Бронх демікпесі: анықтау және емдеу мүмкіндіктері
5 мамыр - Дүниежүзілік бронх демікпесімен күресу күні. Бұл ауру не себептен пайда болады, оны қалай дер кезінде анықтауға болады және елімізде қандай емдеу мүмкіндіктері бар - осы тақырыпта Қызылорда қаласындағы №3 емхананың дәрігер-пульмонологы Нұргүл Ілиясовамен сұхбаттастық.- Бронх демікпесі не себептен пайда болады?
-Бұл тыныс алу жолдарының созылмалы қабыну ауруы. Ол тұншығу ұстамаларымен, жөтелмен, ысқырықты тыныспен және кеуде тұсының қысылуымен көрінеді. Негізгі себеп — бронхтардың түрлі тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдығы: аллергендер, инфекциялар, суық ауа, физикалық жүктеме. Сонымен қатар тұқым қуалаушылық, экологиялық факторлар мен өмір салты да маңызды рөл атқарады.
- Аймақта және әлемде бронх демікпесімен қанша адам өмір сүреді?
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 260 миллионнан астам адам бронх демікпесімен өмір сүреді. Қазақстанда да жүздеген мың науқас бар және олардың саны біртіндеп артып келеді. Қызылорда облысында да сырқаттанушылық деңгейі тұрақты. Соңғы 10 жылда бронх демікпесімен сырқаттану 4 есеге өсті. Бүгінде астма балалар мен жастар арасында жиі анықталуда. Бұл экологияның нашарлауымен, аллергиялық аурулардың көбеюімен және өмір салтының өзгеруімен байланысты.
- Бронх демікпесіның алғашқы қандай белгілерін адамдар жиі елемейді?
- Көбіне бұл: түнде немесе таңертең күшейетін құрғақ жөтел, физикалық жүктеме кезінде ентігу, тыныс алғанда ысқырық немесе сырыл, кеуде тұсының ауырлығы. Көпшілік бұл белгілерді суық тиюмен немесе шаршаумен байланыстырып, дәрігерге кеш жүгінеді.
- ТМККК және МӘМС аясында қандай тексерулер мен емдеу әдістері қолжетімді?
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында пациенттер: жалпы тәжірибелік дәрігер мен пульмонологтың кеңесін; спирометрияны (өкпе қызметін бағалау); рентгенографияны; зертханалық және аллергологиялық тексерулерді өте алады.
Сонымен қатар МӘМС аясында күндізгі стационарда ем алу қарастырылған. Ауыр түрімен ауыратын науқастар әр 3 ай сайын ем қабылдайды. Дәрігер бақылауында болып, дұрыс ем қабылдаса, астманы тиімді бақылауға болады.
- Балаларда бронх демікпесін «жиі ЖРВИ» деп қателесіп өткізіп алу мүмкін бе?
- Өкінішке орай, мүмкін. Балаларда бронх демікпесі жиі суық тию сияқты көрінуі мүмкін. Егер бала жиі жөтелсе, әсіресе түнде, тез шаршаса, ентігу пайда болса — міндетті түрде дәрігерге қаралып, тексеруден өту керек. Ерте диагностика асқынудың алдын алады.
- Көктем мен гүлдену кезеңі бронх демікпесіне қалай әсер етеді?
- Көктем - бронх демікпесі бар науқастар үшін ең қиын кезеңдердің бірі, әсіресе аллергиялық түрінде. Өсімдіктердің гүлдеуі, тозаң, сондай-ақ өңірдегі шаң мен жел аурудың асқынуына себеп болуы мүмкін. Уақыт өте келе аллергиялық ринит бронхиалдық астмаға ұласуы ықтимал. Сондықтан дәрігердің ұсынымдарын қатаң сақтау, ем қабылдау және аллергендермен байланысты шектеу маңызды.
- Темекі, вейп, кальян - қауіп қаншалықты жоғары?
- Темекі шегудің барлық түрлері, соның ішінде вейп пен кальян, бронх демікпесіның даму қаупін арттырады және аурудың ағымын ауырлатады. Олар тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, қабынуды күшейтеді және емнің тиімділігін төмендетеді. Пассивті темекі шегу де өте қауіпті.
- Бронх демікпесі кезінде вакцинация: тұмау, пневмококк — қажет пе, әлде қауіпті ме?
- Вакцинация қауіпсіз әрі ұсынылады. Тұмау мен пневмококк инфекциясына қарсы екпелер аурудың асқынуы мен ауыр салдарының алдын алуға көмектеседі. Әрине, вакцинация мәселесі дәрігермен жеке түрде шешіледі.
- Жаңа ғана «бронх демікпесі» диагнозы қойылған адамға үш негізгі кеңес?
- Біріншісі - үрейленбеу. Дұрыс тәсіл болса, бронх демікпесі жақсы бақыланады.
Екіншісі - симптомдар басылғанның өзінде тағайындалған емді үзбеу.
Үшіншісі - ауруды басқаруды үйрену: триггерлерді білу, ингаляторды дұрыс пайдалану және дәрігерге тұрақты қаралу.
Бронх демікпесі - үкім емес. Заманауи медицина бұл ауруды бақылауда ұстап, белсенді әрі толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді. Ең бастысы - белгілерді елемей, дер кезінде дәрігерге жүгіну.










