Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Денсаулық сақтау саласындағы ең негізгі қызметтің бірі – жедел жәрдем қызметі. Әрбір қоңырауды жауапсыз қалдырмай, барлық науқасқа алғашқы көмек көрсету – олардың басты қызметі. Әрине, жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті талап ететін бұл сала физикалық жағынан да, психология тұрғысынан да ауыр. Сол үшін де тәулік бойы тынымсыз кезекшілікке шығып, адам жанын өлімнен арашалау жолында қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. Осы орайда, мереке қарсаңында Арал аудандық жедел медициналық көмек көрсету бөлімшесінің жұмыс барысымен танысқан болатынбыз.

1981 жылы іргетасы қаланып, аудандық жедел медициналық көмек көрсету стансасы болып ашылған мекемені алғашқы жылдары Есқараев Қыдырбай басшылыққа алады. 1995 жылға дейін қазіргі «Жансая» тіс емханасы мен «ДРЭУ» мекемелерінің орнында болып, 1995-1998 жылдар аралығында ескі аудандық аурухананың қабылдау бөлімшесінің үстіне кіргізіледі. Ильясов Самат, Құлбаев Маханбет, Қожабаев Мұрат сынды өз ісінің мамандары басқарған мекеме 2008 жылы ғана қазіргі орны, яғни «Абай» емханасының жанына көшіріліп әкелінді.
2016 жылы облыстық жедел жәрдем мекемесіне қосылып, №5 Арал аудандық жедел жәрдем бөлімшесі атанып, 2024 жылдың басына дейін Ұйқасова Замзагүл басқарып келді. Сол жылдан бастап бөлімше жұмысы облыстық деңгейде бір медициналық ұйымға біріктірілді. 2022 жылы тозығы жеткен ғимаратқа мекеме басшысының және қызметкерлердің өтініші бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде Данияр Маханұлы басқаратын мекемеде Арал ауданы бойынша 68 жан, Сексеуіл кентіндегі жедел жәрдем пунктінде 34 адам қызмет етеді.
– Жедел жәрдем қызметі – бұл науқас адаммен ең бі¬рінші болып бетпе-бет кездесу, шұғыл көмек көрсету. Науқас адам жедел жәрдемге қоңырау шалғаннан бастап, оның жағдайын біліп, алғашқы диагноз қоятын да біздер. Сол диагнозбен ауруханаға жеткенге дейін көмек көрсету–міндетіміз. Нау-қас¬тың шағымын ескеріп, оның амандығына жауап беру оңай шаруа емес. Сондықтан біздің жұмысымыздың аса маңызды екені жасырын емес.
Бүгінде заман дамып қызметкерлер жұмысын аса жеңілдетті десек те болады. Облысқа күнделікті есеп автоматты түрде барып тұрады.
– Медициналық қызмет ортақ «Көмек» автоматты басқару бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Қазір «103» мобильді шақыру қызметі жаңаша жұмыс жасауға көшті. Бұл өз кезегінде келіп түскен шақыртулардың жылдамдығын арттырып, пациенттерді тасымалдау бағдарын оңтайландыруға мүмкіндік берді. Мысалы, күндіз-түні ауысыммен жұмыс жасайтын 4 медициналық заманауи құрылғылармен толық жабдықталған 3 «JAK», 1 «Соболь» санатты автокөліктерді атап айтуға болады. Оларға пациенттің мекен-жайын шұғыл анықтау үшін арнайы «GPS» навигаторы негізімен ауданның толық картасы орналастырылған. Бұл автоматтандырылған жүйенің көмегі мол. Атап айтар болсақ, жедел көмек көліктері бекетке қайта келіп әуре болмайды. Бағыттаушы диспетчер көліктің қай жерде жүргенін компьютер арқылы анықтап, сол бағыт бойынша келесі шақыртуға жібереді. Ол біріншіден уақытты, екіншіден, шығында да үнемдейді, – деп Данияр Маханұлы мекемедегі жаңа технологиялардың тиімді тұстарымен таныстырып өтті.
Осы бар мүмкіндіктің арқасында өткен жылдары жедел жәрдем қызметкерлері 20 мыңнан аса шақыртуға уақытылы барып, алғашқы қызмет көрсеткен. Оның ішінде Жақсықылыш кентіндегі шақыртулар, теміржол бойындағы бекеттер, Ырғыз ауданымен шектесетін "Батыс-Қытай" автожолының бойында түрлі жағдайлар кіреді. Кейде сондай қиын автожол оқиғаларына бір, кейде екі бірдей бригада кетіп қалатын кездер де болады. Ондайда қала ішіндегі бригада тапшылық етіп, діттеген жерге кешігіп баратын жағдайлар кездесіп жатады.
Осы тұста ескере кетерлік бір нәрсе, халық бұл қызметті тек шұғыл көмек керек болған кезде ғана шақыру қажеттігін ұға бермейді. «Жедел жәрдем» деген тіркестегі «жедел» деген сөзге назар аудармайтындар баршылық. Тұрғындар фельдшерлерді шұғыл жағдайда ғана шақыруы тиіс. Науқастың жай ғана басы ауырып, қан қысымы мен дене қызуы көтерілсе, емханаға немесе өзінің учаскелік дәрігеріне қаралғаны жөн. Фельдшер оған барған күннің өзінде тек қан қысымын түсіріп бере алады. Әрі қарай ем жасауға оның мүмкіндігі жоқ. Өйткені қобдишасындағы дәрілер мен құралдар тек шұғыл шақыртуларға арналғанын ұмытпайық.
Иә, өзгенің өзі таңдаған жұмысына сын айту керек те емес. Себебі қиындығы мол, алғысы аз жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысы қашанда мақтауға тұрарлық.
Г.САҚТАПОВА
---
11 мамыр 2024 ж. 133 0