Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Данияр МАХАНОВ: жылына 25000-нан аса шақырту түседі

Данияр МАХАНОВ: жылына 25000-нан аса шақырту түседі

Адам өмірін құтқаруда әр секунд маңызды. Өйткені қас-қағым сәтте орын алатын оқыс оқиғалар талайлардың тағдырын қуанышқа ұластырса, ал кейбірінің өмірін өкінішке ұрындырып жатады. Бұл ретте секундтармен санасып, уақытпен жарыса жүріп көмек көрсететін жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Олардың бір күні қалыпты жұмыс күні деуге келмейді. Үнемі оқыс жағдайлар мен күтпеген шешімдерге толы. Сәйкесінше әр күні – арпалыс. Қызметінің жұмыс ауысымы уақытқа бағынбайды. Алайда мақсат бір. Ол – науқасқа жылдам әрі сапалы медициналық көмек көрсету. Осы ретте аудандағы ахуалдың анық-қанығын білу үшін Арал қалалық жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Данияр Махановпен тілдесіп қайтқан болатынбыз.
– Данияр Маханов, жедел жәрдем жайлы айта қалсақ, әуелі есімізге шақырту түсетіні сөзсіз. Біздің де алғашқы сауалымыз осы болсын. Тәулігіне қанша шақырту түседі?
– Сұрақ өте орынды. Жалпы жұмыс қауырт. Медициналық қызмет ортақ "Көмек" автоматты басқару бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Ауысыммен күндіз-түні қызмет көрсететін медициналық заманауи құрылғылармен толық жабдықталған 3 "JAC", 2 "Соболь" автокөлігі кідіріссіз жұмыс істеп тұр.
Бүгінде бізде 64 қызметкер жұмыс істейді. 4 бригада, 1 қауырт шақтық бригаданың тынымсыз тіршілігінің нәтижесінде былтыр 25 мыңнан аса шақыруға алғашқы көмек көрсетілді.
– Еңбегі елге белгілі, талай басы ауырып, балтыры сыздаған жанның жанына шипа, дертіне дауа тауып келе жатқан ұжым 80-жылдардың басында құрылғанынан хабардармыз. Тарихын да қозғай кеткен жөн шығар. Осы уақытқа дейін қандай мекемелерде орналасты?
– Өте орынды айтасыз. Жедел жәрдемнің іргетасы 1981 жылы қаланған. 1995 жылғы дейін қазіргі "Жансая" тіс емханасы мен "ДРЭУ" мекемелерінің орнында, 1995-1998 жылдар аралығында ескі аудандық аурухананың қабылдау бөлімшесінің үстіне кіргізіледі. 2008 жылы қазіргі орны "Абай" емханасының жанына көшіп келіп, қазіргі уақытқа дейін сол жерде халыққа қызмет көрсетіп келеді.
2016 жылы облыстық жедел-жәрдем мекемесіне қосылып, №5 Арал аудандық жедел-жәрдем бөлімшесі атанды. Сол жылдан бастап бөлімше жұмысы облыстық деңгейде бір медициналық ұйымға біріктіріліп, 2022 жылы тозығы жеткен ғимаратқа мекеме басшыларының және қызметкерлердің өтініші бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Біз қай мекемеде қызмет жасасақ та, мақсат бір. Ол – медициналық қызмет. Барынша жедел әрі сапалы жұмыс істеуді алдымызға талап етіп қойып келеміз.
– Рас айтасыз. Қиындыққа түскен адам бірінші кезекте Сіздерге хабарласатынын анық. Ажалға арашашы болып келе жатқан жедел-жәрдем қызметін осы жылдар ішінде кімдер басқарды?
– Қай мекеме болса да жетістікке жету үшін ұжымның біліктілігі мен бірлігі бірінші орында тұрады. Ал оларды біріктіріп, жұмысты үйлестіріп отыратын – басшы. Осы уақыттар аралығында біздің ұжымды да білікті, білімді, іскер азаматтар басқарды. Алғаш басшы Қыдырбай Есқараев. Ол 1981-1995 жылдары 15 жылға жуық басқарған. Одан кейін 1995-2000 жылдары Самат Ілиясов , 2000-2002 жылдары Махамбет Көлбаев, 2002-2016 Мұратбай Қожабаев, 2016-2023 жылдары Зәмзагүл Ұйқасова жедел-жәрдемнің жұмысын өрге сүйреді. Ал 2023 жылдан бастап мен басшылық етіп келемін.
– Жоғарыда жетістікке ұжым болып қана жетуге болады деп айтып өттіңіз. Жарты ғасрыға жуық тарихты қаттап келе жатқан ұжымның жеткен жетістіктеріне тоқталып өте аласыз ба?
– Аралдық ақ халаттылардың абыройы әркез асқақ. Биік белестен төмендеген емес. Осының барлығы жеткен жетістігіне тікелей қатысты десек қателеспейміз.
Нақтырақ тоқталсақ 2017 жылы 13 қазанда облыстық медициналық жедел-жәрдем шақыру топтарының кәсіби біліктілігі жарысына қатысып, марапатқа ие болды. 2016 жылы облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасының "The best ambulance group" форматында өткізілген ІІ облыстық жарысы шұғыл медициналық көмек көрсетудегі "Үздік жедел жәрдем тобы" байқауына белсенді қатысып, марапатталды.
2019 жылы "Менің мамандығым – жедел жәрдем фельдшері" атты аудан аралық шұғыл жағдайдарда медициналық көмек көрсету мақсатында өткізілген сайыста ІІІ орынды иеленді. 12 мамыр – халықаралық мейірбикелер күні мәсіби мерекесі қарсаңында Қызылорда облыстық медициналық жедел-жәрдем стансасы бойынша "Үздік бөлімше" атты сайысына қатысып, жүлделі ІІІ орын иеленді
– Жедел-жәрдем қызметкерлері жайлы айтылса тағы бір ойға келетін мәселе – олардың қауіпсіздігі. Уақыттың өзі соған алып келіп отыр. Еліміздің әр аймағында жаға ұстататын дүниелер орын алып жатқанын көріп жүрміз. Айданда көлемінде осындай жағдайлар болды ма?
– Орынды сауал. Қызметкерлеріміздің жеке басына, денсаулығына қауіп төнетін жағдайлар орын алып жүр. Оны жасырмаймыз. Өзгенің жанын арашалауға барып, өз жанына араша іздеген қызметкерлер бар.
2018 жылы 5 қаңтар күні кезекшілік уақытында жедел шақырыс тобына бағдаршамның қызыл түсіне қарамай қатты жылдамдықпен өткен жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан түрлі дене жарақатын алып бір қызметкеріміз бір жыл көлемінде еңбекке жарамсыз болды.
Мұнан бөлек 2023 жылы кезекті шақырыс барысында фельдшер мен науқас арасында келіспеушілік болып, жанжал туындаған. Қызметкерімізге түсіндірмелеріне қарамастан шабуыл жасаған. Соның нәтижесінде ол ауыр бас жарақатын алып, 3 ай еңбекке жарамсыз болды.
Мұндай келіспеушіліктер, науқастар тарапынан агрессия көрсету жиі орын алып тұрады.
– Осындай жағдайлар орын алмас үшін жедел-жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін сақтау бағытында қандай жұмыстар істеліп жатыр.
– Өздеріңіз естіп, біліп отырсыздар. Ірі қалаларда мұндай шаралар кең көлемде қолға алынып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар бізде де кенже қалып жатқан жоқ. Атап айтар болсақ, қауіп деңгейі жоғары шақыртуларға полиция қызметкерлерімен бірлесіп шығу және қызметкерлерге арналған қауіпсіздік техникасы нұсқаулықтары тұрақты түрде түсінділіп, семинар сабақтар өткізіліп жүр. Сондай-ақ навигациялық жүйелер, қызметтік бейдждер, видео-жетондар бар.
– Медицина қызметкерлері қашанда қауырт жұмыстың басында жүретіні белгілі. Төтенше жағдайлар, түрлі оқиға орындарында медицина қызметкерлерінің көзсіз ерліктері орын алып жатады. Осындай жағдайлар жайында айта кетсеңіз.
– Мұндай ерлікке пара-пар еңбектер өте көп кездесіп жатады. Олардың бірі есте қалса, бірі ұмытылып кетеді. Бұл ерлік олар үшін қызметтік міндеті іспетті.
Әрбір азаматтың денсаулығы біз үшін бірінші кезекте тұрады. Әсіресе ана мен баланың қауіпсіздігі, олардың амандығы тіпті ерекше. Осындай жағдайлардың бірі 2018 жылы орын алды. Маңғышлақ – Алматы пойызында Өзбекстан азаматшасы толғақ қысып, біз жанынан табылдық. Барынша Арал қаласына дейін шыдауға күш салдық. Бірақ науқастың жағдайы ауыр болып, толғақ күшейді. Тез шешім қабылдап, жолсеріктер купесінде босандырып алуға тура келді. Осылайша Көнту станциясының тұсында бала өмірге келді. Аралға алып келіп, жедел жәрдем көлігімен перзентханаға жеткізіп, ана мен баланы аман алып қалдық.
Тағы бір шұғыл шешім қабылдаған жағдайдың бірі Сексеуіл кентінде орын алды. 7 адамға иіс тиген деп шақыру түсті. Жедел жәрдем тобы шақыру орнына жеткенде тек 1 адам ғана болды. Сөйтсек бүтіндей бір отбасыдан иіс тию белгісі байқалған. Балаларды, басқа да отбасы мүшелерін келесі көшедегі туысының үйіне жеткізіп, медицина қызметкерлерін бір адам күтіп отырыпты. Науқастардың жағдайын көзбен көріп, барлық адамға оқиға орнында көмек көрсетуге тура келді. Өздері ауруханаға барудан бас тартып, сол жерде ем-дом шараларын жасадық. Жалпы мұндай жағдай екі күннің бірінде орын алып жатады.
– Әңгімеңізден байқап, біліп отырғанымыздай халық үшін қалтқысыз еңбек ететін жедел жәрдем қызметкерлерінің алдағы жұмыстарына да табыс тілейміз. Өзіңіз басшылық етіп отырған ұжым республика көлемінде мақтауға ие болған мамандардың қатарынан көріне берсін.
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ
03 наурыз 2026 ж. 87 0