Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Ондай адамды ешбір елде кешірмейді": "Талдықорған аруы" Шырын Нарчаеваны елден қууды ұсынды

"Ондай адамды ешбір елде кешірмейді": "Талдықорған аруы" Шырын Нарчаеваны елден қууды ұсынды

2017 жылы "Талдықорған аруы" атанған Жадыра Жұмағұлды көптеген қазақстандықтар бойында жан мен тән сұлулығы үйлескен қазақ қыздарының қатарына қосады. Биыл КИМЭП университетін "Халықаралық қатынастар және саясат" мамандығы бойынша тәмамдаған ару модельдік бизнесте ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жетсе де, модель ретіндегі жұмысын тоқтатты,бойжеткенмен сұхбаттасып, сән саласынан неліктен кеткенін, әлемдік байқауға қатыспауының себебін және ашық-шашық киініп, ұлттық киімдерді мазаққа айналдырған қыздар жайлы не ойлайтынын анықтады.

Әлемдік Miss Asia USA байқауына іш-киіммен шығу талабы болғаны үшін қатысудан бас тартқан кейіпкеріміз қазақ қызы деген атқа кір келтірмеуге тырысады. Көптеген қазақстандықтар оған осы үшін де алғыс айтудан шаршамайды екен. Тіпті өлеңдер арнап, байқауға қатытсты қабылдаған шешімін ерлікке, батылдыққа балайды. Үлкен жоспарларын тек жақын адамдарымен бөліскенді жөн көретін арудың өмірінде ең басты құндылық — отбасы. Ол бақытты отбасын құрып, көпбалалы болуды жан-жүрегімен қалайды.
Жадыра, "Талдықорған аруы" байқауының жеңімпазы атанғаннан кейін өміріңіз қалай өзгерді? 
Батыл әрі өзіне сенімді адам бола бастадым. Көп жағдай адамның алдыға мақсат қоя білуіне байланысты екенін ұқтым. Адамды мақсат, тілегі  жеңіске батыл жетелейді. Байқау жаңа бастамаларға кірісуге күш-қуат берді, жан-жақты дамуыма үлесін қосты. Осы үшін алғысым шексіз.
Модельдік бизнестен кетуіңіздің себебі неде? Мүмкін дизайнерлердің талабына көнгіңіз келмеген болар?
Өмірімде басқа да маңызды дүниелер болған соң, модельдік бизнестегі жұмысымды аяқтадым. Модельдік бизнес саласы мен үшін қызық емес. Иә, кейбір дизайнерлердің талабында ашық киімді көрсету ұсынылады, ол жайлы алдын ала ескертіледі. Модельдің дизайнердің ұсынысынан бас тартуға құқығы бар. Өзім көрсетілімде ашық киімдермен шығармайтын дизайнерлерді жаныма жақын тартып, соларды таңдайтынмын. 
БАҚ-қа берген бір сұхбатыңызда еркін ерік елшісі болуды армандайтыныңызды айтыпсыз.
Еркін ерік елші болу деген мақсатыма міндетті түрде жету керекпін. Мен адамдарға көмектескенді ұнатамын. "Талдықорған аруы" байқауы аясында балаларға, қарттарға, жалғызбасты аналарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырдым. Осындай акциялардың бірінде бір кішкентай қызды сүйіп тұрған кезде суретке түсіп қалыппын. Сол суретті жақсы көремін, есімнен шығармаймын. Суреттегі қыз баланы көп ойлаймын. Болашақта дәл сол тәтті балапанды тауып алып, өскенін көріп, көмектескім келеді.
Miss Asia USA байқауында іш-киіммен шығуға қарсылық танытқаныңызда қазақстандықтар сізге алғысын айтты. Байқау талаптарын орындамауға тағы да не түрткі болды?
Біріншіден, маған жақсы ниетпен жазатын барлық қазақстандыққа алғыс айтамын. Көптеген пікірлерді оқимын, бірақ барлығын оқып үлгеру мүмкін емес. Адамдарда мұны түсінеді. Түсінетіні үшін оларға ризамын. Қазір мансапқа бола көптеген қыздар байқау шарттарына келісіп жатады, бірақ ел алдында ашық-шашық жүруге менің тәрбием жібермейді. Сонымен қатар. ашық киім киіп жүруден бас тарту,  салт-дәстүрден бөлек бәрінен биік тұратын қазақ қызының арына байланысты деп ойлаймын. Жартылай жалаңаш шығу — батылдық емес, қазақ қызы үшін мақтануға тұрарлық нәрсе де емес.  
Жалпы, қыз баланың ашық-шашық жүруі немесе киініп жүруі көп жағдайда өзіне, үйінен алған тәрбиесіне байланысты деген пікірдемін. Бірақ ата-ана  өз баласына шешініп, ақша табыңдар демейді ғой. Сондықтан, қазіргі уақытта қазақ қыздарының ашық-шашық жүруіне мына кісі кінәлі, мынандай жағдай түрткі деп дөп басып айту қиын. Менің ойымша, мұндай қыздарымызды талқылай бермей, қайта етек-жеңін жиып, әуретті жерін көрсетпейтін әдепті аруларымызбен мақтану керекпіз. Олар жайлы көп айтып, үлгі етіп теледидардан көп көрсетіп, ұлттық брендімізге айналдырсақ екен. Белі бесіктен шықпаған сіңлілеріміз соларға ұқсауға тырысатын болады деп ойлаймын. 
Ашық киінген аруларды сынайсыз ба?
Басқа адамдар жайлы сөз қозғағанды, оларды сынағанды ұнатпаймын. Бірақ хайп үшін сәукеле киіп, жалаңаш шыққан қызды елден қашырып жіберсе деймін. Мәселе, оның жалаңаш шыққанында емес, қазақ емес бола тұра ұлттық киімімізді азғындағандығында. Ондай адамды ешбір елде кешірмейді және заң алдында жауапқа тартады. Өкінішке орай,  бізде ол жағдай шешусіз қалды.
Байқаудан бас тартқан кезіңізде "талапты орындасаң, атақты боласың" деген ой болды ма?
Менде басынан ондай ой болған емес және болмайды да. Менің отбасым қаржы жағынан ешқашан қысылған емес, ал атақты болу мен үшін басты мақсат емес.
23 маусым 2019 ж. 1 192 0