Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҰБТ-дан сүрінбей өту: Оқушылары ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған ұстаз кеңес береді

ҰБТ-дан сүрінбей өту: Оқушылары ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған ұстаз кеңес береді

Елімізде биыл 143 089 түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басты. Олардың 77 мыңы алда күтіп тұрған үлкен сын Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға арыз берді. 7500 түлек "Алтын белгіге" үміткер. Stan.kz тілшісі сынақтан мүдірмей өтіп, шамадан тыс уайымға салынбас үшін не істеу керек деген сауалдарға жауап іздеп, Ұлттық тестілеу орталығының сарапшысы, Алматыдағы №140 гимназияның мұғалімі Дәурен Сағынғалиевпен сұхбаттасты.
Айта кетсек, дәл осы Дәурен Сағынғалиев 2017 жылы ҰБТ-дан еліміз бойынша ең жоғары балл жинаған Саят Тасанның ұстазы. Сонымен қатар "Білім беру саласының үздігі". ҰБТ-да шәкірттері соңғы бес жылда республикада ең жоғары нәтиже көрсетуде. 
"Жұрттың баласы тестіден жоғары  балл жинап, грантқа түсіпті"
Ата-ана, сіздің балаңыз өз арманына адал күйінде жетсе, басты жетістігіңіз сол болмақ. Өмірде өз нанын адал тауып, адамға тән асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өскен бала ғана қай нәрсенің болмасын қадірін толық түсінеді.
Ата-ана өз баласының әр жетістігін асыра айтуға дағдыланып қалған. Бұл біздің қазіргі ең негізгі кемшілігіміз. Түптің-түбінде балаңыз сіз ойлаған биіктікті бағындырмаса, оған сіздің де ықпалыңыз болды демекпін. Өмірде өзіңіз жүрген жолмен жүруді үгіттеп, не болмаса өзіңіз игере алмаған саланы балаңыздың игеруін талап етсеңіз, ол тестіде төңкеріс жасап, елдің алды болмасы анық.
Бүгінгінің тағы бір мәселесі — ата-ананың балаға бар жақсылықты тілеуінде емес, "өзі түсінетін жақсылықты" тілеуінде. Баланың пікірімен санасып, тілегін тыңдаудан гөрі, бұйрықпен өз қалағаныңызды орындату болашақта тек зардабын тигізеді. Көп ата-ананың білімге көзқарасы салыстырмалы түрде қалыптасқан. Бұл да кері әсер ететін фактор.
"Жұрттың баласы тестіден жоғары жинап, грантқа түсіпті", "Осы біздің бала тестіден не нәтиже көрсетеді дейсің", "Еш қысылма балам, ақылы болса да оқытамын", "Үйтіп-бүйтіп бірдеңе етіп тапсырармыз" деген түсінікті балаңыздың көзінше айтпағаныңыз абзал. Біріншіден, өз жолымен келе жатқан бала бағытынан жаңылады, екіншіден, ҰБТ бала жадында жағымсыз тәжірибе ретінде сақталады.
Кеңестік заманда туылған кез-келген ата-ананың қазіргі білімге көзқарасы өткенді бүгінгіден артық көруден байқалады. Сол замандағы емтиханды аңсап жүрген ата-ана көп. Түсінікті жағдай. Десе де, ол емтиханның қайтып келмесі анық. Себебі, қазіргі дамыған ақпараттық кеңістікте әр нәрсенің себебін, салдарын, мәнін талап етіп отырған жоқ.
Өнерге немесе спортқа талабы бар баланы күштеп ғалым қылдыра алмайсыз. Тиісінше тест моделі  —  қажетті әрі нақты мәліметті білуді міндеттейді. ҰБТ туралы жағымсыз пікір айтқаннан гөрі, балаңыздың дайындығына көңіл бөліп, білікті ұстаздардан кеңес алуына, білгенін тесті барысында жаңылмай белгілеуіне баса назар аударыңыз.
Елімізде баланың білім деңгейін анықтайтын ҰБТ-дан өзге жаңалық жоқ. Сондықтан, бірінші жол, білімге құштарлығы бар балаңызға қолдау көрсету. Екінші жол, оқудан гөрі белгілі бір өнерге немесе спортқа талабы бар баланы күштеп білім майталманы болуға үгіттемеңіз. Қай жолды таңдасаңыз да, ҰБТ-ны сәтті тапсырған адамның ғана болашағы жарқын болады деген ұраннан бас тарту керек.
ҰБТ-ға екі-үш ай қалғанда дайындалу туралы
ҰБТ мұрынның ұшына тақалғанда дайындығымнан нәтиже шығады деу ақылға қонбайтын іс. ҰБТ-ға толыққанды дайындалу үшін бір жылдың өзі аздық етеді. Оқушының бабы мықты болған жағдайда ғана көрсеткіш ойдағыдай болады. Қазіргі тест жағдайында бағыңа сеніп кірсең, 140 баллдың жартысын да еңсере алмайсың. Жаңа форматтағы тестінің бейіндік пәндеріндегі сұрақтардың бір немесе бірнеше жауабы бар. Бұл сұрақтардың құрылымына қарайтын болсақ, 130 балдан жоғары алудың өзі үлкен жетістік.
Дайындығы тым жақсы талапкердің өзі тест кезінде кей сұрақтарға күмандануы әбден мүмкін. Сондықтан 140 балл алудан 140 мың бала ниетті болса, соның біреуі ғана бұл межені бағындыруы мүмкін. 140 баллға жетудің формуласы  - 98%-ы бап, ал 2%-ы - бақ.
Бап дегеніміздің анықтамасы  - жеңісті жолға жету үшін талмай талаптану, үнемі ізденіс үстінде болу, білімің жетпеген тұсын толықтыру, ақылың жетпесе ақылы мол тұлғаның көмегіне жүгіну. Бақ дегеніміз, мен үшін кездейсоқ жетістік қана.
Тестіге өте жақсы дайындалған оқушы еш уақытта тестіден сүрінбейді. Тапжылмай еңбектенген бала өз жетістігімен дараланбай қоймайды. Ең бастысы, талапкер грант иегері атанып, қалаған мамандыққа түссе, артық армандаудың қажеттілігі жоқ секілді.
ҰБТ-дан кейін төмен балл алғаның үшін ақталудың қажеттілігі жоқ. Сенің нәтижең үшін тек сен ғана жауаптысың.
ҰБТ-ның алдында ырымға аса қатты берілудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Тестілеу жақындағанда әулие кезетін жағымсыз әдет бар. ҰБТ балгерлердің емес, білімпаздардың бәйгесі екенін ұмытып кетеміз-ау. Алла қай кезде де көп еңбектенген пендесіне шынайы жетістікті нәсіп етеді.
ҰБТ алдындағы ырымдар, бақсы-балгерлер мен шоколад туралы
Шоколад жеуге қарсылығым жоқ. Ақыл-ой еңбегімен айналысатын адам үшін шоколад өте пайдалы. Өзім де, шәкірттерім де маңызды емтиханның алдында шоколад жеуді әдетке айналдырғанбыз. Тестіге кіретін шәкірттерімнің рухтанып кіргенін қалаймын. Әдетте, арамыздағы жасы үлкен ұстаздар оларға батасын береді.
ҰБТ барысында қасыңда отырған адамның айтқанына сенбе деймін. Өзі білмей, өзгеге ақыл айту көпшіліктің сүйген ісі. Кез-келген шәкіртке айтарым, ҰБТ-дан қандай нәтиже көрсетсең де өмір өзгеріске түспейді. Өзіңе лайықты балл алғаныңа өкпелеудің қажеттілігі жоқ. Сенен аз еңбек сіңіріп, алдыңа түсіп кететіндер болады. Оған бола налыма! Сенің де өз жұлдызды сәттерің туындайтынына сенемін.
Өмірің ең үлкен философиясы — құласаң да қайта тұрып жүгіруге құқығың бар. Тағдырдың кез-келген сынағынан сабақ ал! Алда әлі талай сын сәттері күтіп тұр. Сол сын сағаттарымен бірге, көптің өз көзімен көруге зар болған ақ таңдар мен тәп-тәтті естеліктер бар.
Қалай десек те, бәрінен де маңыздысы жеке бастың амандығы. Кез-келген жамандықты амандық жеңетінін бір сәтке де естен шығарма.
Алдағы ҰБТ-да сәттілік серігің болсын!
03 маусым 2019 ж. 1 254 0