үйрендім. Одан кейін Қызылжардағы Сайлау, Қызылжар ауылдық мәдениет үйінің басшысы Мұхтар дейтін ағалар болды. Бір жиын-тойда Мұхтар ағам мына тұсын былай етіп тарт деп, бүгінгі дәрежеге жеттік. Дала дауылпаздарынан үйрендім. Осылайша айтыс сахнасына шыға бастадым.
Суырып-салма ақындық өнер сөздің майданы. "Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді" дегендей айтыскерлердің тапқырлығы, жылдам жауап таба білуі ерекшеленіп тұрады. Жалпы айтыскерлер оқтаулы мылтық, қайраулы қылыш деп айтар едім.
– Халық арасында әуелеген әндеріңді де естіп қаламыз. Бүгінге дейін қанша ән, қанша әнге мәтін жаздың?
– "Жігітке жеті өнер де аз" деп қазақ бекер айтпаған ғой. Шабыт қысқанда ән де жазатыным бар. Бүгінгі таңда оншақты әнім бар. Енді соларды халыққа шығарып, орындаушылары табылса деген тілегім бар.
– Қос саланы қатар ұстау оңай емес. Оның үстіне ұстаздықтың қазіргі талабы қиын. Десе де баланы біліммен де, өнермен де тәрбиелеуге болатынын танытып, ізіңнен ақындыққа қызығушылығы бар шәкірттер ерте алдың ба?
– Әрине, оңай емес. Уақыт талабына сай әр мамандықтың міндеті, жауапкершілігі бар. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің "тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы" дегеніндей бірінші кезекте тәрбиені алға қоямыз. Терең тәрбиені бойына сіңірген бала түбінде тұлға болады.
Ал ақындықты біліммен, үйретумен оятамын деу мүмкін емес. Адамның бойында талант болмаса, талантты етемін деу далбаса. Бірақ қай кезде де талапты жастарды қолдап, өнерге, өлеңге тартып жүрмін. Өзімнің қызым Мәулім Баймағамбет солардың бірі. Биыл 9 сынып оқиды. Өлең жазып, аудандық байқауларда жүлделі орын алып жүр. Алдағы қыркүйек айында колледжге оқуға тапсырып, өз өнерін ары қарай дамытуды көздейді. Біз де әкелік батамыз бен аналық тілегімізді білдіріп, үмітімізді үкілеудеміз.
– Бүгінде Алматты тойдан жиі жолықтырамыз. Әрине, қуанышты бөліскен жақсы. Алайда той жасаймыз деп артық кетіп жатқан жоқпыз ба? Осы жайында той басқарушы ретінде не дейсіз?
– "Той – қазақтың қазынасы" деп жатамыз ғой. Десекте қазақта мынадай бір керемет сөз бар. "Көрпеңе қарай көсіл" деген осы сөзді естен шығармасақ дегім келеді. Расында құлын таймен жарысқандай кедейдің баймен жарысқанына жиі куә болып жүрміз. Қазақты құртып келе жатқан "жұрт не деп айтады?" деген түсінік. Біз осы қалыптасып қалған стереотипті қойсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Осы ретте асабалардың да ойға түйетін нәрсесі бар. Мұхтар Ниязов ағамыздың айтыста айтқан бір сөзі бар.
"Әр нәрсе мөлшерінде болу керек,
Сағасынан тынбай ма ағар бұлақ.
Дарияның тартылғаны жақсы емес қой,
Тасығаны одан да жаман бірақ" – деген еді. Міне, сол сияқты сөзден абай болу керек. Тойды жарыс қылмау керек. Екі жастың тойы болса олардың болашағына тірек болатындай, келешегіне азық болатындай, асыл дінімізде айтылған ғибратты дүниелерді жиі айтуымыз керек. Біреудің көңіліне тиіп кететін сөздерден сақ болған абзал.
Болашаққа қандай жоспарларың бар? Жақсы жаңалығыңды халыққа жеткізіп, сүйіншісін сұрайтын кез де келіп қалған жоқ па?
– Сырдың сүлейі, дүр шайыр Алмас Алматов ағамыздың "Өнер халықтыкы. Бірақ оны таратпасаң, тек өзіңдікі болып қана қалады" деген әдемі бір сөзі бар. Міне, сол себепті азды-көпті еңбегіміз бар. Шынберген ағамыз жол-көлік оқиғасына түскенде, Дархан ағамыз өмірден өткенде жүрек толғанысымызды жеткізген, Бекұзақ Тәңірбергеновтің 60 жасына, Айбек Тәңірбергеновтің 50 жасына, басқа да өнер иелеріне, елге таныс ағаларға жазған арнауларым бар. Мұнан бөлек өзіңіз айтып кеткендей әндерім, басқа да шығармашылық саласындағы еңбектерімді жинақтап жүрмін. Көпшілік таниды дегенмен әлі де болса халықтың алдында жүрмеген соң танымайтын заматтар бар. Сол жинақталған дүниелерді елге шығарып, Аралдан екенімізді көрсету мақсатында, елдегі өнер иелерін жұртпен жақын етуге бағытталған бір кеш жоспарлап отырмыз. Әрине, мұның бәрі уақыт еншісіндегі дүние. Бірақ сол кешті өткізу үшін барымызды салатын боламыз.
– Уақыт бөліп, аз-кем сырлы сұхбат өткізгеніңізге көп рақмет! Алдағы уақытта шығармашылық табыс пен өлшеусіз еңбек жемісін көруді тілейміз!
Әңгімелескен Оңталап ЖОЛДАСОВ
14 наурыз 2026 ж. 25 0