Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Топырақтың құрамын көріп таңдайын қақты"

"Топырақтың құрамын көріп таңдайын қақты"

         Фуки Яги мен Кайо Мацуй – жапондық жас ғалымдар. Ерлі-зайыпты екеу шетел асып, диссертациялық жұмыспен айналысуда. Күйеуі Фуки – бүгінде Ұлттық этнологиялық музейде доктарантурада білім алса, әйелі Кайо – Киото университетінің қоршаған орта факультетінің докторанты. Жас ғалымдар жақында айдынды Аралға табан тіреді. Бірі қазақтың ұлттық музыкасын зерттеуге келсе, бірі Арал өңіріндегі топырақ құрамына талдау жүргізуді мақсат етіпті. Сонымен жапондықтармен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді. Тілдесуге тілмаштың керегі болмады. Фуки қазақша толық түсінеді екен.         – Алдымен мынадан бастайыншы. Қазақ тілін үйренуге қанша уақытыңыз кетті?
         – Шынымды айтсам, уақытты есептемеппін. Себебі арнайы әдістеме бойынша үйренген жоқпын. Мен Моңғолияда 3 жыл болып, музыка бойынша зерттеу жүргізіп, сонда қазақ өнерімен таныстым. Сол жақтағы қазақтардың ортасында жүріп, тілім жаттықты. Сосын қазақтың ұлттық музыкасымен терең танысып, одан әрі зерттеуімді Қазақстанда жалғастыруым керек деп шештім.
         – Енді Арал өңіріндегі алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз...
         – Маған ең бірінші ұнағаны – қонақжайлығы. Жылылық, мәдениеттілік сезіледі. Сонымен бірге байқағаным, Моңғолия мен осы елдегі қазақтардың арасында үлкен айырмашылық жоқ деуге болады. Мәдениеті, салт-дәстүрі сақталған.
         – Әлбетте, қазақ музыкасы мыңжылдықтардан тамыр тартады. Ұлттық өнерді зерттегенде қандай ерекшелікке көзіңіз жетті?
         – Қазақтарда домбыра деген ежелгі аспап бар. Сол бір музыкалық аспап бүгінге дейін сақталып, қолданылып келеді. Сонымен бірге Жетісу өңірінің өз орындаушылық шеберлігі, Сыр өңірінің өзіндік ерекшелігі сақталған. Бір қызығы, мұнда ұлттық өнер жоғалып бара жатыр деп мәселе көтереді, алайда көнеден жеткен мәдени мұраларыңыз әлі де бірге жасасып келеді.
         –Ұлттық музыкаға алаңдаушылық сіздердің елде де бар ма? Жалпы, Жапонияның тарихи музыкасы сақталған ба?
         – Иә, бізде де тарихи мұраларды дәріптеу керек деген мәселе бар. Қазіргі таңда «J-рор» секілді заманауи музыка көбейді. Яғни эстрадалық әндердің тасасында қалып жатыр. Жапонияда да дәстүрлі музыка сақталған, бірақ тыңдаушы да, орындаушы да аз.
         – Келесі сұрақты Кайоға қойсам. Арал өңірінде зерттеу жүргізуге не түрткі болды? –
         –Негізі, мұнда бұған дейін бірнеше рет келдім. Қаратерең ауылында болып, топыраққа зерттеу жүргіздім. Арал – топырағы тұзды өңір, ал менің зерттеу бағытым дәл осыған сәйкес келеді. Оның үстіне экологиялық аймақ екені де белгілі. Міне, осындай себептер қызықтырды.
         – Өзіңізге қандай жаңалық аштыңыз?
         – Қаратерең ауылында болып, жергілікті халықпен тілдестік. Мұнда жыңғыл деген ағаш бар. Тұрғындар соны отын үшін пайдаланады. Міне, осы бойынша жергіліті тұрғындардың бәрінен сұхбат алып, оның қуаты, қанша жыңғыл жағылады деген секілді сұрақтарды қарастырдым. Одан бөлек сексеуіл деген өсімдік қызығушылығымды оятты. Ол қандай жерге өсетінін анықтадым. Сонымен қатар тұзды топырақ бойынша зерттеуімде қызық мәліметке кезіктім. Білесіз бе, Аралдың топырақ құрамы әртүрлі. Мәселен, мына жердегі құмның құрамында тұз максималды деңгейде болса, дәл содан былайырақ жерде мүлдем тұзсыз топырақ жатады. Шынымен де қызық...
         – Бізде тұзды топырақты талғамайды деп сексеуіл ағашын көптеп егеді. Бұның оң әсері бар ма?
         – Иә, сондай пікір қалыптасқан. Бірақ мен өз зерттеуім бойынша басқа қорытындыға келдім. Сексеуіл тұзсыз жерге өсіп шығады, яғни сондай жерді таңдайды. Себебі сексеуіл өскен жердің топырақ құрамын зерттеп шықтым. Одан бөлек Арал өңіріндегі тұзды жердің бір уысын Жапонияға апарып, жетекшім екеуміз зертханада тексеру жүргізген едік. Сонда жетекшім топырақты көріп, таңдайын қақты. Себебі топырақ тұздылығының құрамын анықтайтын құрылғымыз да анализ жасай алмады. Өйткені құрамы шектен тыс тұзды болды. Ал бұл қоршаған ортаға өз зиянын тигізеді.
         – Енді екеуіңізді алда қандай зерттеулер күтіп тұр?
         – Бұдан кейін Алматыға жолға шығамыз. Кайо Жаркентте топырақ зерттеу жұмыстарын жүргізсе, мен Моңғолияда өз салама қатысты мәліметтер жинақтаймын.
         – Ой бөліскендеріңізге көп рақмет.
         – Жолдарыңыз болсын.
Сұхбат сыртында: Жапондық жас ғалымдармен тілдескенде ерекше сыпайылық сезіліп тұрды. Әр қателескен сәті үшін кешірім сұрап күліп қана қоя салады, сәлем мен қоштасуда иіліп тұратын ілтипаты бар. Реті келгенде жұрт айта беретін жапондық ұлттық тәрбие туралы сұрадым. Шынында да, бірінші сыныптан 12 сыныпқа дейін туған тілінде білім алып, өзге тілдер тек қосымша үйретіледі екен. Ал қалағандарын жоғары оқу орнында үйреніп алады. Мәселен, ерлі-зайыпты жас ғалымдар төрт тілде сайрап тұр. Жалпы, сәл ғана сұхбаттан біраз мәлімет алғандай болдым.
М. ҚҰРМАНӘЛІ
13 тамыз 2019 ж. 1 451 0